Өркениет игілігінен қағылған «сарай»
Өркениет игілігінен қағылған «сарай»
510
оқылды
Петропавл қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көпқабатты үйдің тұрғындары ұзақ уақыттан бері жарықсыз, жылусыз, ыстық сусыз, газсыз өмір сүріп келеді. Құжат бойынша бұл жерде сарай салынуы тиіс болған екен. Сол себепті 16-қабатты үйді инженерлік коммуникацияларға қосу мүмкін болмай отыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған бұл үйдің пәтерлері ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған мұқтаж жандарға бөлінген болатын. Мәселен, өмір бойы балабақшада жұмыс істеп зейнет демалысына шыққан Зәйтуна өз пәтеріне «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша қол жеткізіпті. Қоныстойын тойлаған соң қойнына сыймаған қуа­нышы су сепкендей басылған. Себебі күз келген соң күй кетіп, қара суықта бүрсеңдеп отыруға мәжбүр. Батареялар­дың барлығы сұп-суық. Электр жарығы жиі сөніп қала береді. Ыстық су да жоқ. Бұл үйге газ құбырын тарту мүлдем қарастырылмаған. Сондықтан барлығы электр желісіне тәуелді.
«Кешке электр жарығы болған кезде шай қайнатып үлгердік. Таңертең тұрсақ, қайтадан жарық жоқ. Құрғақтай тамақ іштік. Жарық тәуліктеп болмауы мүмкін», – дейді ол. Әсіресе, кішкентай балалары бар отбасыларға қиын. Бүлдіршіндер тоңбай, дұрыс тамақтанып, сабағын оқуы үшін көпшілігі оларды басқа туған-туысқандарына апарып тастауға мәжбүр болыпты. «Жарық та, жылу да, ыстық су да жоқ. Не тамақ пісіре алмаймыз, піскен тамақты жылыта да алмаймыз. Үйімізге газ баллондарын енгізгенімізді күтіп отыр ма? Әкімдік бізге осындай шала-жансар салынған үйді тапсырды. Мердігерлер өз міндет­темелерін толығымен орындамаған. Олар өз жұмыстарын біртіндеп атқарып аяқтауы тиіс болатын. Жоғары жақта­ғылар біздің қиындығымызға назар аударса екен дейміз», – дейді олар.
 ҮЙ ЕМЕС, ҚОРА БОЛУЫ КЕРЕК Мәселенің мәнісіне келсек, көп­қабатты бұл үй жылу құбырына қосыл­ған, жертөледе жылу бар, бірақ электр жарығы болмағандықтан жылу айдай­тын сорғы жұмыс істемейді. Тұр­ғын­дардың айтуынша, соңғы кездері салынған 16 қабатты екі үй уақытша электр желісіне қосылған. Оның қуаты – небәрі 100 киловатт қана. Ол тұрғын­дар электр плиталары мен жылытқыш­тарды қосқан кезде шыдас бермейтіні анық. Жаңа толыққанды электр желі­сіне қосу үшін қайтадан тендер жария­ланбақ. Ол өткізіліп, қорытын­дысы шығып, жұмыс атқарылғанша тұрғын­дарға шыдай тұруға тура келеді.
Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғындар дербес есепшот та аша алмайтын болып шықты. Себебі олардың үйі орналасқан жер телімінде құжат бойынша қора-қопсы тұруы тиіс екен. Бұл туралы мүлік иелері бірлес­тігінің ревизоры Светлана Зимарева айтты. «Бір қызығы, құрылыс компа­ниясы үй саларда бұл жайт еш бөгет болмағаны таңғалдырады. Ал салынған үйге жылу мен ыстық су тартуға келген­де қағаздағы осы дерек кесе-көлде­неңдей береді. Қазір біз құжат жүзінде бұл жерден қораны алдырып, орнына өз үйімізді балансқа қоюды көздеп жүрміз. Қағаз жүзінде барлық түйткіл осы қораға келіп тірелді», – дейді ол. Талай табалдырықты тоздырған тұр­ғын­­дар тауы шағылып, күдер үзе бастаған.
«ТҰРҒЫНДАР ӨЗДЕРІ КІНӘЛІ» Жергілікті билік басындағылар бұл мәселе шешіліп жатыр деп отыр.
«Тұрғындар электр жылытқыш­тарын жиі қолданғандықтан, жарық сөніп қала берді. «Альфа-Север» мердігер компаниясы апат себептерін жоюмен шұғылдануда. Тұрғындар дербес есепшот ашқанға дейін ком­мунал­дық ақыны мердігер компания төлейді», – деп түсіндірді Петропавл қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімінің баспасөз хат­шысы Әсем Айтулова.
Бірақ тұрғындарды мұндай жауап қанағаттандырып отырған жоқ. Олар­дың пікірінше, мұның бәрі уақытша шара ғана. Ертең қыстың суығында жағдай бұдан да қиындай түседі деп ойлайды. Жергілікті билік болса қалыптасқан жағдайға пәтер иелерінің өздерін кінәлап отыр. Петропавл қалалық әкімдігінің ресми жауабында былай делінген: «Тұрғын үйді коммуналдық қызметтермен толыққанды қамтамасыз ету үшін мүлік иелері бірлестігін құру қажет. Ол тіркелген соң пәтер иелері дербес есепшот ашуы тиіс болатын. Тұрғындар бұл жұмысты атқарған жоқ. Себебі көбі әлі өз пәтерлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ көпшілігі өз пәтерлерінде тұрмайды, жалға беріп қойған. Осының бәрі коммуналдық кәсіпорындарда есепшот ашуға мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан өткен жылыту маусымында құрылыс компаниялары коммуналдық шығындарды өз есебінен төледі. Оларға тариф заңды тұлғалар үшін есептеледі». Ал басқа тұрғындар жылу-электр стансасы қаусап тұрған қала үшін мұншалықты биік үйлер қажет емес деп есептейтінін айтады. Себебі көпқабатты үйлерді жылумен және ыстық сумен қажетінше қамтамасыз етуге кәсіп­орын­ның қуаты жетпейді. Айта кету керек, бұл – Петропавл қаласында салынған 16 қабатты алғашқы үйлердің бірі. Көпшілік мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің басым бөлігі осындай жағдайда деп ойлайды. Тіпті, «Арзанның жілігі татымас» деушілер де бар. Олар бұл үйдегі пәтер иелері арзан үй алғанына риза болуы тиіс дейді. Сонымен қатар тұрғын­дардың коммуналдық шығын­дарын мердігер компания төлеп жатқа­ны­мен де келіспейтінін білдіруде. Қалай болған күнде де, бұл жерге құжат бойынша қора емес, көпқабатты үй салынған соң тұрғындары коммуналдық қызметтердің шапағатын көруі тиіс емес пе?

Солтүстік Қазақстан облысы