Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 3-7 қазан аралығында Алматыда Қазақстан-Ресей бірлескен демаркациялық комиссиясының 122-ші отырысы өткенін мәлімдеді. Тараптар аумақтарды межелеу бойынша қорытынды құжаттардың жобаларын бекітуді жалғастыруда.
"Тараптар Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын қарастыруды және бекітуді жалғастырды, 2023 жылға арналған камералдық жұмыстар жоспарын бекітті, сондай-ақ алдағы жылы далалық жұмыстар жоспарын талқылады" делінген сенбі күнгі жарияланған құжатта.Ал 14 қыркүйекте Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді шекараны нақтылау үшін тағы екі-үш жыл қажет болуы мүмкін екенін нақтылап өткен еді.
"Ресейден басқа барлық көрші мемлекеттермен демаркация аяқталды. Бұл үшін тағы екі-үш жыл қажет болатын шығар", – деген еді ол.Айта кетейік, екі ел арасындағы шекараны бөлу туралы соңғы ресми деректер 2020 жылы жарияланған еді. Сол уақытта Қазақстанның Ресеймен мемлекеттік шекарасын демаркациялау жұмыстары 89 пайызға орындалғаны мәлім болған.