Автонесие арманға жеткізе ме?
Автонесие арманға жеткізе ме?
637
оқылды
Биыл ел аузынан түспеген жеңілдетілген автонесие қараша айында қайта жалғасады деп жоспарлануда. Осыған дейін біраз талқыға түсіп, сынға іліккен бағдарлама алдағы уақытта қалай іске асары белгісіз. Көлікті болам дегенге үміт сыйлаған автонесиенің келешегі қалай болмақ? Айды аспанға шығарған цифр Таяуда Өнеркәсіпті дамыту қорының басшысы Ринат Гап­паров автонесие алғандардан түскен пайыздар банк шоттарына құйылып жатқанын, осыған орай автонесие беру жалғаса­ты­нын мәлімдеді. Гаппаровтың де­регі тіптен қызық болғаны сонша, алдағы 30 жылға жоспар құр­ғандай көрінді. «Алдағы 30 жыл­да дәл осы бағдарлама ар­қылы 60 мыңға жуық машина жаңара­ды. Револьверлік жолмен қайта­тын қаражат жылына 7,7 млн теңге тұратын – 1 858, 10 млн тұ­ратын 1 430 машина рәсімдеуге мүмкіндік береді», – деді ол. Жалпы, осы автонесие туралы хабар шыққалы қоғам бағдар­ламаға белсене қатысты деуге болады. Сәуірде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген ав­тонесиенің шарттары анық­тал­ғанын жария еткен болатын. Несие тек отандық, яғни елде құрастырылған көліктерге ғана берілді. Оның ішінде Lada брен­дінің көліктері (құны 3,7-6,6 млн теңге аралығы) мен Chevrolet маркалары (5-9,4 млн) бар. Та­нымал Kia (7-7,3 млн) мен Hyundai (6,7-9,1 млн) маркаларын да сатып алуға мүмкіндік берілді. Бұл тізімге қытайлық JAC (7-8,4 млн) көліктері де қосылғаны есте. Renault (7,4-8,3 млн) мен ре­сейлік УАЗ (7,3-8,4 млн ара­лығы) өнімдері де бар. Дегенмен бұл тізімдегі маркалардың қым­бат, премиум санаттағыларын жұрт несиеге ала алмады. Көп адамның елде құрастырылған деген аты бар төменгі санаттағы көліктерге көңілі көншімегенін білеміз. Сын көп айтылды, әсі­ресе баға мен сапаға. Оның үс­тіне, утилалым мен бюджет ақ­шасына жеке зауыттардың кө­лігін несиеге беруді әділетсіз санайтындар да бас көтерді. Расымен де, биыл басталған же­ңілдетілген автонесие бағдар­ламасы жоспардағыдай іске аспағанға ұқсайды. Өткен айда бағдарламаға бөлінген 100 млрд теңге сарқылды. Ресми дерек бойынша, 1 қыркүйекке дейін 13 307 несие беріліп, 11 мың авто­мобиль өткен. 100 млрд-тың 35 млрд-ын Еуразиялық банк алса, Банк ЦентрКредит – 27,5 млрд, Қа­зақстан Халық Банкі – 22,5 млрд, Forte Bank 15 млрд теңгесін алды. Банктер бұл қаражатты ха­лыққа 4 пайызбен көлік алуға берді. Иә, көлікті болғандар же­терлік, алайда автонесие арқылы темір тұлпар тізгіндегендердің саны 10 мыңнан асқаны жө­ніндегі ақ­паратқа күмән көп. Кемшілік қай жерден? Бір жағынан елдегі дүмпуді басу сияқты көрінген бағдар­ламаның тым асығыс басталғаны аңғарылды. Көлік өндіруші­лер­дің Үкіметке беретін есебіне кү­мәнмен қараушылар көп еке­нін жеткіздік. Осыған дейін ке­зегі жылжымағанына өкпелі жұрт көп еді. Тамызда қоғам бел­сендісі Диас Нұрақын Hyundai маркалы көлікті салоннан жеңілдетілген несие арқылы алуға кезекке тұрғанын, банктің мақұлдауын алса да, 5 айдан бері компания темір тұлпарды әзірлемегенін айтып, біраз жайды әшкере қылды. Яғни, «жылына бірнеше мың көлік шығарамыз» деп жарияға жар салған компаниялардың өтірігі әшкере болғандай. Оның үстіне, «көлік жоқ» дейтін автосалондар мен банктер соңғы кездері 20 пайыздық автонесиелерді ұсы­натынды шығарған. Демек, қайт­кен күнде де бағдарламаның іске асуында былықтың бары анық. Сөйтсек, Hyundai Trans Kazakhstan-ның жағдайы да мәз емес екен. Тамызда елдегі зауыт сұранысқа ие Hyundai Accent пен Hyundai Creta модельдерін шы­ғаруды уақытша тоқтатқаны ха­барланды. Украинамен шиеле­ніскелі бері Ресейден жабдықтар жеткізілмейтін болған. Кәсіп­орын бұған дейін қорда қалған жабдықтарды пайдаланып жұмыс істеген екен. Ал Қазақстан автобизнес қауымдастығы елге басу айтып әлек. Қауымдастық көлік көбін алға тартады. Осын­дай түсініксіз жайлар бар. Жұрт басқа көліктерге көз салайын десе, бағдарлама тек 10 млн тең­геге дейін несие береді. Басқа деп отырғанымыз – нарықта 13-14 млн теңге тұратын Elantra, Sonata (15-18 миллион теңге), Tucson (18-22 миллион теңге) маркалары. Артылған соманы сатып алушы табу керек. Бұдан кейін бағдарламаның тиімділігі жөнінде айту қисынсыз. Айт­пақшы, автоөндірушілер енді жаңа көлік түрі мен бөлшектерді Түркиядан тасымалдауға көшті. Қыркүйекте елімізде екі жаңа модель ұсынылды. Сертификат­таудан өткен Hyundai Bayon мен Hyundai i20 нарыққа келді, Creta мен Accent деңгейіндегі көліктер. Сонымен, компания жаңа көлік түрін әкеліп, тапшылықтың ор­нын толтырды. Алайда бұл әре­кет қаржы сарқылған тұсқа сәй­кес келгені қобалжытты. Әй­теуір, бір бағдарламаның қол­байлауы тыйылмады.
