Ақтөбе облысы Шалқар ауданында мектеп директоры баласы мен әйелін пышақтап тастады. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни адам өлтіруге оқталу бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті екі айға қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялылығына байланысты таратылмайды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Науқастардың халін Шалқар аудандық ауруханасынан сұрап білдік.
«Анасы мен баласы бізге түсті. 7 жасар қызының құлақ тұсы, ал әйелінің бұғанасының үстінде кесілген жара болды. Жарақаттарын тігіп, таңып бердік. Олар ауруханада ем қабылдаудан бас тартты. Сондықтан амбулаторлық бақылауға жібердік», - деді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Еркебұлан Еркінұлы.