«AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасы
«AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасы
1,792
оқылды
Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр. Ұшқыр уақыт, замана желі – әлемдегі геосаяси ахуалды жыл сайын емес, күн сайын өзгертіп жатыр. Бұлжымастай көрінген халықаралық қатынастар, қоғамдық құндылықтар, әлеуметтік, адами байланыстар түбегейлі сынға түсуде. Осындай тарихи, жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыт келді. Себебі мемлекеттің дербестігі, ұлттың азаттығы, қоғамның еркіндігі – ешқашан, еш нәрсеге айырбасталмайтын ұлы құндылық. Мұны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біліп, бағалауы тиіс. Тәуелсіздік – біздің бойтұмарымыз. Тәуелсіздік – талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыздың қолына қонған бақыт құсы. Біз бұған дейін мемлекетіміз қол жеткізген табыстарға қаншалықты үлесімізді қоссақ, жіберілген қателіктер үшін де соншалықты жауапты екенімізді терең түсінеміз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді халқымыз. «AMANAT» партиясы өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, бо­ла­шағымызға бағдар жасайтын мезгіл жетті деп санайды. «AMANAT» партиясы әрқашан қо­ғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүр. Біз түрлі көзқарастар мен ой-пі­кірлердің тоғысатын, үндесетін алаңымыз. Біздің партия әр адамның құқығы мен бостандығын қорғайды. Біздің партия ортақ құндылықтармен, ұлттық мүддемен және бір болашақпен біріккен қоғамды қалыптастырады. Біздің партия мемлекеттің міндеттерін алмастырмайды, бірақ халықтың сұра­нысына жауап беріп, тиімді шешімдер ұсынады. «AMANAT» партиясы еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде, бұлжымас қағидаларын, саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындады. Біз Асанқайғының Жерұйығы мен әл-Фарабидің ізгі қоғам идеясын, Абайдың толық адам концепциясын, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық миссиясын, Әлихан Бө­кейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтамыз. Бабалар еңбегінің лайықты жалғас­тырушылары – рухты, білімді, саналы, отаншыл жастар. Олар – партиямыздың болашағы. «AMANAT» – халықтың үніне құлақ асып, сайлаушылардың талаптарын бұл­жытпай іске асыратын партия. «AMANAT» – қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатып, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер жасауды жақтайтын партия. «AMANAT» – қоғам мен мемлекет игілігі үшін жұмыс істейтін партия. Біз бейбіт өмірімізді, байтақ жерімізді, тәу еткен Тәуелсіздігімізді қызғыштай қорғаймыз, сақтаймыз, нығайтамыз. Біз қазақ тілін дамытуға, оның кеңінен қол­данылуына бар күш-жігерімізді саламыз. Бұл біздің ата-баба аруағы мен келер ұрпақ алдындағы Аманатымыз. «AMANAT» партиясы, ел аманатын арқалай отырып, Қазақстанның бола­шағына бей-жай қарамайтын барша аза­маттарды Президент Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаевтың түбегейлі рефор­ма­ларын қолдауға, Әділетті Қазақстан құру идеясының төңірегіне бірігуге шақырады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның әрбір азаматының құқы, еркі қорғалған, адал еңбегімен, білім-білігімен көздеген асыл мұратына қол жеткізе алатын демократиялық, әділетті әрі бақуатты мемлекет құру. Біз азаматтары дәулетті, қоғамы ашық, мемлекеті мықты Қазақстанды көргіміз келеді. Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік!  

Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Абай

  І. БІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – АДАМ  Әрбір адам лайықты білім мен ме­ди­циналық көмек алуға, жеке қауіпсіздігінің қорғалуына, ыңғайлы әлеуметтік орта мен жайлы үйде тұруға құқылы. Қазақстан азаматы өз елі, өз жерінде алдағы болашағына алаңдамайтындай өмір сүруі керек!   БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ «Отан отбасынан басталады». Отанды сүю, елге адал қызмет ету, қоғамның белсенді де жауапты мүшесі болу, тұлғалық қалыптасу – отбасындағы тәрбие мен тағылымның жемісі. Біз отбасы институтының беделін көтеруге күш саламыз. Демографиялық өсімге, барлық отба­сылардың балаларын алаңсыз тәрбиелеп, келешекке сеніммен қарауына лайықты жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Ана мен балаға лайықты қамқорлық, да­мыған әлеуметтік инфрақұрылым, қол­жетімді баспана – отбасы әл-ауқатының ең маңызды және айнымас шарттары деп есептейміз.   БІЛІМДІ ЕЛ Білім мен ғылымға салынған инвести­ция – болашаққа салынған инвестиция. Біз тың идеяларға ашық, сыни және креативті ойлай алатын, ізденімпаз, өмірін білім мен кәсіби қабілетін жетілдіруге ар­науға дайын азаматтарды тәрбиелеп шы­ғаруымыз қажет. Бұл – зияткер, озық ойлы ұлтты қалыптастырудың негізгі алғы­шарты. «AMANAT» партиясы білім, ғылым са­ласын дамытуға басымдық беріп, қар­жыландыруды ұлғайту қажет деп санайды. Балабақшалар, мектептер, оқу орын­дарындағы жатақханалар қолжетімді, ыңғайлы және қауіпсіз болуы керек. Бәсекеге қабілетті білімнің негізі – бі­лікті ұстаздар, сапалы оқулықтар, білімді объективті бағалау. Мектеп тек оқытып қана қоймай, тәр­бие беретін болады. Біз спорттық және шы­ғармашылық үйірмелердің үздіксіз жұмысына қол жеткіземіз. Біз ауыл мен қала арасындағы алшақ­тықты жоямыз. Инклюзивті бағдарла­ма­лар, оңалту және түзету көмегі ерекше балалардың қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыратын болады. Жас ғалымдардың әлеуметтік мәселе­лерін түбегейлі шешіп, олардың алаңсыз ғылыммен айналысуына қолайлы жағдай жасау маңызды.   ХАЛЫҚ САУЛЫҒЫ «Бірінші байлық – денсаулық» дейді халқымыз. Денсаулық – кез келген мемлекеттің, ұлттың даму деңгейіне өлшем болатын маңызды индикатордың бірі. Денсаулық, медицина саласында кезек күттірмейтін мәселелер аз емес. Азаматтардың жоғары стандартты, сапалы медициналық ем қабылдауына мүмкіндік жасау керек. Сапалы әрі арзан дәрі-дәрмектердің қолжетімді болуы шарт. Заманауи емханалар мен ауруханалар жеткілікті болуы қажет. Барлық ауылдық жерлерде фельд­шер­лік-амбулаториялық және медициналық бекеттер ашып, оларды тиісті құрал-жаб­дықтармен, дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз ету керек. Сапалы үздіксіз білім беру, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және қорғау өз ісіне және мемлекетіне шын бе­рілген жоғары білікті мамандардың меди­цинаға келуін қамтамасыз етуі тиіс.    ЕҢБЕК – ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» А.Байтұрсынұлы Жасампаз еңбек қоғамды біріктіруші күшке айналуы тиіс. Әр адамның еңбек етуге мүмкіндігі болуы қажет, жұмыстан аман-сау қайтып, отбасымен бірге уақыт өткізіп, ертеңіне сенімді болуы керек. Ол үшін біз жұмыс орнындағы қауіп­сіздікті бақылауды күшейтеміз, еңбек құ­қықтарының қорғалуын қамтамасыз ете­міз және кемсітушіліктің барлық түрле­рімен күресеміз. Біз қоғамымыздағы жалақы аздығы мәселесін шешуіміз керек. Біз жұмыссыздықтың нақты статис­тикасын жүргізіп, онымен күресетін боламыз. Еңбек қатынастары жүйесінде «көше заңына» орын болмайды. Біз қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасында өркениетті және сындарлы диалог ұйымдастырамыз.  

Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды. Әлихан Бөкейхан

  ІІ. АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ  Азаматтық қоғам – еліміздегі заңдылық пен тәртіптің, өркендеудің басты қозғаушы күші. Қоғамдық ой мен мораль, соған сай іс-әрекет жаңа әлеуметтік қатынастарды, инклюзивті орта мен жаңа саяси мәде­ниетті қалыптастыруға, әділетсіздік пен заң­сыздықтардың, жемқорлықтың алдын алу­ға, құбылмалы заманда еліміздің қауіп­сіздігі мен тұрақтылығына тірек болуы тиіс.   ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС – БІРТҰТАС ҰЛТ Халқымызда «Төртеу түгел болса, тө­бедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ұлағатты ұстаным бар. Мемлекеттің тұтастығы, елдің татулық, бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі ешкімнің қолжаулығына, ойыншығына айналмауы керек. Бұл – айнымас ақиқат. Қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер ақыл-парасатпен, диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал. Қоғамда плюрализм мен пікір ер­кін­дігі, демократиялық қағидалар салтанат құруы тиіс. Азаматтардың бірігуге және өз мүдделерін қорғау құқығы толығымен жүзеге асырылуы тиіс. Бұл саяси салада салауатты бәсекелестік туғызады. Біз азаматтық жауапкершіліктің ең жоғары түрі ретінде еріктілік пен қайы­рымдылықты ынталандыруымыз керек. Қазақстан қоғамы тең құқықтар мен мүмкіндіктердің алаңына айналуы керек.   ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ Қазақстан – әлемге татулық пен тұрақ­тылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылған мемлекет. Бірлік – мемлекетіміздің іргетасы. Біз жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта отырып, еліміздегі ұлтаралық татулыққа, конфессияаралық келісімге сына қағуға ешқашан жол бермейміз. Біз тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, дінге көзқарасына, на­ны­мына, тұрғылықты жеріне қарай кез кел­ген кемсітушілікті айыптаймыз.   ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛДІК Біз әрбір қазақстандықтың бақытты өмір сүруіне жағдай жасайтын боламыз. Қазақстанда әлеуметтік әділдік салта­нат құратын уақыт жетті. Біз жүзеге асы­рылып жатқан түбегейлі реформалар ая­сында «әлеуметтік мемлекет» құру бағытын таңдадық. Біз әлеуметтік әділдікті заң жү­зінде, іс жүзінде қалпына келтіруге үндейміз. Конституциямызда жердің қойнауы, табиғи ресурстар халықтың меншігі деп жазылған. Елімізде өндірілген мұнайдың әрбір тамшысы, қазба байлығының әрбір түйірі, егінінің әрбір сабағы халықтың игілігіне айналуы керек. Азаматтар өздерінің адал еңбегі, маң­дай теріне сай лайықты жалақы, зейнетақы алуға толық құқылы. Көп балалы ана­лар­дың, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жәр­демақысын, өзге жеңілдіктерді кеңейтетін боламыз. Қыз-келіншектердің, әйелдердің сапалы білім алуын, мемлекеттік және басқа да қызметтерге белсенді араласуын ынталандыратын боламыз. Біз олигополиялық жүйенің қалып­тасуына, қолдан жасалған монополист компаниялардың күшеюіне, мемлекеттік экономикалық ресурстардың таңдаулы қолдарға үлестірілуіне, рейдерлікке жол бермейміз.   РУХАНИЯТ – ҰЛТТЫҢ МӘЙЕГІ Жаһандану дәуірінде ұлттың өз бол­мысын, төлтума табиғаты мен дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтап отыруы оңай емес. «AMANAT» партиясы тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды ары қарай да жалғастыра береді. Бұл – біздің ұлтымыздың, халқымыз­дың алдындағы перзенттік парызымыз. Ұлттық өнер және спорт түрлерін ке­ңінен насихаттап, әлемдік деңгейде таны­луына жан-жақты жағдай жасаймыз. Дәстүрлі музыканы, кино және муль­типликация, басқа да өнер түрлерінің жаңа туындылармен толығуына қолдау көр­сетеміз. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне және әлем тілдеріне аударылуына барынша қолдау жасаймыз. Қазақ тарихындағы барлық ақтаңдақ­тардың бетін ашып, ұлт өміріндегі тағ­дыршешті кезеңдер мен оқиғаларға тиісті, лайықты баға беретін уақыт жетті.  

Тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз. Әбіш Кекілбайұлы

 

ІІІ. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ БІЗ   Біз мемлекетіміз бен тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтатын ішкі-сыртқы күш­тердің әрекеттеріне, қолдан жасалған аран­датушылықтарға жол бермейміз. Алдымызда сынақтар аз болмайды. Сондықтан қазіргі кезең қара басымыздың қамын емес, мемлекеттің, ұлттың келешегі мен қауіпсіздігін ойлайтын уақыт.   ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК Мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығы – ел болашағының басты кепілі. Енді әлем бұрынғыдай болмайды. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінде бітіспес даулар мен қақтығыстар көбейіп келеді. Жаңа соғыс ошақтары пайда болды. Қандай жағдай болмасын, Отаны­мызды қасық қанымыз қалғанша қорғауға міндеттіміз! Ұлттық армия еліміздің айбынды қорғаны мен қалқаны болуы тиіс. Қазақ армиясының қатарында тәртіп орнатып, оны заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етіп, әскери білімді дамыту қажет. Жоғары ұйымдастырылған құтқару қызметтері біздің азаматтарды табиғи апаттардың зардаптарынан қорғауы керек. Қазақстандық мамандардың көмегімен біз кибершабуылдарға төзімді отандық ақпараттық жүйелерді әзірлеуіміз керек. Ұлттық ақпараттық кеңістікті сыртқы және ішкі қауіптерден қорғау, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту – кезек күттірмейтін міндет. Сыртқы саясат Қазақстанның ұлттық мүддесін басшылыққа ала отырып жүргізілуі керек.   ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАНЫ «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» Халқымыздың тарихы да, тағдыры да, болашағы да – ана тілінде. Қазақ тілі – мыңдаған жылдық мә­дениетіміздің, өркениетіміздің негізі, дің­гегі. Біз Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті деп са­най­мыз. Бұл – әрбір қазақстандықтың парызы. Біз бұдан әрі де мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, ана тіліміздің мәртебелі және қажетті қатынас құралына айналуына тікелей мүдделіміз. Қазақ тілі білім мен ғылымда, меди­цинада, әскерде, қаржылық салада, өнер­кәсіпте, ақпарат кеңістігінде өзінің лайық­ты орнын алуға тиіс. Мемлекеттік тіл ұлты мен ұлысына, ді­ні мен діліне қарамай қоғамды бірік­тіретін күшке айналуы тиіс. Тіл мәселесінің саяси ойындар мен айла-шарғыларға айналуына жол бермейміз.   ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП Заң бәріне ортақ. Бүгінгі таңда қоғамның басты талабы елде әділдік пен заң үстемдігін орнатып, жемқорлықпен, сыбайластықпен аяусыз күрес жүргізу болып отыр. Жең ұшынан жалғасу, непотизм мен рушылдық, олигополияның, криминалдық топтардың жүгенсіздігі жүйелік сипат алғанын ашып айту керек. Соның кесі­рінен қоғамда әлеуметтік алшақтық пен әділетсіздік етек жайды. Біз соттың әділдігін, полицияның та­залығын, құзырлы органдардың жауапты­лығын қалпына келтіру үшін осы салада түбегейлі, қатаң реформалардың жүргі­зілуіне, пәрменді ықпал ететін боламыз. Конституцияда кепілдік берілген адам құқығы қандай жағдайда да қорғалуы тиіс. «Тура биде туған жоқ» қағидасы судья­лардың адалдығының өлшеміне айналуы қажет. Тұрмыстық және отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамайтын орта қалыптастыру қажет. Біз бірлесіп қоғамда жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыруымыз керек.   ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қазіргі уақытта мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Билік институттары заман талабына сай болуы керек. «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы сол мақсатқа жетудің бала­масыз жолы. Бұдан әрі мемлекеттік бас­қару жүйесі ашық, түсінікті әрі қоғамдық бақылауда болуы тиіс. Қазір басқару жүйесін орталық­сыз­дандыру үдерісі басталды. Орталық мем­лекеттік органдарды оңтайландыру ар­қылы жергілікті атқарушы биліктің өкі­леттігі кеңейді. Парламенттің, жергілікті мәслихат­тардың мәртебесі мен ықпалы артты, бұ­дан әрі де арта түспек. Бұл аймақтардың кешенді дамуына жағдай жасамақ. Ескірген бюрократиялық әдіс-тәсіл­дерден, қағазбастылықтан бас тартып, мемлекеттік қызметті жаңа заман талабына лайықтау керек, цифрлық платформаны жетілдіру қажет. Біздің алдымызда ұлттық мүддені бә­рінен жоғары қоя білетін жаңа мемлекеттік басқарушыларды тәрбиелеу міндеті тұр.   