Алапат шығын орасан үнемге айналады
Алапат шығын орасан үнемге айналады
221
оқылды
Үкімет 128 миллиард теңгеден астам қаражат үнем­демек. Бұл жайында Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында ел Президентінің мемлекеттік және квази­мемлекеттік секторлардың еш қиындықсыз кейінге қал­дыруға болатын шығыстарын қысқарту тапсырмасының орындалу барысы қаралды. Нәтижесінде, меморгандар мен ұлттық компанияларда ба­сымдықты емес шығындар тым көп екені әшкереленіп отыр. Аталған бағытта атқарылып жат­қан жұмыстар туралы баяндаған Үкімет басшысының бірінші орын­басары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, Мемлекет басшысы міндет қой­ғаннан кейін барлық шығыстар талданды және оларды қысқарту бойынша ұсыныстар әзірленді. – Осы ұсыныстар 2020 жыл бюджетін нақтылау және келесі 3 жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде жүзеге асырылады. Жалпы алғанда, 128,6 миллиард теңгенің өнімді емес шығысын оңтайлан­дыру жөнінде ұсыныс түсті. Со­ның ішінде меморгандардан – 23 миллиард теңге, өңірлерден – 26,6 миллиард теңге және ква­зимемлекеттік сектор субъек­ті­лерінен 79 миллиард теңге алып қойылады, – деді ол. Осыдан бірнеше жыл бұрын, дағдарыс тұсында бюджет қа­ражаты тапшы болғандықтан ел Үкіметі дәл осындай қадамға барды. Салдарынан «қара тізімге» әлеуметтік нысандар да ілігіп, өңірлерде бастау алған мектеп, аурухана, балабақша құрылысы қаңтарылып тоқтап қалды. Бірақ Ә.Смайыловтың мә­ліметінше, бұл жолғы оңтайлан­дыру өзгеше. – Мемлекеттік бюджеттен оңтайландыруға мынадай шы­ғыстар ұсынылды: семинарлар, конференциялар өткізуге, авто­көлік, жиһаз сатып алуға арналған шығыстар 4,2 млрд теңгені құ­райды. Сондай-ақ іссапар, өкілдік шығыстар, талдамалық зерттеу­лерге көзделген 15,7 млрд теңге, өзге де өнімді емес шығыстар – 29,7 млрд теңге. Өз кезегінде Қар­жы министрлігі инвестжоба­лар­дың толық және уақытылы иге­рілуін бағалау негізінде шығыс­тарды оңтайландыру бойынша қосымша ұсыныс әзірледі. Оған сәйкес, әкімшілермен бірге шы­ғыстарды қосымша оңтайландыру мәселесі пысықталып, ол 2020 жылғы бюджетті нақтылау кезінде ескеріледі, – деді Ә.Смайылов. Өңір әкімдері шығындарын жалпы сомасы 26,6 млрд теңгеге азайтуға келіскен. Бірақ Үкімет мұны азсынып отыр. Сондықтан орталықтан ауыл-аймаққа бері­летін трансферт қаржы да кемі­тілетін болды. «Қаржы министрлігі 2019 жыл­ғы жергілікті бюджеттің игерілуі қорытындыларын қарады. Был­тыр жергілікті бюджеттердің кі­рістері асыра орындалды. Яғни, профицит. Нәтижесінде, бос қал­дықтар қалыптасты. Осыған байланысты республикалық бюд­жеттен аударылатын нысаналы трансферттер есебінен іске асы­рылатын жобалардағы өңірлердің қоса қаржыландыру үлесін тағы 7% ұлғайту ұсынылады. Тиісінше, республикалық бюджеттен 36,9 млрд теңге қаражат бөлінбей, қазынада қалады», – деді Бірінші вице-премьер. Былтыр 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті Парламентте қорғау барысында Үкімет диви­денд саясатын қайта қарау бо­йынша міндеттеме қабылдаған. Оның нәтижелері бюджетті нақ­тылау кезінде жария етілмек. Әзірге Ұлттық экономика ми­нистрлігі квазисектор кәсіпорын­дарының бюджетке төлейтін дивидендтері үлесін 50%-ға дейін жеткізу мәселесін пысықтауда. Бұл бюджетте жетпей жатқан қаржыны біраз толықтыруға тиіс. Үкімет басшысы Асқар Ма­мин ұлттық холдингтер мен ұлт­тық компаниялар басшыларына директорлар кеңесті, басқарма отырыстары аясында шығыстарды қысқарту жөнінде тиісті корпо­ративтік шешімдерді қабылдауды тапсырды. – Ал жергілікті жерлерде әкім­діктер мәслихат арқылы төл бюд­жетінің шығыстарын қыс­қарту жөнінде шешім қабыл­дауы қа­жет, – деп жүктеді Асқар Мамин.   Айхан ШӘРІП