Бас прокуратура «Дикий Арман» деген атпен танымал қылмыс жетекшісі Арман Жұмагелдиевке жаңа айыптардың тағылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Informburo.kz.
Күдіктінің әрекеттері келесідей қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша қосымша сараланды:
ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 1, 2-бөліктері – "Зорлық-зомбылықпен, қасақана қырумен, өрт қоюмен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолданумен, сондай-ақ құқықбұзушылықпен ұштасқан тәртіпсіздіктер ұйымдастыру, билік өкіліне қарулы қарсылық көрсету, тәртіпсіздіктерге қатысу".
Сондай-ақ ол Қылмыстық кодекстің 262, 291, 287-баптары бойынша айыпталуда.
Арман Жұмагелдиевке Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары – "Абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық топ жасаған заңсыз бас бостандығынан айыру" жазасы да қарастырылмақ.
6 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімін 11 айға, яғни 2022 жылдың 7 желтоқсанына дейін ұзартты.