Ауызсусыз қалған ауыл бар
Ауызсусыз қалған ауыл бар
984
оқылды
Ауылдарды ауызсумен қамту мәселесі бойынша бірнеше мемлекеттік бағ­дар­­лама жүзеге асыры­лып, жүздеген мил­лиард­тар құ­йыл­­ғанымен, ауыз­сусыз отыр­ған ауылдар­дың қатары азай­май тұр. Ақ­мола облы­сында да шал­ғайда жатқан он­даған ауыл халқы жылдар бойы ауызсусыз отыр. Түйт­кілді жағдай жөнінде тұрғын­дар аудан және облыс әкім­дігінен бастап «AMANAT» пар­­т­ия­сының қоғамдық қа­был­­даулары арқылы Пар­ламент Мәжілісінің де­пу­тат­тарына дейін та­лай жүгінген. Алайда құ­зыр­лы органдар тарапы­нан қырық уәде бе­рілгені­мен, кенезесі кепкен жұрт­шылықтың басы ауыр азап­тан арылмай келеді. Күні бүгінге дейін ауызсуға жа­рымай отырған елдің бірі – Атбасар ауданындағы Есенгелді ауылы. Бүгінде 600-ден астам адам түтін түтеткен ауылда ауызсу аптасына бір-ақ рет, бірер сағатқа ғана беріледі. Ал оған үлгергені үлгерді, үлгермегені келер аптаға дейін сусыз қалмақ. Бұл ауылға ауызсу сонау Қорғалжын ауда­нындағы Сабынды ауылынан Қор­ғалжын, Егіндікөл ауданда­рын басып келеді. Сонау 70-жыл­дардың орта шенінде салынып, әбден тозығы жеткен Нұра топтық су құбыры арқылы жеткізілетін ауызсу үнемі үзіліп, тоқтап қала­ды. Жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізілгенімен, жұрт қы­рық жамалған құбырдан күнара су тамбай қалатынын айтады. Ауылдағы су жүйесіне 400 миллион теңге кеткен
«Біздің ауыл ауызсудың зар­дабын өмір бойы тартып келеді. 2014 жылы 400 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылда жаңадан су айдау мұнарасы, су сору сор­ғысы басқа да құрылғылардың бәрі жаңадан қойылған. Қыруар қаржы шығындаған ауылдағы ағайынның көпшілігі өз есебінен суды үйіне тартып алған. Бірақ тозығы жеткен Нұра топтық су құбыры үнемі жарылып ауызсу кел­мей қалады. Облыстық әкім­дік пен аудандық бюджет қор­жы­нынан жыл сайын жамап-жасқап жөндеген болады. Бірақ ауызсу сол күйі бізге жетпей келеді. Бізге дейін құбыр бойында жатқан Қорғалжын, Егіндікөл ауданын­дағы ондаған ауыл да ауызсудың тапшылығын тартып отыр. Су аптасына бір-ақ рет жұма күндері беріледі. Соны талғажау етіп, үнем­деп, келер аптаға дейін жет­кізіп ішуге тура келеді. Су болма­ғанда халық ыдысын су тасығыш көліктермен жеткізілетін тасымал суға тосуға мәжбүр. «Атбасар Су» коммуналдық шаруашылығынан су келмей қалады. Соңғы 2-3 апта тіпті болған жоқ. Көлікке жанар­майлары да жоқ. Естуімізше, ол банкрот болғалы жатыр екен» дейді Атбасар ауданы Есенгелді ауылының тұрғыны, қауымдастық төрағасы Нұрбай Жүсіпов.
Тозығы жеткен Нұра су құбы­рындағы жағдайды Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ор­талық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифинг бары­сында да баян еткен. Министрдің айтуынша, биыл құбырдың 16 шақырымдық 9 апатты учаскесі жаңартылған. Құбыр 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартуды аяқтау жоспарланыпты. Анықталғанындай, орталық­тан­дырылған үнемі үзіліп қалатын су құбыры мәселесін шешу об­лыстық және аудандық деңгейін­дегі әкімдіктер мен «Атбасар Су» коммуналдық шаруашылығының құзырында болып шықты. Су келмеген тұста халықты сумен қамту үшін «Атбасар Су» ШЖҚ КММ-сі мен «Тілекей Агро» се­рік­тестігі ауылға су тасуды ұйым­дас­­тыратын болған. Ал ол су ауыл­дан 12 шақырым қашықтық­тағы табиғи құдық пен 45 шақы­рым жердегі Новомариновка ауылынан бір-ақ жеткізіледі. Құбыр жарылған жоқ Мәселе жөнінде Атбасар ау­даны әкімдігінің де пікірін білмек болдық. Әкімдік көршілес ау­дандарда су құбырындағы соңғы жылы жиілеп кеткен жарылыс­тардан кейін суды аптасына бір рет беруге мәжбүр болғанын жеткізді.
«Ауылға су Нұра топтық су құ­быры арқылы келеді. Құбыр ұң­ғымасы Қорғалжын ауданын­дағы Сабынды ауылында ор­на­ласқан. Құбыр Қорғалжын ауданы мен Егіндікөл ауылдарын басып өтеді. Аталған аудандар аумағында су құбыры трассасының 70-80 па­йызының әбден тозығы жеткен. Сондықтан да құбыр үнемі жары­лып, су берілуі тоқтап қалады. Ал Атбасар ауданы аумағындағы құбыр жаңартылған. Ешқандай жарылған жері жоқ. Есенгелді ауылы әкімінің айтуынша, ауылға 21 қыркүйекте құбыр арқылы 477 текше су жеткізілген. Көршілес ау­дандардың аумағында су құбы­ры жиі жарылғандықтан, апта сайын 100 текше мөлшерінде су беру кестесі жасалды. Бұл кестені ауылдың қауымдастығы бекіткен. Қазір ауылдағы су қоймасы ре­зер­вуарында 250 текше су бар. Есеп­теп жұмсалса, айына 500 текше су кетеді. Оған қоса, су тасығыш кө­лік­пен жеткізу де ұйымдас­ты­ры­­лып отыр. Егіндікөл және Қор­ғалжын ауданы басшылығының айтуынша, қазір аталған аудан­дардың аумағындағы су құбырын жөндеуге жобалық-сметалық құ­жаттамалар әзірленіп жатыр», – дейді Атбасар ауданы әкімдігі.
 

P.S.

Сонымен, ауызсуды апта бойы күтетін ауылдағы ағайынға тамақ жібітірлік таза судың қашан үзіл­местен тұрақты берілетіні бей­мәлім. Оған дейін ыдыс сүйреген жұрттың тасымал суды талғажау ету­ден басқа амалы жоқ...