Алтынға бергісіз қос қола
Алтынға бергісіз қос қола
421
оқылды
Ташкентте 6-13 қазан аралығында дзюдодан жекелей және командалық есепте Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ұлттық құрама рейтинг ұпайы сарапқа салынатын жауапты сын алдында Алматыда дайындалды. Соның ішінде бес балуан жарысты аяқтап, екеуі жүлделі орынға қол жеткізді. Өзбекстан астанасында өтіп жатқан байрақты бәсекеге ел атынан 17 дзюдошы қатысты. 6-7 қазан күндері Әбиба Абужа­қынова, Елдос Сметов, Мағжан Шамшидин, Гаухар Ермағамбетова мен Ғұсман Қырғызбаев татамиге шықты. Айталық, 60 келі салмақта күрескен Мағжан Шамшидин италиян Анжело Пантоға есе жіберді. Ал Елдос Сметов осы салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Қыздар арасында 48 келі салмақта белдескен Әбиба Абужақынова да қола жүлдеге қол жеткізді. 52 келі салмақтағы Гаухар Ермағамбетова болса алғашқы қарсыласын небәрі жеті секундта иппонмен жеңгенімен, екінші айналымда жарыс жолынан шығып қалды. 73 келіден 66 келіге ауысқан Ғұсман Қырғызбаев та бірінші айналымда сәтті белдескенімен, корей Ан Ба Улдан айласын асыра алмады. Кейіннен өзі берген сұхбатта да қарсыласының мұндай тактика қолданатынын ескермегенін жеткізді. Ендігі меже – Олимпиада алтыны Иә, кезекті жарысын аяқтаған Елдос Сметов көптің көкейінде жүрген сауалға нүкте қойды. Даңқты дзюдошы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға бел байлағанын ресми түрде мәлімдеді. Бұлай дейтініміз, Сметовтің аталған чемпионатқа баратынын естігенде «жастардың жолын байлап отыр» дейтін мәтіндегі хейт көбейген-ді. Бірақ Ташкент татамиіндегі жігері оның әлі де бабында екенін көрсетті. Әрі жанкүйерлер де балуанға ерекше құрмет көрсетті. Чемпионат жайына оралсақ, Сметов жеребе бойынша «өлім» тобына түсті. 60 келіде бозкілемге шыққан отандасымыз алдымен әзербайжандық Карамат Хусей­новты, кейіннен израильдік Матан Коколае­вты жеңді. Алайда ширек финалда тайпейлік Ян Юн Вэйден жеңілді. Аталған белдесуден кейін Сметовтің иығын жарақат­тап алғаны белгілі болды. Десе де, жұбаныш белдесуіне шығып, испаниялық Франсиско Гарригостан, одан кейін Дилшодбек Бара­товтан айласын асырды. Осылайша, чемпионаттың қола жүлдесін қанжығаға байлады. Елдос Кейіннен әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға мән берсек, иығына оралған дәкені дәрігер көмегімен қинала шешіп жатқан Елдосты байқаймыз. Дереккөздің мәліметінше, бапкер Ғалымжан Жылгелдиев дзюдошының жағдайын көріп, жұбаныш белдесуіне шықпауына боларын жеткізген. Алайда намысқа тырысқан Сметов соңына дейін күресіп, жүлделі орыннан көрінді. Өйткені спортшы чемпионаттың алтынына үміткердің бірі еді. Оның үстіне әккі қарсыласы жапониялық Такатомен тағы бір рет есеп айырысуға мүмкіндік туған-ды.
 «Иықты осы жерге тастап кетсек те, күресу керек болды. Былай қарасаң, намыс пен жігер сынға түсіп тұр. Шегінерге жол жоқ, сол үшін барымызды салдық. Келесі жарыстарда жарақатты емдеп, тыңғылықты дайындалып, алтыннан алқа тағамыз. Мақсатым – Олимпиада алтыны», – деді жарыстан кейін Елдос Сметов.
