Қазақтың Моцарты атанған Нұрәлі
Қазақтың Моцарты атанған Нұрәлі
807
оқылды
Әлеуметтік желі қолданушылары Нұрәлі Бейсеқожаны жақсы таниды. Әсіресе, жас композитордың алма бағында, Медеу төрінде пианиномен орындаған шығармалары өнерсүйер қауымның зор қошеметіне ие болған. Нұрәлінің туындылары адам жанына тыныштық сыйлап қана қоймай, арман атты ақ бұлтқа қарай жетелейді. Әуені де, тақырыптары да сан түрлі. Ол небәрі 9 жасында «Қазақстанның жас композиторы» атанып, 300-ден астам классикалық шығарманы өмірге әкелген. Нұрәлі 4 жасынан бастап пианинода ойнап, ең алғашқы туындысын 6 жасында шығарған. Қазір талант иесінің 300-ден аса классикалық шығармасы бар. Ол жаңа шығармасын әуелі ата-анасына, бауырларына форте­пианода орындап береді. Олар­дың пікірін сұрайды. Көбіне бөл­меде оңаша қалады екен. Сондықтан Нұрәліге ешкім ке­дер­гі келтірмеуге тырысады.
– Ең алғаш үлкен сахнаға шық­қан сәтім әлі есімде. Қатты қобал­жыған жоқпын. Алматы қаласының Қазақконцерт залын­да «Анашым» атты шығармамды скрипкада орындап бердім. Ол кезде 1-сыныпта оқитынмын. Көрермендерге де қатты ұнады, – деп еске алды Нұрәлі.
Нұрәлі әр сөзін ойланып, ба­йыппен айтады. Сыртқы келбе­тіне қарап, халқымыздың біртуар композиторы Нұрғиса Тілен­диевке ұқсаттық. Ал шын мәнін­де, Нұрәліге өнер ағаларынан дарыған. Үлкен ағасы Нұрсәт Бейсеқожа – күйші-композитор, бүгінде Түркістан облысындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның директоры. Елуден астам авторлық күйі бар. Одан кейінгі ағасы Ғаламат Бей­се­қожа –домбыраның құлағында ойнайтын өнерпаз, Ахмет Жұба­нов атындағы дарынды бала­ларға арналған республикалық маман­дандырылған музыкалық мек­теп­тің түлегі.
– Балаларына дұрыс тәрбие бергісі келетін қарапайым от­басында дүниеге келдік. Әкем ауыл шаруашылығымен айналы­сады. Отбасымызда алты ағайын­дымыз. Алматы қаласында туып-өстік. Ата-анамыздың өнерден ауылы алыс болғанымен, олар біздің талантымызды, талабы­мызды өте жоғары бағалайды, түсінеді. Сәйкесінше, олар біздің музыкамен айналысуымызға ба­рынша мүмкіндіктер жасады. Әр­қашан біздің жаңа туынды­лары­мызды ынтыға күтеді, – дей­ді жас композитор.
Нұрәлі Бүгінде ағайынды Ғаламат пен Нұрәлі еліміздің түкпір-түкпірін аралап «Ұлы дала әуені» атты шығармашылық кеш беріп жүр. Домбыра мен форте­пиано­ның керемет үйлесімінде шыр­қалған туындылар көрермен­дер­дің ыстық ықыласына бөленіп үл­гер­ген. Ал бір жыл бұрын олар­ды Германия концерт қоюға шақырады. Осылайша, неміс халқы Нұрәлінің шығармаларын жоғары бағалап, «Көрнекті ком­позитор» номинациясын беріпті. Жас дарын Шопен, Моцарт, Бетховен, Бах, Чайковский, Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты композиторлардың шығарма­ларын сүйіп тыңдайды. Оның айтуынша, музыка компози­тордың жүрегінен шығуы керек, сол кезде тыңдарманның да көңі­лінен орын табады.
– Музыка – үлкен қазына. Бір шығарма арқылы қанша оқи­ғаны айтуға болады. Айналада бо­лып жатқан құбылысты, тари­хи оқиғаны, тіпті адамның айта алмаған сезімін, жеткізе алмаған сөзін де музыкамен баяндауға бо­лады. Жақсы әуен – жанға шипа, дертке ем, – дейді Нұрәлі.
Нұрәлінің компо­зициялары­ның тақырыптары да сан түрлі. Көбіне композитор қоғамдағы өзекті тақырыптарды арқау етеді. Мысалы, Денис Теннің құрметіне арнап «Аққан жұлдыз», «Қаралы қаңтар» трагедиясы жайлы «Ақ пен Қара», Украинадағы қақты­ғысқа арнап «Соғыссыз әлем» шығармаларын жазған.
– Денис Теннің қазасы біздің отбасымызға ауыр тиді. Барлы­ғымыздың ол үшін жанымыз ауырды. Сондай мұңды музы­камен жеткіздім. Отбасыма сол шығарманы ойнап бергенде олар қатты қуанды. Содан кейін ба­рып, мен бұл шығармамды Денис Тенге арнағанымды айт­қанымда олар маған риза­шылы­ғын біл­ді­ріп, халқымыз да туын­дыны тың­д­ауы керек деп, әкем шығарма­мды жаздыртып, әлеу­меттік желілерге салдық. Бұл шығар­ма тез тарап кетті. Көпте­ген адам Денис Тенге арнау шы­ғарғаным үшін алғыстарын айт­ты. Бата­ларын берді, – дейді жас ком­позитор.
Ал жақында Нұрәлі Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы үлкен концерті алдында, Димаш­тың фанаттарымен кездесу ке­шін­де «Әлемнің жарық жұлдызы» туындысын орындап берді. Бұл – жас композитордың Димаш ағасына арнаған шығармасы.
– Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концертінің алдын­да ағамен арнайы кездесіп, «Әлем­нің жарық жұлдызы» атты шығармамды орындап бердім. Негізі Димаш аға маған 2018 жылдан бері әлеуметтік желіде қолдау көрсетіп келеді. Осы жолы фан кездесуден кейін Ди­маш Құдайберген мені шетелде өтетін концертіне шақырды, – дейді Нұрәлі.
Нұрәлі Бейсеқожа Кейіпкеріміз музыкадан бос уақытында футбол ойнайды, ана­сына көмектеседі. Мақсаттары да асқақ. Талантты композитор дүниежүзі елдерін аралап, жеке концертін беруді армандайды. Сол арқылы Қазақстанның атын шығарсам дейді.
– Тыңдармандарымнан жылы пікір жиі естимін. Бұл адамды шабыттандырады. Ол үшін алғы­сым шексіз. Болашақта бұдан да жақсы шығарма жазу үшін барымды саламын. Дүниежүзіне елімді танытқым келеді. Әуелі Қазақстанда, кейін Еуропа ел­дерінде, АҚШ-та, Ресейде жеке кешімді өткізгім келеді, – дейді Нұрәлі Бейсеқожа.
Иә, жас композитор алғашқы шығармашылық кешін 13 жасын­да Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен концерт залында өткізген болатын. Одан бері де жер-жерді аралап, халықты өнерімен қуан­тып жүр. Енді Нұрәліге Димаш ағасындай әлемге таны­лып, елі­міздің атын асқақтата беруін тілей­міз.