Транскаспий тасымалы тынысы ашылды ма?
Транскаспий тасымалы тынысы ашылды ма?
© коллаж: Елдар Қаба
980
оқылды
Халықаралық геосаяси жағдай­дың шиеленісуі Қазақстанға оңай тиіп тұрған жоқ. Қазақ мұнайының 80 пайызы тасымалданатын Кас­пий құбыр желісі консорциумын Ре­сей жыл басынан бері төрт рет бұ­ғат­тап тастады. Мұндай қитұрқы әре­кеттің алда әлі де қайталан­ба­сы­на ешқандай кепілдік жоқ. Осы­ған орай ел билігі терістіктегі көр­ші­нің аумағын айналып өтетін ба­ла­малы дәліз ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының қуа­тын арттыруға шындап ден қоя бастады. Экспорттық дәлізді әртараптандыру Дүние дүрлікпей тұрғанда, Қытай мен Еуропа одағы арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 95 пайызы транзитпен Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағын басып өтетін. Сондай-ақ былтыр КҚК арқылы еліміз 53,1 миллион тонна мұнай тасы­малдады. Оның үстіне, біздің им­порт­тың 40 пайы­зы, экспорттың 29 па­йызы Кәрі құрлыққа тиесілі екенін және мұның бәрі Ресей аумағымен өтетінін ескерсек, Батыс санк­циясы салқынының бізге де тиіп жататыны түсінікті. Әл­бетте, өрке­ниет әлемі қазақ бизнесіне тікелей қы­састық жасап отырған жоқ, алай­да еуро­палық порттар РФ-ны тіпті транзит­тік кірістерден айыру үшін оның аумағы­нан өтетін басқа елдердің де тауар­ла­рын қа­былдаудан жиі бас тарта бас­тады. Со­ның салдарынан отандық өнім­дердің Ре­сей порттарынан әрі шыға ал­май қала­тын кездері көп. Ол жүк жөнел­тушілерді үл­кен шығынға батырады. Сондықтан Транскаспий халықаралық көлік бағ­дарының (ТХКБ) маңызы арта түсті. 7 шілдеде Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) жұмысы кезек­ті рет тоқтатылғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит әлеуетін дамытуға арналған жиында ТХКБ-ны жүзеге асыру үшін Үкі­метке және тиісті мекемелерге бір­қатар тапсырма берді.
– Транскаспий бағдары басым бағыт болып саналады. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ға оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасына инвес­торларды қатыстыру мүмкіндігін пысық­тауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбыр­ла­рының қуатын арттыру жөнінде шара­лар қабылдауы керек. Қазақстан теңіз ар­қылы тасымалдау әлеуетін толық пай­далан­ған емес. Қазір заман басқа. Порт­та­рымыз Каспий теңізінің жетекші хаб­та­ры­ның біріне айналуы тиіс. Теңіз фло­тын нығайтып, Ақтау портында контей­нерлік хаб құру қажет, – деді Президент.
Рас, Транскаспий бағыты тек мұнай тасымалдауға арналмаған әрі оның өткізгіштік қуаты анағұрлым аз. Сондай-ақ әзірге мұнайдың қанша бөлігі Каспий теңізімен Әзербайжанға, Грузияға, Түр­кияға және Еуропаға экспортта­латыны белгісіз. Әйтсе де, қазіргідей қысылтаяң шақта ТХКБ-ның рөлі ерекше. Ол Қытайдан басталып, Қа­зақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния секілді мем­лекеттерді басып өтеді. Бұл бағытқа Еуро­па елдері де қызығушылық танытып отыр. Бізге де бұл мүмкіндікті тиімді пай­далану керек. Оның үстіне, теңіз жолы­мен Иранға көмірсутегін тасымалдау мүмкіндігі бар екенін ұмытпайық. Жақында Транскаспий халықаралық көлік бағыты форумында ЕО Көлік ко­мис­сары, Еурокомиссия бас директора­ты, Еуропа сыртқы қызмет істері өкілдері Еуроодақтың Қазақстанмен және та­сы­мал дәлізіне қатысушылармен көлік-тран­зит­тік қатынасын тереңдете түсе­тінін мәлім етті. Ал Еуродепутат Богуслав Либерацки Брюссель Global Gateway стратегиясы аясында әріптестермен транзиттік байланыстарды нығайту үшін 300 млрд еуро бөлінетінін жеткізді. Ол транзиттік ағыстарды кеңейтіп, өңір елдерінің күннен-күнге өсіп келе жатқан сұраныстарын қанағаттандыра алатын болады. Порттардың өткізу қуаты артады Транскаспий желісі техникалық тұр­ғы­дан күрделі мультимодальдық бағыт, мұнда тасымалдауға теңіз және теміржол көліктері қатыстырылады. Сондықтан бағдардың инфрақұрылымын жетілдіруге және сервисті дамытуға көп қаржы қа­жет. Бірақ шығынның қайтарымы да қомақты болмақ. Бұрын бағыт қуатының төрттен бірі ғана жұмыс істеп келсе, енді ол 95 пайыз жүктелген. Рас, кейінгі уақытқа дейін Транс­каспий бағытының әлеуеті толық ашыл­ған жоқ. Кезінде Ақтау портында паром кешені салынып, оның өткізу қуатын арттыру үшін аумақта үш құрғақ жүк тер­ми­налы бой көтерді. Қазір оның инфра­құрылымы 21 млн тонна жүк өткізуге қабілетті. Сол себепті порттан кез келген тауарды, кез келген бағытқа тасымалдау мүмкіндігі бар.
