Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға көп көңіл бөлінетіні баршаға мәлім. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау қаржылай және қаржылай емес іс-шаралар түрінде кеңінен көрсетіледі. Осы ретте кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарды ақпараттық-талдамалық тұрғыда қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл шараның барлығы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылып жатыр. «Кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарды ақпараттық-талдамалық тұрғыда қамтамасыз ету» құралы экономиканың барлық секторында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілеріне және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға қайтарымсыз негізде көрсетілетін ақпараттық-консультациялық қызметтер кешенін қамтиды.
«Өңірлік кәсіпкерлер палатасының моноқалалардағы, шағын қалалардағы және аудан орталықтарындағы филиалдарында іске асырылады. Бүгінде елімізде барлығы облыстық деңгейде 19 және аудандық деңгейде 190 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (КҚКО) бар. Ал облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана үшін ЭЦҚ арқылы тіркеу жолымен «Атамекен» ҰКП-ның www.G4B.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар бүкіл республика бойынша жеке қабілеттер мен бизнес-біліктіліктерді дамыту мақсатында тегін вебинарларға ZOOM-платформасына сарапшы-спикерлер шақырылып және YouTube каналында тікелей эфирде барлық қатысам деушілер үшін апта сайын онлайн шеберлік сабақтары өтеді. 2021 жыл мен 2022 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша кәсіпкерлерді ақпараттық-талдамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөнінен 63 370 клиентке 284 920 кеңес берілді», – дейді «Атамекен» ҰКП Жаппай кәсіпкерлік және микроқаржыландыру департаменті директорының орынбасары Абай Мүслімов.
«Ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асып келе жатқан бұл жұмыстар 8 жылдан бері жалғасып келеді. Кәсібін енді қолға алған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер үшін тегін қаржылай емес қолдау көрсетудің маңызы зор. Әрі кәсіпкерлер арасында да үлкен сұранысқа ие. Бұған клиенттер санының жыл сайын артып келе жатқаны дәлел. Әрбір кәсіпкер біздің орталыққа келіп, өзімен бірге растайтын құжаттарды (мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, жеке куәлік) әкеле отырып, көрсетілетін қызметтердің кез келгенін ала алады. Қызметтер үздіксіз және тегін екі бағытта көрсетіледі. Бірінші бағыт – кәсіпкерлер және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарды ақпараттық-талдамалық тұрғыда қамтамасыз ету. Аудандық деңгейде менеджер-кеңесшілер қаржы институттарымен жұмыс істеу шарттарын түсіндіреді. Жеке бизнес ашу және жүргізу бойынша консультация береді және оған сүйемелдеу көрсетеді, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат береді», – дейді Абай Мүслімов.Кәсіпкерлерді қолдаудың екінші бағыты – сервистік қолдау. Сервистік қолдау экономиканың барлық секторында қызмет ететін, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге көрсетіледі. Мұнда 4 мамандандырылған қызмет тегін ұсынылады. Бұл бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, сондай-ақ заңды мәселелер мен конкурстық (тендерлік) рәсімдер бойынша статистикалық есептілікті жасау, маркетинг мәселелері және қаржыландыру, мемлекеттік қолдау шараларын алу бойынша қызметтер. Кәсіпкерлердің үлкен ауқымын қамту және барлық кәсіпкерге қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шымкентте облыстық және аудандық КҚКО-лар құрылды. Анықтама үшін айтар болсақ, 2021 жылы сервистік қолдау құралдары бойынша 26 718 клиентке 31 788 қызмет, ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бойынша 70 566 клиентке 169 194 қызмет көрсетілген.