Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық
Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық
724
оқылды
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздің саяси, әлеуметтік, құқықтық және басқа да маңызды жүйе­лерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жүргізілгенін атап өтті. Бұл реформалар халықтың тұр­мысын түзеуге, адам құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы халық үшін жасалуда әрі мемлекеттілікті нығайтуға арналды.
«Көп жұмыс атқарылды, бірақ бұл – күрделі жолдың басы ғана. Сондықтан біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, әділ қоғам құруға кірістік. Саяси рефор­маның төрт топтамасын жүзеге асырдық. Билік пен қоғамның диалогын нығайту үшін ата дәстүрімен Ұлттық құрылтай шақырылды. Оның жұмысына түрлі сала өкілдері белсене қатысты. Әлемді жай­лаған коро­навирус індетіне бірге қарсы тұрдық. Қасіретті қаңтар кезіндегі зор сынақты тұтас ел болып еңсердік. Биыл Конститу­цияға өте маңызды өзгерістер енгіздік. Еліміз үшін жарқын келешекке жол аштық. Яғни, қысқа уақытта орасан зор жұ­мысты бірге атқардық деп сеніммен ай­туға болады. Бірақ әлі де ауқымды жұ­мыс атқаруымыз керек, бағындыратын бе­­лестеріміз алда. Қандай қиын болса да, бәріміз бірге оны міндетті түрде абы­рой­мен атқарамыз. Ортақ мақсатқа же­теміз!» – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев. Маусым айында өткен референдум мемлекеттің бағдары дұрыс екенін көр­сетті. Мемлекет басшысы өркениетті пре­зиденттік басқару жүйесіне көшетінімізді, саяси реформалар арқылы «Күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықты­ра­ты­нымызды айтты.
«Келесі жылдан бастап Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша сай­ланады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Пар­ламентке берілді. Өңір басшылары бала­малы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі қолданыла бастады. Саяси партияларға жағдай жасау үшін заңдарға өзгеріс енгізілді. Әйелдерге және жастарға саясат саласында жеңіл­діктер берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар да тыс қалмады. «Ашық азаматтық қоғам­ның іргесін қаладық деп күмәнсіз айтуға болады. Қазіргі ақпарат, интернет дәуі­рінде саяси дамудың басқа балама жолы жоқ», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Халықтың көңілінен шыққан тағы бір бастама – Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу.
«Мен осы шешім туралы көп ойлан­дым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте бо­луы дұрыс емес деген тұжырымға келдім. Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды. Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуы­мыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағида­ты­мыз болуға тиіс», – деді Президент.
Ел дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ мін­дет. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағытта соңғы үш жылда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады. Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқта­майды, жалғаса бермек. Қ.Тоқаев қоғамда заңдылық пен тәр­тіптің қатаң сақталуына баса мән беретінін айтты. Осы ретте, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам және есірткі саудасы үшін жаза күшейтілді. Браконьерлікке қарсы заң қатайды. Табиғатты қорғау жұмысы мемлекеттік деңгейге көтерілді. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша тәртіп сақшыларының қызметін рефор­малау басталды. форум Сондай-ақ білім, ғылым саласын дамытуға айрықша назар аударылып келеді. Қала мен ауыл мектептері арасын­дағы айырмашылықты жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Білім сапасы төмен жоғары оқу орындары жабыла бастады. Дарынды жастарды қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант беріліп, жас ғалымдарға әлемнің беделді ғылыми орталықтарында озық білім алу үшін 500 және «Жас ғалым» жобасы ая­сында 1000 грант бөлінді. Президент білім беру және ғылым саласы әрдайым мем­лекеттің назарында болатынын, қоғамда білім үстемдігін қалыптастыратын кез келгенін тілге тиек етті. Елімізде демографиялық ахуал жақ­сарып келе жатыр. Бұл орайда да, бірқатар шаралар атқарылуда. «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданды. 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енді. Соның арқасында денсаулық сақтау са­ласын қаржыландыру 1,5 есе артқан. Медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыс атқарылуда. Сондай-ақ, дене шынықтыру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұқаралық спортты дамыту, түрлі үйірмелер ашу қажеттігі туралы да міндет қойылды. Форумда Мемлекет басшысы ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атап өтті.