ДАМЫҒАН АЙМАҚТАР – ҚУАТТЫ ЭКОНОМИКА Еліміздің жаңа экономикалық бағдары экономикалық еркіндік пен ұлттық табысты әділ бөлуді қамтамасыз ететін болады. Жеке меншікке қол сұқпау, ашық бәсекелестік, тұрақты заңнама бизнесті дамытуға және инвестиция тартуға жағдай туғызуы тиіс. Инновациялар мен технологияларды енгізу экономиканы әртараптандырудың негізіне айналуы тиіс. Біз ресурстарға негізделген экономи­кадан қосылған құны жоғары салаларға кө­шуді жақтаймыз. Заңдар мен халық­­ара­лық келісімдер деңгейінде ішкі на­рықты қор­ғап, өз өндірісімізді қолдайтын боламыз. Сапалы жұмыс орны мен салық түсі­мінің көзі ретінде кәсіпкерлікті қолдайтын боламыз. Біз қоғамда елдің тұрақтылығы мен экономикалық тәуелсіздігінің негізіне айналатын орта тапты қалыптастыратын боламыз. Өңірлердің теңгерімді дамуын қамта­масыз ету қажет. Қазіргі уақытта жергілікті билік ор­гандары аймақтардағы, аудан-ауылдардағы қордаланған мәселелерді шешуге толық мүмкіндік алып отыр. Ендігі кезекте еліміздегі мыңдаған әкім­ді ел тұрғындары, өңір жұртшылығы өздері тікелей сайлайтын болады. Іс жүзінде әкімдер мемлекеттік заңна­мананың орындалуын қадағалаушы, рес­публикалық бюджеттен келетін суб­си­диялардың дұрыс пайдалануын үй­лестіруші әкімгерге айналады. Халықаралық, республикалық маңызы бар жол тораптарын салып, күрделі жөн­деуден өткізу арқылы аймақаралық ло­гис­тика мәселесін түбегейлі шешу қажет. Ауданаралық және ауыл жолдарының сапасын ретке келтіру маңызды. Шекаралас аймақтарға ерекше назар аударылатын болады. Экономиканың, еңбек нарығының дамуы үшін ішкі миграциялық үрдістерді реттеген жөн. Қандастарымызды әлеумет­тендіру және экономикаға интеграциялау жұмысы қолға алынатын болады.   АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ Ауыл – Алаштың алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы Қазақстан эко­но­микасының күретамырының бірі. Ауыл шаруашылығындағы ахуал мемлекетіміз­дің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. «AMANAT» партиясы ауылдың әлеу­меттік жағдайын жақсартуды, ауыл ша­руашылығын қолдауға ерекше басымдық беруді мемлекеттің алдында тұрған стра­тегиялық міндеттердің бірегейі деп санайды. Жер иесі – ауыл адамына мемлекет тарапынан берілетін көмек пен жеңілдіктер аясы кеңейтілуі керек. Әрбір жер телімі өз мақсатына сай пай­даланылады. «Жер аманаты» жобасы аясында заңсыз жекешелендірілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер, жайы­лымдар мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Ауыл тұрғындарының табысын, бі­ліктілігін арттыру, жаңа кадрларды даярлау «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асатын болады. Барлық ауылдардың инфрақұрылы­мын жаңартып, жол, ауызсу, байланыс мәселелерін түбегейлі шешу кезек күттір­мейтін шаруа. Ауылдардағы әлеуметтік нысандар – мектептер мен медициналық пункттер, мәдениет ошақтары жаппай күрделі жөндеуден өткізіліп жаңғыртылуы керек. Ауыл мен қала арасындағы алшақтықты барынша азайту керек.   ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САЯСАТ Өркениетті әлем елдері экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көшті. Біз де қоршаған ортаны сақтау үшін әлемдік экологиялық жоғары стандарттарды эко­номиканың барлық салаларына енгіземіз. Қазақстан халқы мен келешек ұрпақ табиғи өнім, саф ауа, таза ауызсу тұтыну үшін экологиялық сана мен мәдениетті тәрбиелеуді бүгіннен бастаймыз. Экологиялық саясаттың түпкі мақса­тының бірі «жасыл экономиканы» қалып­тастыру. Оның аясында баламалы энер­гетика көздеріне эволюциялық түрде көшу, алыс болашақта көміртегінен арылу міндеті қолға алынады. Табиғи ресурстарды, өзен-көлдерді үнемді пайдалану, жануарлар әлемін, та­биғи парктерді, экожүйені сақтау және қор­ғау – біз үшін негізгі басымдықтың бірі.   ӨЗГЕРІСТЕР БІЗДЕН БАСТАЛАДЫ!  «AMANAT» партиясы – еліміздегі бар­лық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы. Билік пен қоғам арасындағы алтын көпір. «AMANAT» партиясы – өзгерістер жаршысы! Біздің тұғырнамамыз жетілдірілді. Біз партияның өз ішіндегі жұмыс сипаты мен тәсілдерін жаңарттық. Партияның жаңа, жас буын кадрлары ел ісіне белсенді араласа бастады. Біз жаңа саяси мәдениет қалыптас­тырамыз. Ертеңгі болашаққа нық сеніммен қадам басамыз. Әділетті Қазақстанды рухы асқақ, бір­лігі бекем, мақсаты айқын халқымызбен бірге құрамыз!