Кемшіліктің тағы бірі – отандық көлік құрастырушы зауыттар біраздан бері бюджет есебінен күн көруге «үйреніп» алды. Тіпті, лоббистері мемле­кеттік органдарға да ықпал етті. Мәселен, шетелде шығарылған автомобильдерді сатып алуға тыйым салынды. Екі жыл бұрын Үкімет 2 жылдық мораторийге қаулы шығарды. Сол 2 жылдық тыйым мемлекеттік қызмет­ші­лерге арналған қызметтік көлікті де шетелден алдырмауға септесті. Бірақ автонесиені қолдайтын автосарапшы Олжас Оқас мұның халық үшін тиімді екенін көптен айтып жүр. Оның ойынша, авто­несиенің пайызы төмен. «Қа­зақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп тас­таса, бізге утилизациялық зауыт та керек емес. Көрші елдер сол көліктерді сәл арзан бағамен алып кетеді. Ал біз қайтадан жа­ңа көлік сатып ала аламыз. Мұн­дай саясатты қазір Біріккен Араб Әмірліктері ұстанып отыр», – дейді ол.
несиеге көлік алу Енді қараңыз, отандық авто­көлік өнеркәсібіне бөлінген қа­ражаттың 80 пайызы жинақ­таушы бөлшектер мен оның ма­териалдарын сатып алуға жұм­салады. Яғни, қаражат шет­елге кетеді. Салдарынан елдің төлем қабілеті нашарлап, теңге бағамы қысымға түседі. Мысалы, 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінсе, оның 160 млрд теңгесі шетелге кетеді. Мамандар сайып келгенде автонесиенің басты мақсаты – ӨКМ операторының ақшасын жұмсау болып тұрғанын айтады. Экономист Ғалым Құ­сайынов айтуынша, арзан несие ақшаның құнын кетіреді.
– Нарық механизмін дамыту керек болған кезде бұрынғы әдіс­терге қайта оралдық. Инфля­ция 10 пайыздан асқанда 4 па­йызбен несие беру – ақшаны те­ріс мөлшерлемемен несиелен­діруді аңғартады. Мемлекеттің басты мақсаты не? Халықты кө­лікпен қамтамасыз ету ме, әлде халықтың жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау ма? Егер осы сұрақтарға жауап берсек, ӨКМ операторының ақшасын келесі нәрселерге жіберген абзал. Олар – ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржы­ландыру және техникасын ло­кализациялау, қоғамдық көлікке инвестиция ұлғайту, – дейді ол.
Қазір автокөлік сарапшылары отандық көліктерді сатып алуға ақша бөлу темір тұлпардың құ­нын тағы 10-30 пайызға көтере­тінін жиі ескертеді. Енді алдағы 30 жыл бойы бұл несие бағдар­ламасы жалғаса берсе, баға жыл сайын құбыла беретін тәрізді. Ескіні жаңарту үрдісі Бағдарламаның ең басты бір артықшылығы ғана бар. Елдегі көліктер сәл жаңарады. Әйтпесе, жұрт үшін несиеге көлік алу тиімді емес. Өйткені көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жо­ғалта береді. Ал «отандық өнер­кәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көлік­терге жаппай сұраныс жоқ. Ав­томобиль саласы кәсіпорындары одағының ақпараты бойынша, еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың (былтырғы дерек) көлікке 20 жылдан асып кеткен. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраған. 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған болып са­налады. Демек, 10 млн теңгеге жетпейтін бағадағы ма­ши­на­лар­ды жұрт несие арқылы алып жат­қанда, ескі, есесіне арзандау кө­ліктерге сұраныс әлі толас­та­майды. Содан кейін шет­елден көлік тасымалдауға асы­ға­тындар көбейсе заңдылық. Пай­дала­ныл­ған көліктерді Армения, Гру­зия, Қырғыз Республикасы, Ресейден алып келуге қазір көбі қорқады. Өйткені ел ішінде заң­ды тіркеу ақысы тура көліктің ба­ға­сына тең деген ұғым қалып­тасқан. Түйіндей келе, бағдарламаны сәтті не сәтсіз болды деп дөп басып айту қиын. Автокөлікке құмартқандардың арқасында авто­несиеге сұраныс болды. Бірақ сұраныс иелерінің бәрі игілік көре алмады. Бұл – біз білетін жағы ғана. Экономикалық тұрғыда бұл бағдарламаға кімге тиімді екені белгісіз. Әйтеуір, банктердің қоржыны аздап молайғаны анық.