Саяхатқа миллиондаған қаржы қажет емес
Саяхатқа миллиондаған қаржы қажет емес
603
оқылды
Осы заманғы жастар тү­сі­ні­гіндегі құндылықтар да транс­фор­мацияға ұшырағандай. Айталық, бұрын құндылық деп ба­ғалы заттар мен құнды қа­сиет­терді айтса, қазіргі жас­тар­дың басты құндылығы – ел көріп, әлем аралау. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әйгерім Төлбасы да осы санатта. Ол небәрі 20 жасында 30 елді, 62 қа­ланы аралап үлгерген. Ең қызығы, Әйгерім саяхатының барлығын тиімді бағаға өзі ұйымдастырады. Ол әлемді аралау арқылы өмірге деген көз­қарасы да өзгергенін айтты. – Ең алғаш қай елге, қашан саяхаттадыңыз? Жалпы, саяхатшы болу идеясы қалай келді? – Алғаш рет шетелге 14 жасымда шықтым. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүргенде түрлі жобаға қатысып, белсенділігімен көзге түскен оқушылар Қазақстан­ның басқа қалаларына, шетелге білім алу үшін тегін жіберілетін еді. Саяхаттауға деген қызығушылық мектептің берген мүмкіндіктерінен басталды. Әртүрлі жобаның арқа­сында Қазақстанның бірнеше облысына саяхаттадым. Сол бел­сен­ділігім үшін 9-сыныпта мені Малай­зияға 20 күнге тегін оқуға жіберетін болды. Ең алғаш ұшаққа да сол кезде отырдым. 2 күн ішінде жиналып, ата-анамсыз Малайзияға аттандым. Малайзияда жаңа әлемді көр­гендей болдым. Мүлде басқа ел, та­биғаты, тұрмыс-тіршілігі, мә­дениеті мен адамдары да басқа. Бір елді көру арқылы бұл әлемнің қан­дай үлкен әрі қызыққа толы екеніне көзім жетіп, басқа елдерге де сая­хаттағым келді. Осылайша, жүре­гімде әлемді аралау деген арман пайда болды. Малайзиядан соң басқа елдерге қатты барғым келді, шетелге оқуға түсу жолдарын қарас­тыра бастадым. Мәскеу, Түркия, Гонконг сияқты дүниенің әр тұ­сы­нан білім грантын ұтып алсам да, бір қиындықтар туындап, бара ал­май қалдым. Кейіннен Қазақстанға оқуға түстім. – Қыруар қаражатсыз қалай тиімді саяхаттауға болады? – Саяхаттау үшін миллиондаған ақша қажет деген ой біздің қоғамда қалыптасып қалған. Жасына, жы­ны­сына, әлеуметтік-материалдық статусына, интеллектуалды қабілет­теріне және басқаға қарамастан, кез келген адам саяхаттай алады. Ол үшін тек интернет қолдана алуы және әлем аралауға деген қызығу­шылық болуы қажет. Саяхаттауға кететін қаражат әр адамның жеке қалауына байланысты. Мысалы, Дубайға 100 мың теңгемен де, миллионмен де баруға болады. Өзім тиімді саяхаттауды таңдаймын. Себебі маған ең маңыздысы, жай­лылық емес, жаңа елден алатын эмоциялар. Тиімді саяхаттау үшін комфорттан бас тартып, эмоцияға мән берілуі керек. – Сізге ұнаған 3 ел? – Әрбір елдің өзіндік ерекшелігі бар, бірақ маған ең қатты ұнағаны Америка Құрама Штаттары болды. Мен Америкада 4 ай жалғыз өмір сүріп көрдім. Сол кезде расында Америкада еркіндікті сездім. Неге америкалықтар жиі басқа елдерге саяхаттамайды десем, өздерінде бәрі бар екен. АҚШ-тың 8 штатында болдым. Әр штат жеке бір ел сияқты әсер қалдырды. Сондай-ақ Еуропа елдерінен Дания мемлекеті ерекше әсер қалдырды. Статистикаға сәйкес, ол жерде әлемдегі ең бақытты адамдар тұрады. Олар қандай болады, не үшін бақытты деген сұраққа жауап алу үшін сол елге бардым. Расында, өте суық болса да, халқы жылы жүзді. Олардың өмірге деген көз­қарасы мені таңғалдырды. Дания халқының өмір салты ерекше, жұмыс пен демалыс арасындағы тамаша тепе-теңдікті ұстанады. Олар өмірден ләззат алу үшін өмір сүреді. Сонысы маған қатты ұнады. Ал үшінші елге Италияны жат­қызғым келеді. Италиялықтардың өмір сүруге деген көзқарасы маған өзге ой салды. Олар Dolce Far Niente деген ұстаныммен өмір сүреді. Яғни, ештеңе жасамау және со­дан ләззат ала білу. Халық еш­қайда асықпай, өз темпінде өмір сүреді. Тіпті, «ештеңе жасамау» деген жоспарды күніне қосады екен. Кейде