«Біріншісі. Тәуелсіздік бәрінен қым­бат. Мен былтыр осы тұжырым туралы ар­найы мақала жарияладым. Біз еге­мендігімізді сақтай алсақ қана, ұлт болып, ел болып тұра аламыз. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық. Тәуелсіздікті қорғау және нығайту – әрбір азаматқа, бәрімізге ортақ міндет! Тағы да қайталап айтамын. Дамыған, өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қоюымыз керек. Еңбекқорлық – өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиіс. Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Ма­сылдық ниеттен, бос сөзден арылуымыз қажет. Тәуелсіздікті нығайтуға нақты іс­пен үлес қосу – әр азаматтың перзенттік парызы. Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі, еңбекқор адам өз сөзін әрдайым іспен дәлелдей алады», – деді Қ.Тоқаев.
Президент екінші қағида ретінде елдіктің негізін – жеріміздің тұтастығын атап өтті. Бабаларымыз ұрпағына ұлан-ғайыр жерді мирас етті. Біз оның бір уыс топырағына дейін қастерлеп, атаме­ке­німізді қорғай білуіміз керек. Үшінші. Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық. Мемлекет басшысының ай­туынша, ауылдан Ақордаға дейінгі ше­шімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, әр істе мем­лекеттік ұстаным болуы керек: «Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық әр азаматқа тән қасиет болуға тиіс».
«Төртінші. Рухани үндестік – бірліктің бастауы. Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құн­дылықтар. Оны дау-дамайға айналдыру­ға болмайды. Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың мақсаты – бір, болашаққа деген көзқарасы – ортақ. Бәріміз – бір елдің азаматтарымыз. «Әралуандық арқылы – бірлікке» қағидаты ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Біз этносаралық татулықты сақтай білуіміз керек. «Қазақстан азаматы» деген ұғым жалпыұлттық бірегейліктің өзегі болуы қажет. Сонда біртұтас ұлт ре­тінде келешекке сеніммен қадам ба­самыз», – деді Президент.
халықтық коалицияның форумы Бесінші қағидат – заңдылық пен тәртіп – өркениетті ел болудың кепілі. Қ.Тоқаев заң талаптары барлық салада мүлтіксіз орындалуға тиістігін айтты: «Заң алдында – бәрі тең. Заң алдында бәрі бірдей жауап береді. Сонда ғана біз заңы мүлтіксіз орындалатын, тәртібі қатаң сақталатын Әділетті мемлекет құрамыз».
«Алтыншы. Жасампаздық – жаңару мен жаңғыру жолы. Біздің басты мақ­са­тымыз – Отанымызды өркендету, мем­лекетімізді дамыту. Озық білім мен қа­жырлы еңбек қана елді табысқа жет­кізеді. Бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға ай­налды. Қазақстан жаһандық экономи­кадағы үрдістерден сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңа­шыл­дықты әкеліп, өндіріске қосатын жаңа әрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз. Себебі, адам капиталы ең құнды байлығымыз. Мұны уақыт және тәжірибе дәлелдеді. Осылайша, Қазақстан инновацияның, жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы болуға зор мүмкіндігі бар», – деп атап өтті Президент. Жетінші қағида – достық пейіл, ме­йірімділік және жанашырлық. «Қазақта «Сыйлассаң – сыйлы боларсың» деген сөз бар. Ағайынның татулығы мен жанашыр­лығы – ел бірлігінің түп қазығы. Елдің тұтастығы қарапайым адамдардың өзара түсіністігінен басталады. Халқымыз бәрін де ақыл-парасатпен шешкен. Бұл дәстүрді ұмытпауымыз керек. Аға буын осы игі дәс­түрді насихаттауы қажет. Жалпы, ортақ жетістіктер ұлттың мерейін өсіреді. Біз бір-бірімізге қашанда тілектес болуымыз қажет. Талапты, дарынды азаматтарды қолдай білуіміз керек. Әр отандасымыздың табысына қуанып, қиындықтарды бірге еңсеруге тиіспіз. Халқымыз «Ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қала­мыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент демократия, заң үстемдігі және теңдік қағидаттары сақталатын мықты мемлекет болатыны­мызды тілге тиек етті.
«Бұл біздің қолымыздан келеді. Себебі, айқын мақсатымыз, нақты бағдарымыз бар. Жасампаз және отаншыл халқымыз бар. Тәуелсіз елдің ойы еркін, рухы азат ұрпағы өсіп келеді. Біз түбегейлі өзгерістің бәрін өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасап жатырмыз. Баршаңызды елімізді бірге көркейтуге шақырамын! Өйткені, біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанымыз жасай берсін!», – деп түйді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
«Қабаттасып шаппай, қанаттасып қолдайық!» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумына «АМАNAT», «Ақ жол», Қа­зақ­стан Халық партиясы сынды саяси пар­тиялардың және 30-дан астам респуб­ликалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты. Жиынды ашқан партия Төрағасы Ерлан Қошанов Мем­лекет басшысының страте­гиялық бағ­дарын қолдайтынын және оның рефор­маларын әрі қарай ілгерілетуге күш сала­тынын жеткізді.