– Ақтау және Құрық порттары ар­қылы қаңтар айында 14 мың тонна жүк та­сылса, ақпан айында ол 1,5 есе өсіп, 22 мың тоннаға, наурызда 4 есе артып, 88 мың тоннаға, сәуірде тіпті 238 мың тон­наға жетті. Өздеріңіз көріп отырғандай, жүк көлемі жыл басынан бері ондаған есе ұлғайды. Егер былтыр Транскаспий желісі бойынша жүк айналымы 700 мың тонна­ны құраса, биыл оның көлемін 10,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланған, – дейді ТХКБ бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов.
Оның айтуынша, Қазақстан, Әзер­бай­жан, Грузия және Түркия елдері алда­ғы бесжылдықта бұл дәліздің инфра­құрылымын кеңейту үшін 7,5 $ млрд ин­вестиция салуға уағдаласқан. Жаңа жобалар қазір жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан респуб­ликаның транзиттік жолдарын дамытуға және әртараптандыруға, көлік инфра­құры­лымын жетілдіруге 20 млрд $ ин­вестиция салуды жоспарланған. Осыған орай Ақтау портының қуатын арттыруға және онда контейнер хабын қалыптастыруға қатысты тиісті шешімдер қабылданды. Жоба бойынша Қытайдан Еуропаға баратын жүктің бір бөлігін ТХКБ-на көшіру, Түркіменбасы – Ақтау – ҚХР контейнерлік желісін дамыту жос­парланған. Жоспар жүзеге асқан жағ­дайда контейнер тасымалы қазіргі 40 мың ДФЭ-ден 2025 жылы 133 мыңға жетеді деп топшыланған. Сол арқылы республиканы Орталық Азиядағы ірі көлік-логистикалық хабқа айналдыру көзделген. Каспийде Қазақстанның өз сауда флоты жұмыс істейді. Оның құрамында 4 құрғақ жүк тасушы кеме бар. Ұлттық теңізде тасымалдаушы «Қазтеңіз­транс­флот» АҚ жыл соңына дейін оның санын 6-ға жеткізуді ойластырып отыр. Жақын күндері жаңа желі арқылы Ақтау тер­ми­налын Әзербайжанның Говсана пор­ты­мен жалғамақ. Әзербайжан өз тарапынан бағытты одан әрі дамыта отырып, Ар­мения арқылы Түркияға өтетін Зангезур дәлізін іске қосатын болады. Құрылыс жұмыстары осы қарқынмен еш тежеусіз жүргізілетін болса, онда 3-5 жылдан кейін ТХКБ-ның өткізу қуаты айтарлық­тай ұлғая түсетіні сөзсіз. Бұдан бөлек, Транскаспий дәлізінің қуаты жылына 10 млн тонна мұнай тиеуге қабілетті Грузия­ның Кулеви порты арқылы да күшейтіл­мекші. Сондай-ақ қазір түрлі түсті ме­талдар мен темірді, көмірді Түркия мен Грузия порттары арқылы өткізу жайы да қарастырылып жатыр. Айта кетейік, жерүсті көлігімен тасы­малдау бағдарын күшейту экономиканың барлық саласына мультипликативтік әсер береді. Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміз барлық көлік дәлізін жаңғырту жұмыстарын 2030 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлаған. Бұл шаралар экспорттық тасымал дәлізін әртараптандыруға мүмкіндік беретін болады.