бізге де осындай жай ғана өмір сүруден рақат алу сезімі жетіспейтін сияқты. Әйгерім Төлбасы – Саяхатқа Қазақстанда көп ақша кете ме? Әлде шетелде ме? – Саяхатқа Қазақстанда көп ақша кететіні бәріне мәлім. Соның ішінде көп қаражат әуе билеттеріне жұмсалады. Бізде бір қаладан екінші қалаға ұшып бару өте қымбат. Ал Еуропада бір елден екінші елге 10 мың теңгеге ұшуға болады. Ал қалған пункт бойынша, тамақтану, қонақүй Қазақстанда Еуропа елдерімен салыстырмалы түрде арзан. – Бір сұхбатыңызда «турист пен саяхатшының арасында үлкен айырмашылық бар» депсіз. Сонда қандай? – Турист пен саяхатшы ара­сында үлкен айырмашылық бар. Турист дайын турды сатып алып, 3 мез­гіл тамағы бар қымбат қонақүй­де демалатын адам деп те айтуға бо­лады. Туристер экскурсияны сатып алып, белгілі бір маршрутпен қоз­ғалады. Ал саяхатшы басқа елге сая­хаттағанда сол жердің адамдары­мен сөйлесіп, үйінде қонып, қалай өмір сүретінін толық көретін адам. Саяхатшы басқа елге тек оның әдемі табиғаты мен көрнекті жерлерін көруге ғана бармайды. Өзін сол елдің тұрғыны ретінде сезініп, елді зерттей біледі. Саяхаттау – бұл тек демалыс емес, өз-өзіңді ашу, тану процесі. Саяхаттау кезінде адамның мінезі қалыптасады. Кенеттен туын­даған қиындықтарды шешу ар­қылы адамның өзіне деген сенім­ділігі артады. Қиын сәттерде эмо­цияға берілмей, дұрыс шешім шығаратын деңгейге жетеді. Жиі саяхаттайтын адам материалдық өмірге бай­лан­байды. Ол тек мини­мализмді жақсы көреді, керек емес дүниеден бас тарта біледі. – Шетелде әртүрлі хосттардың үйінде болдыңыз. Жалпы, хостармен қалай байланысасыз? Олардың қо­нақ­жайлығы қандай? – Иә, саяхатқа аз ақша жұмсау үшін сол елдің жергілікті тұрғын­дарының үйіне қонақ боламын да, тегін орналасамын. Бүкіл әлемнің саяхатшыларын байланыстыратын Couchsurfing деген мобильді қо­сымша бар. Бұл әлеуметтік желі сияқты. Онда әрбір қолданушының жеке парақшасы, ақпараттары бо­лады. Осы қосымша арқылы басқа елден хост табамын. Ал хост деген – мені үйіне қонақ қылатын үй иесі. Олар өзіміздің қазақ халқы сияқты өте қонақжай келеді. Бар­лығын көр­сетіп, түсіндіріп, тамағын ұсы­нып, әңгіме айтып, жағдайыңды жасайды. – Еліміздегі туризмді дамыту үшін не істеу керек? – Елімізде туризм саласы баяу қарқынмен дамып жатыр. Дегенмен анық байқалмаса да, елімізге шетелден келетін туристер жоқ емес. Ал Қазақстанның туризмін әлемдік деңгейге көтеруге толықтай мүмкіндік бар. Менің ойымша, туризмді дамыту үшін ең бірінші Қазақстаннан ұшатын және елге келетін ұшақтардың билет бағасын төмендету керек. Дәл осы тәсілді Грузия қолданып, қазір оларда туристер саны күннен-күнге артып келеді. Екіншіден, баға саясатын қа­лыптастыру қажет. Біздің елде ше­телдік адамды көрсе, такси жүргізу­шілерінен бастап артық ақша алып қалғысы келеді. Сол үшін халықтың туристерді қабылдауға деген көз­қарасын өзгерту керек. Ол бірден орындалмаса да, халыққа маңызды­лығын жеткізуіміз қажет. Үшіншіден, еліміздегі керемет табиғат дестинациялары жайлы шетелдік туризм порталдарында жарнама жасау керек. Біздің елге көп келе бермейді, себебі мұнда не бар екенін білмейді. Ішкі туризмді дамыту үшін украиналық «Орел и решка» сияқты бағдарламаға ұқсас дүниені жасап шығару керек деп ой­лаймын. Әр облысқа саяхат жа­сап, оны басқаларға көрсету арқылы адамдардың қызығушылығын арт­тыруға болады. Қазір мен өз парақ­шамда да дәл осы нәрсені жүргізіп жатырмын. Әрбір өңірде баруға болатын жерлер тізімін құрастырып, оқырмандарға ұсынамын. Төртіншіден, халықтың қалта­сына қарай бағаларды ұсыну керек. Бізде тек Көлсай-Қайыңдыға бару тиімді болғанымен, Шығыс Қа­зақстан облысындағы Марқакөл сияқты жерлерге турлар бағасы 50 мың теңгеден жоғары. – Әңгімеңізге рақмет!