Айтулы шараның екінші күні «Түркі әлемінің ақпараттық ынтымақтастығы» атты форумға ұласты. Ол жерде де Ұлыбритания, Италия, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінен келген қонақтар түркі дүниесіне ортақ ақпарат алмасу және оларды жариялау тұрғысындағы өз ойларын ортаға салды. Іс-шараға өз елімізден де «Ана тілі» басылымының Бас редакторы Қали Сәрсенбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы сияқты осы саланың белгілі майталман мамандарымен бірге танымал отандық медиаменеджерлер қатысты.
Екі күнге созылған шара Түркітілдес журналистер қорының мұрындық болуымен және «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен ұйымдастырылған "Әлеумет - қоғам айнасы" байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Әлеуметтік тақырыптарды қозғаған шығармаларға белгіленген байқауда әділқазылар алқасының шешімімен 1-орын - астаналық Әсел Жақсыбайға, екінші орын - «Айқын» газетінің тілшісі Жадыра Мүсілімге, үшінші орын талдықорғандық журналист Данияр Болысбекұлына бұйырды. Сондай-ақ Бағдәулет Айдағараев, Дастан Баширов, Айнагүл Шакупова мен Дәурен Махимовтар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Айта кетейік, тура осындай медиафорум 2018 жылы Түркияның Стамбұл қаласында алғаш рет өткізілген болатын.