Шекараға қатысты заң жобасын мақұлдады
Шекараға қатысты заң жобасын мақұлдады
348
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төраға­лығы­мен өткен жалпы отырыс­та депутаттар Каспий те­ңі­зін­дегі Қазақстан-Тү­рік­мен­стан шекарасын ме­желеу туралы шартты ра­тифика­циялау бойынша заң жо­басын мақұлдап, мемле­кеттік қызмет мә­селелері бо­йын­ша заң жо­­басын жұ­мыс­қа алды. Палата отырысы мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі жа­ңа заң жобасын қараудан бас­талды. Жобаны Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов таныстырды. Бұдан бөлек, жобада ротация тетігін жетілдіру және мемлекеттік қызметшілерді республика өңір­леріне ротациялауға ынталандыру да көзделген. Депутаттар заң жо­басы бойынша қорытынды әзір­леу мерзімін анықтап, оны жұ­мысқа қабылдады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрік­мен­стан мемлекеттік шекарасын ме­желеу және балық аулау аймақ­тарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Атал­ған шарт былтыр қазан айында Ашхабатта жасалған.
«Шарттың ратификациялануы және күшіне енуі оңтүстік ме­желерде Қазақстан Республика­сының мемлекеттік шекарасын межелеу үдерісін толық аяқтауға мүмкіндік береді. Ол Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер арасындағы мемлекеттік шека­раны заңды түрде бекітетін та­рихтағы алғашқы құжат болмақ», – деді Премьер-Министрдің орын­басары – Сыртқы істер ми­нистрі Мұхтар Тілеуберді.
Шартты қабылдау мемле­кет­тер арасында Каспий түбін бө­луге қатысты Түрікменстанмен дау­­лар­дың туындауына ықтимал ал­ғышарттарды жояды. Сондай-ақ Каспий теңізі түбінің қазақ­стан­дық секторының инвести­циялық тартымдылығын арт­тырады және жер қойнауын пай­далануға және су биоло­гиялық ресурстары кә­сіпшілігіне егеменді құқықтарды іске асыру үшін қолайлы жағ­дай­ларды қам­та­масыз етеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Қа­зақстан Республикасы Шекара қызметінің директоры Ерлан Ал­дажұманов теңіз шекарасы коор­динаттар бойынша бөлін­генін, техникалық бақылау бекеттерінде осы координаттарды көруге және бақылауға мүмкіндік беретін за­манауи құрылғылар орнатыл­ғанын айтты. Отырыс соңында Мәжіліс де­путаттары мемлекеттік орган бас­шыларына депутаттық сауал­дар жолдады.