Талайды тәнті еткен Әбиба Осы чемпионаттағы жарқын сәттің бірі – 48 келі салмақта белдескен Әбиба Абужа­қынованың қола жүлдесі. Себебі ол – Әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы. Әрі қай жағынан алып қарасаң да, қоланың құны асып тұр. Нақты айтқанда, Абужақынова бразилия­лық Аманда Лиманы жеңгесін, франциялық Ширин Буклимен белдесіп, сенсация жасады. Өйткені бұл дзюдошы әлемдік рейтингінде көш бастап тұр. Сондықтан көпшілік Әбибадан мұндай батылдық күтпеді. Өзі бастап әдіс жасап, вазари ұпайын алғанымен, кейіннен қарсыласы есепті теңестірді. Сонда да намысқа тырысқан балуанымыз шабуылға шығып, вазари ұпайын иппонға айналдырды. Тосын жайтқа куә болған көрермен дүр сілкінді. Осылайша, Абужақынова 48 келіде жаңа есімнің жарқ еткенін ресми түрде мәлімдеді. Әбиба Абужақынова қола Ширек финалда да сәтті өнер көрсетіп, сербиялық Милица Николичтен басым түсті. Алайда жартылай финалда жапониялық Натсуми Цунодадан жеңілді. Ол 2021 жылы Будапеште өткен Әлем чемпионатының жүлдегері еді. Қола үшін таласта чилилік Мари де Варгасты қапы қалдырып, өзінің оңай шағылар жаңғақ емесін дәлелдеді. Өйткені қола жүлде үшін шайқас он минутқа созылды. Отандасымыз үш ескерту басым­дығымен жеңіске жетті.
«Әбибаның қола жүлде үшін белдесуі 10 минутқа созылды. Соңына дейін өліспей беріспей, қоланы қоржынға салды. Бұл медальдің Қазақ елі үшін құны бөлек. Қазақ қыздарының қуанышы, үміті. Үнемі көлеңкеде қалатын тұтас құраманың жеңісі, үні. Қазақ қыздар дзюдо мектебінің әлем чемпионатындағы алғашқы медалі, қоласы. Қазақ қыздарының алғашқы жартылай финалы, алғашқы медалі. Осы уақытқа дейін әлем чемпионатында әйелдер құрамасы екі рет қола алған. Оның екеуі де Галбадрахқа тиісті еді. Міне, тарихтың жаңарғанына куә болып отырмыз», – дейді дзюдо сарапшысы Әйгерім Тоқсанбек.
Бұдан бұрын Әбиба жастар арасында әлем чемпионатының финалына шығып, күміске қолы жеткен-ді. Ол кезде де қазақ қыздары арасындағы алғашқы финалист болды. Осыған дейін Әлем чемпионатында 48 келі салмақта ел атынан Галбадрах Отгонцэцэг екі рет қола (2017,2018) медаль иеленген еді.
«Иә, жеребе жолдас болмағанымен, өзіме сендім. Мықты қыздарды ұтып, жүлдеге іліккеніме қуаныштымын. Алда Абу-Дабидегі жарыс күтіп тұр. Сонда алтын алуға барымды саламын. Жанкүйерлерге қуаныш сыйлап, қазақ елінің үмітін ақтауға барынша тырыс­тым. Залдың қолдауы рухымды көтерді. Сол жердегі, одан бөлек Қазақстаннан келген жанкүйерлердің демеуін сездім. Соның арқа­сында жеңіске жеттім деп ойлаймын», – дейді Әбиба Абужақынова.
Татамидегі бәсекеден бөлек, балуандардың қазақ тілі үшін күресіп жүргенін жақсы білеміз. Осы чемпионатта да Әбибаның өзге тілдегі сұраққа қазақша жауап бергенін, Сметовке сауал қойған орыстілді журналистің сөз соңын қазақша аяқтағанын көрдік. Жүл­демен қатар ұлттық рухты көтеріп жүрген дзюдо­шылар ел сенімін ақтап жүр.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