Ауыл шаруашылығын алға жылжытуға мүдделіміз – Шолпан Қожабаева
Ауыл шаруашылығын алға жылжытуға мүдделіміз – Шолпан Қожабаева
615
оқылды
Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын ілгеріле­тудің маңызы зор. Бұл әрі мемлекеттік саясаттың басым бағыт­тарының бірі саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың биылғы Қазақстан халқына арналған Жол­дауында агросалаға айрықша назар аударылуы да бекер емес. «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі пробле­маның бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіз­дігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнім­дерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет», – деген еді Мемлекет басшысы. Осы орайда, он жылдан астам уақыттан бері ұйым­дас­тырылып келе жатқан KazAgro/KazFarm көрмелері де еліміздегі шаруашылық­тардың жаңа технологияға ден­деуіне біршама үлес қосып келеді. Ал осы халықаралық ірі шараны ұйымдастырып жүр­ген жанның бірі – Шолпан Қожабаева. Биылғы көрме ал­дында іскер заман­дасымызбен біз де аз-кем пікірлескен едік. – Шолпан Нұрұлдақызы, алды­мен KazAgro/KazFarm-2022 агро­өнеркәсіптік көрмелерінің биылғы жаңалықтары туралы айтып берсеңіз. – Жыл сайын көрмеге қатысу­шылар ауыл шаруашылығы техни­касы мен агроөнеркәсіп саласын­дағы көптеген жаңа өнім мен инно­вацияны ұсынады. Биыл да ерекше оқиғалардың куәсі боламыз деген ойдамын. Айталық, ауыл шаруа­шы­лығы техникасы жаңалықтарының ішінде күнбағыс дәнінен қабықты бөлуге арналған жаңа машиналары назар аудартады. Сол сияқты, KAMAZ жаңа көліктерін – әр­түрлі сусымалы құрылыс және өнер­кәсіптік жүктерді тасымалдауға арн­­алған автосамосвал және дәнді дақылдардың барлық түрлерін тасы­малдауға арналған көлемі 30 текше метрлік астық самосвалын ұсынады. Көрмелерге ілмекті тіс тырма­ларын және сырғалы тырмаларды алып келмек. Сол сияқты, «Туман-3» өздігінен жүретін бүріккіш-тарат­қышты біздің ауыл шаруашы­лы­ғымызға да аса қажет. KazAgro/KazFarm көрмесі құ­рал-жабдықтарды көрсететін дәс­түрлі стендтерден басқа, агроөнер­кәсіпті дамытуға арналған зама­науи цифрлық платформаларды да қамтиды. Мысалы, Tractor.app пай­­­­да­ланушыларға біздің ел ішінде және шетелде дәлелденген ауыл­ша­руашылық техникасын оңай ал­м­асу­ға мүмкіндік беретін ал­ғашқы іш­кі маркетплейсті ұсы­на­ды. Agro­stream биыл агрономға арналған жа­ңа модуль мен қо­сымшаны, аг­ро­номның жылжы­ма­лы күнделі­гі­нің бір түрі – AgroMap-ты көрсетпек. Сондай-ақ қонақтар «Үздік сауыншы» байқауы мен бұқа ұрықтарының аукционы сияқты түрлі шараларға қатыса алады. – Қазақстанда ауыл шаруа­шы­лығы саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда, сіз өткізіп жатқан көрмелер шағын және орта бизнеске пайдасын тигізе ме? – Жоғарыда атап өткенімдей, көрмелер шаруашылықтарды түрлі аспектілерде дамытуға және кеңей­туге көмектеседі. Саланы дамыта отырып, шағын болсын, орта бол­сын, бизнес те соған сай дамиды. Біз өз кезегімізде отандық және халықаралық деңгейде танылған ең озық компанияларды импорттауға тырысамыз. Осылайша, фермерлер мен малшылар үшін ең жақсы техниканы енгізу арқылы өнімділік бірнеше есе артады, бұл ШОБ табысын одан әрі арттырады. Бұл ретте біз аграрлық ғылымды дамытуға үлкен мән беруге күш саламыз, өйткені ғылым дамымай жаңа технология да, жаңа техника да болмайды. Біз аграрлы ел ретінде агроғылымға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Соның аясында