Жанар Урсарова: Қуыршағымды берерде қызымды ұзатқандай боламын
Жанар Урсарова: Қуыршағымды берерде қызымды ұзатқандай боламын
1,092
оқылды

Өзіңіздің қуыршақ образындағы нұсқаңызды көруді армандаған ба едіңіз? Алматылық Жанар Урсарова – адамдардың дәл осы арманын жүзеге асыратын шебер. Жанардың туабітті құлағы естімейді, бірақ оның әлеміндегі мүлгіген тыныштық мұңға емес, керісінше, шабытқа қызмет ететіндей. Әйтпесе, оның қолынан үріп ауызға салардай сүп-сүйкімді әрі иесінің аузынан түсіп қалғандай шедеврлер туар ма еді?! Бүгінде мұхит асып, АҚШ-та, Боливияда, енді бірі Еуропа елдерінде, Израильде жүрген оның қуыршақтары осы сөзімізге дәлел болса керек.

Жанар қуыршақ жасаумен 2017 жылдан бері айналысады. Өзінің негізгі мамандығы – киім модельері.

– Бала күнімде өзімнің қуыршақ­тарым көп болған жоқ. Тауар қат кез еді ғой. Жалғыз Барбиім болғаны есімде. Соны үлде мен бүлдеге орап, қолдан небір киімдер тіге беретінмін. Кішірейіп қалған қолғаптарымды қиып, Барбиімді киіндіретінмін. Өзімнің қызым өмірге келген соң бір күні оған өз қолыммен қуыршақ жасап көрмек болдым. Жап-жақсы дүние шықты. Қуыршақ жасауға осылай ойда-жоқта келдім. Әуелі жақындарыма арнап тегін әзірлеп жүр­дім. Екі жылдан соң тапсырыс қабыл­дауға көштім, – дейді ол.

Шеберге тапсырыс берушілер сый жа­сағысы келген кісінің суретін көр­сетеді, әлгі адамның киімін, шаш үлгі­сін, аксессуарларын негізге ала оты­рып, ол қуыршақтың образын жасайды. Жанар өз қуыршақтарына синтепон, трикотаж, түрлі түсті маталардың қиық­тарын және жасанды шаш трессаларын пайдаланады. Ал шоппер, көзілдірік, сөмке, аяқкиім секілді ұсақ детальдарды бөлек дайындайды. Ең көп уақытты алатыны да – осы кезең. Мәселен, тап­сырыс берушінің суретіндегі футбол­ка­ның жазуын немесе шоппердің бетіндегі өрнекті бірнеше есе кішірейтілген үлгіде қайталау үшін үлкен төзім мен мұқият­тылық керек. Бір қуыршақты жасауға шамамен 3-5 күндей уақыт кетеді екен.

– Көңіл күйім болмаса да, қуыр­шақ тігуге отыр­сам, бәрін ұмы­тып кете­мін. Меніңше, бұл істің өз сиқыры бар сияқ­ты. Тігу бары­сында ішің­дегі мейірім, қам­қорлық си­яқ­­ты барлық жылы сезімдерің оянады. Өйтіп жаныңды салмасаң, жақсы дүние шықпайды. Әрі-беріден соң сүйікті ісіңе қалай үстіртін қарай саласың? – дейді шебер келіншек.

 Оның айтуынша, жұмыс бітіп, қуыршақтарға фотосессия жасар кез – процестің ең тәтті шағы. Өйткені қанша күнгі көз майыңды тауысып жасаған дүниеңді халыққа паш ету мақтаныш сезімін сыйлайды.

– Қазір тапсырыс берушілер көп. Жұрт қол еңбегін жоғары бағалауды үйреніп келеді. Бірі құрбысына, бірі қызына, енді бірі ұлына сыйлап жатады. Жұмысыма тәнті болғандар екінші, үшінші мәрте де жүгінуі мүм­кін. Бүгінде менің қуыршақ­тарымның «табаны» әлемнің біраз жеріне тиді. Тапсырыс­тарым Из­раильге, АҚШ-қа, Германияға, Аустрияға, Польшаға, Пәкістанға, Боливияға, Ресейге, Қырғыз Респуб­лика­сына кетті. Әр тап­сырысты жөнел­терде құдды бір қызым­ды ұзатып жат­қан­дай күй кешемін. Қанша дегенмен, жаныңды сала кіріс­кен соң әрбір деталі, әрбір бөлшегі сондай ыстық болып тұрады, – дейді Жанар ағынан жарылып.

Жанармен http://instagram.com/zhanar_dolls.almaty парақшасы немесе 8 708 271 54 82 телефон нөмірі арқылы хабарласып, тапсырыс беруге болады.