​​​​«AMANAT» партиясының съезі: Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынып, бірауыздан қолдады
​​​​«AMANAT» партиясының съезі: Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынып, бірауыздан қолдады
466
оқылды
Бүгін Астанада «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтті. Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қаласынан келген делегаттар, жалпы 1 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Саяси кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т. б. болды. Күн тәртібіне сәйкес, бірінші кезекте алдағы Президент сайлауына партиядан кандидат ұсыну мәселесі қаралды. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
«Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді Тұлға керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан  Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!», – деді Ерлан Қошанов.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, ұстаз Аягүл Миразова Президент реформаларының бағытын қолдай отырып, қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов Президенттің әрбір іс-әрекеті мен реформаларының негізінде тек қана халық мүддесі тұрғанын жеткізді. Айтыскер ақын, партияның Саяси кеңес  мүшесі Бекарыс Шойбековтің айтуынша, ең қиын кезеңдерде Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықпен бірге түйткілді мәселелердің шешу жолдарын таба білді. Бұған Арыс, Мақтаарал, Қаңтар оқиғасы, Қостанай мысал бола алады. Кәсіпкер, Көру қабілетін қалпына келтіру және алдын алу мектебінің негізін қалаушы Анна Яковлева Әділетті Қазақстан барша азаматтардың адал еңбегі арқылы ғана құрылады деп санайды. Бұдан кейін, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай сөз сөйледі. Ол өз сөзінде, Президент қолға алған өзгерістер заң үстемдігіне негізделген демократиялық қоғамды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев мемлекет үшін осындай жауапты сәтте жастар белсенді азаматтық ұстаным танытуы тиіс екеніне сенімді. Пікір алмасып, дауыс беру рәсімінен кейін кезектен тыс XXIV съездің шешімімен «AMANAT» партиясы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.    width=