«Бүгін халықтық коалиция Прези­денттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынады! Бұл таңдау – еліміздің шынайы патриоттарының, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын миллиондаған азаматтардың таңдауы! Ең бастысы, Сайлау қарсаңында жетекші саяси күштердің ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы елді жігерлендіреді», – деді Ерлан Қошанов.
Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау ар­қылы болашақты таңдаймыз –Қазақ­станның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубә­кіров Мемлекет басшысын, оның бас­тамаларымен жүзеге асып жатқан барлық реформаларды қолдайтынын айтты. Себебі ол мемлекетіміздің бүгінгі және ертеңгі өмірі үшін аса маңызды.
«Мен бүгін осы сөзді айтып, ортаға шықпас бұрын көп ойландым, көп тол­ғандым. Президентіміз – бізді болашаққа бастауға әбден лайық тұлға. Қасым-Жо­март Тоқаевтың ниеті де, саяси позициясы да тәуелсіз Қазақстанды нығайтуды көз­дейді. Үлкен істің алдында тұрған аза­ма­тымызға тірек болайық, ағайын. Бар­лық­тарыңызды қолда бар алтынымызды бағалап, Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіруге шақырамын!», – деді Халық Қаһарманы.
форум Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» партиясының депутаты Қазыбек Иса әр қиындықтан сабақ алу керегін тілге тиек етті.
«Қасіретті басталған жылды қасиетті істерге жалғастырып, жақсылыққа ұлас­тырып алып кету елге, сіз бен бізге бай­ланысты. Біз әртүрлі саяси ұйымның өкілі болсақ та, біздің бағытымыз бен мақсат­тарымыз, арман-тілектеріміз бір. Өйткені, біздің қасиетті қара шаңырағымыз бір. Бізге керегі ең алдымен елдің амандығы – тәуелсіз Қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтау! Сондықтан қабаттасып шаппай, қанаттасып қолдайық! Біз ақжолдықтар бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне ла­йықты кандидат деп есептеп, қолдай­мыз!», – деп атап өтті Қазыбек Иса.
Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова да Мемлекет басшысының кандидатурасын қолдады.
«Қазақстан Халық партиясының ұра­ны – «Халық. Жер. Әділдік». Біздің осы басым­дықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­ларынан көрініс тапты. Біз Жаңа Қазақ­стан­ды бірге құруға кірістік. Қа­зақстан Халық партиясы әлеуметтік тең қоғам құру стратегиясына адал болып қала береді. Біздің ел Президентімен жолымыз бір. Өйткені, Қазақстан Халық партиясы халықтық экономикаға, халықтық билік пен парламентке дауыс береді», – деді депутат.
Біздің елімізде бүкіл әлемге әйгілі болған дарынды жастар баршылық. Әлем жаңа тұлғаларды іздеуде. «Q88 Қазақстан урбанистері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Алина Абдрахманова Қазақстанның иннова­циялар еліне айналуы мүмкіндігі жоғары екенін алға тартты.
«Қазірдің өзінде мұнда Тik-Тok және Вinance сияқты компаниялар аймақтық кеңселерін ашуда. Біздің қазақстандық компаниялар тәжірибе ретінде әлемнің жетекші бизнес мектептерінде зерттеліп жатыр. Бұл – көптен бері Қазақстанның басты байлығы оның табиғи ресурстарында емес, адами капиталында екендігінің тікелей дәлелі. Жастардың Президентімізге деген сенімі зор, сонымен бірге үміті де көп. Мен барлық жастың мүмкіндіктері тең елде өмір сүрсем деймін. Яғни, Қазақ­станнан кетпей өз қабілетімізді пайда­ланып, табандылық танытып, өз жолы­мызды тапқымыз келеді. Біз – Өзіңіз бастаған реформалардың сәтті жүзеге асуына сенеміз әрі зор үміт артамыз! Әді­летті Қазақстанды бірге құрамыз!», – деді жас кәсіпкер.
Президент іс-шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін ризашылығын білдірді. Форум соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық коалицияның ұсы­ны­сын қабылдап, ҚР Президенті лауа­зы­мына кандидат ретінде ұсынуға келісімін берді.