түрлі оқу орындарымен, ғылыми орталық­тар­мен ынтымақтастық орнатуға ты­рысамыз. Болашақта осы саланы дамытатын өскелең ұрпаққа жол ашып, көрмелерімізге олардың өкіл­дерін көбірек қатысуына көңіл бөлуіміз керек. – Жаңа сөзіңіздің арасында асыл­тұқымды бұқа мен қошқар­лар­дың тұқымдарына аукцион өтетінін айтып қалдыңыз. Мұндай шараны өткізуге не себеп болды? – Біріншіден, агробілім, агро­ғылым бір орында тұрмайды. Ә­р­дайым өзгеріс, даму үстінде. Соны­мен бірге әлем де өзгеріп жатыр, климат та өзгеріп жатыр, ғарышқа неше түрлі ғарыш кемелері мен ұшақ­тар ұшуда. Адамның да денсау­лығы бұрынғыдай емес, 30-50 жыл бұрын бәрі басқаша еді. Сол сияқты, жануарлардың да, өсімдіктердің де вегетациясы өзгеріп жатыр. Осын­дай өзгерістер кезеңінде ғылым да қарыштап ілгерілеуде. Ал біз – аграр­лық елміз, агросала да алға жылжуы керек. Көрмені де сол үшін ұйым­дастырудамыз. Салаға кішкене бол­са да бір жаңалық енгізгіміз келеді. Дамыған елдердің өзгеше бір дүниесі болса, ол пайдалы болса, соны пайдаланғанды жөн санаймыз. Ал қазақ әу бастан, ата-дәс­түрімізге сай, мал шаруашылығымен айналысады. Осы салада да ғылым өзгеріп жатыр, біз де сол ғылымның артынан із басып үлгеруіміз керек. Әлемдік мал шаруашылығында қол­дан ұрықтандыру деген тәсіл бар. Бұл бүкіл жер шарында, алдыңғы қатарлы елдерде қолданылады. Не үшін? Жаңа айтқанымдай, бүкіл өзгерістер жануарларға да әсерін тигізіп жатыр. Олардың да тұқым­дары сиреп кеткен, жақсылары азайып кеткен. Адамдармен салыстырғанымыз қалай болар екен, десе де бедеулік тек адамдарға тән емес, қазіргі таңда малдарға да байланысты. Қолдан жасалған ұрықтандыру нәтижесін бірден береді. Себебі биоматериал­ды ішінен іріктеп алады, сапалы, күшті тұқымнан бізге қажет мал таңдап алынады. Бұл орайда, тұқым алына­тын малдың күтіміне, бабы­на, жағ­да­йына баса назар ауда­ры­лады. Осын­дай түліктен ғана тұқым алынады. Қазақстанда енді мал шаруашы­лығының дами беретіні анық. Бұл тоқтайтын процесс емес. Егер әлем­де осы жақсы тәсілді қолданып жат­са, неге бізге де қолданбасқа. Сон­дықтан біз оны жарнамалауымыз керек. Сол себептен біз осы аук­ционды ұйымдастырып отырмыз. Бұл алғаш рет өтетін аукцион. – Жалпы, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына қандай баға бересіз? – Тағы қайталап айтамын, ауыл шаруашылығы бір орында тұрып қалатын сала емес, әрдайым дамып, өркендеп отырады. Ал оған біз іле­сіп үлгеріп жатырмыз ба, үлгермей жа­тырмыз ба – бұл басқа мәселе. Ең ма­ңыздысы, біз көрме аясында са­ла­дағы соны жаңалықтардың бар­лы­ғын қамтуға күш саламыз. Өзі­міздің фермерлерге көрсетуге, бө­лісуге күш саламыз. Олар үш күн бойы біздің жаңалықтарымызбен танысып, жақ­сысын алады, тәжі­ри­бе жинақтай­ды, әріптестерімен пікір алмасады. Қалай десек те, ауыл шаруашы­лығы – өте ауыр сала. Біз ондағы қауырт жұмыстарды жеңілдеткіміз келеді. Жаңа техника, робот, тех­нология, тәсіл... барлығын қамты­сақ дейміз. Жастарды да осы салаға тартсақ деген мақсатымыз бар. Бұл сөздеріме қарап, еліміз бар­лық жағынан артта қалған екен ғой деген ой тумасын. Осы саланың ішін­де жүрген маман ретінде ай­тайын, Қазақстан ауыл шаруашы­лығы бойынша Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Мұны айтуы­мыз керек. ТМД елдері арасында да көш ілгеріміз. Кейбір позицияларда біз әлемде де алдыңға қатардамыз. Сондықтан тек ілгері ұмтыла беруі­міз керек. – Әңгімеңізге рақмет!  

Әңгімелескен Азат ҚАЗАҚ