Ақаң тойы әлемдік деңгейде аталып өтуде – Райхан Сахыбекқызы
Ақаң тойы әлемдік деңгейде аталып өтуде – Райхан Сахыбекқызы
818
оқылды
Биыл Алаштың ақтаңгер азаматы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының туға­нына 150 жылдық торқалы тойы елімізде ғана емес алыс-жа­қын шетелдерде аталып өтуде. Мерейлі тойдың ұлтқа, бола­шаққа берер тағылымы қандай? Жалпы, атаулы жыл қанша­лық­ты дәрежеде өтіп жатыр? Осы және өзге де сауалдар жөнін­де Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі, «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Райхан Сахыбекқызымен сұхбаттасқан едік. – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ның 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Ұлт ұста­зы­ның мерейлі тойы жалпы, еліміз­бен бірге өзге шетелдерде қаншалық­ты деңгейде аталып өтіп жатыр? Осы тойдың басы-қасында жүрген адам ретінде кеңірек айтып берсеңіз? – Ғұлама ғалым һәм ұлт ұстазы­ның 150 жылдығын әлемдік дең­гейде атап өтудің – келешек ұрпақ үшін аса маңызды екенін білгеніміз жөн. Шын мәнісінде, 2021 жылдың 21 қарашасындағы UNESCO-ның 41-ші Бас конференциясы бары­сында 2022-2023 жылдардағы ме­рей­тойлық даталарға қосу туралы ар­найы қарарға Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның 150 жылдығын атап өтудің енгізілуі – қазақ елінің тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі екені даусыз. Себебі қандайда тарихи тұлғаның мерейлі жылы UNESCO деңгейінде аталуы үшін қойылатын талап үдесінен шығу – күрделі мәселе. Оны осы тойға дайындық кезеңіндегі құжаттар кешенін жи­нақтау барысында аңдадық... Ең маңыздысы, жұмыстың қиын­­дығы емес, нәтижесі ғой. Міне, әлемдік деңгейде ғұлама ға­лымды ұлықтау жиі аталып аталып өтуде. Атап айтсақ, 4 қазанда Париж қаласында (Франция) Ұлт ұстазы­ның 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және ренес­санстық өркениет» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Бұл ісшараға ЮНЕСКО Бас директоры­ның орынбасары Син Цюй, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Т.Ешенқұлов, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республика­сының Тұрақты өкілі, Қазақстан Рес­публикасының Француз Респуб­ли­касындағы және Монако Князь­ді­гіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Г.Арыстанқұлова, отандық және шетелдік алаштанушы, ах­меттанушы ғалымдар қатысты. Ал осы айдың 12-сі күні Қазақ­стан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Қирабаев бас­таған сол елдегі алаштанушы ға­лым­­дардың ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғы­лымы­ның қалыптасуы мен мем­ле­кеттілігіне қосқан үлесі» атты халықаралық конференция өткізу жоспарлануда. Бұған дейін қаншама халықаралық, республикалық, облыстық, тіпті аудан, ауыларалық іс-шаралар өткізілуде. Бауырлас мемлекет Түркияның Ыстанбұл университетінде ТҮРКСОЙ аясында отандық және ше­тел­дік зиялы қауымның қатысуы­мен арнайы дөңгелек үстел өткізу қарашаның бірінші онкүндігінде жоспарланып отыр. Және Түркия­ның төрінен түркі әлеміне ортақ тарихи тұлғамыз Ахмет Байтұр­сынұлының еңселі ескерткіші бой көтеруіне мемлекет бюджетінен қаржы бөлініп, жұмыс атқарылуда. Бұл дегеніміз – Ұлт ұстазын ұлық­таудың ғажап үлгісі емес пе?!  – Ендігі әңгімені өзіңіз басқарып отырған киелі шаңырақ Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің жай-күйіне бұрсақ? Ақаңның торқалы тойы тұсында қандай жақсы жаңалықтарыңыз бар? – Ең үлкен жаңалығымыз – күр­делі жөндеуден өткен тағылым мек­тебіне айналған ғимаратттың қайта қалпына келтіріліп, жаңғыр­ты­луын­да. Талай жылдардан бері жеке­мен­шіктің қоластында болған бұл киелі шаңырақтың өз иесін табуында. Яғни, былтырдан бастап музей-үйі тұрған ғимарат жеке адам­ның қолынан, қалалық әкім­діктің балансына өтті. Ол Ахметтей тұлғаның жекелейтін зат емес, ұлтқа һәм туыс ұлысқа ортақ ерен тұлға екендігінде. – Той қарсаңында Ахмет Байтұр­сынұлындай тұлғамыздың тек қазақ халқына емес өзге Түркітілдес ел­дерге де кеңінен танымал тұлға бол­ғаны жайлы деректер айтылып жатыр. Оған дәлел ретінде – Ахаңның сонау 20-жылдары Бакуде өткен Халықара­лық конференциядағы бейнежазбасы табылуы дер едік. Осы ойымызды нақтылайтын біз біле бермейтін өзге де қандай деректер бар? – Иә, дұрыс айтасың. Ақаңның тек қазаққа ғана емес, жалпы Орта Азия халықтары, оның ішінде мұсылман баласына ортақ ғалым, ағартушы болғандығын дәлелдейтін деректер там-тұмдап болса да шы­ғып жатыр. Бұл бізді бек қуантады. Сұрағыңа нақты жауап ретінде мына бір деректі келтіре кетейін. 1967 жылдары Нью-Йоркте «Ор­талық Азия Ресей билеуінде»/ «Central Asia a Century of Russian Rule» атты ғылыми-зерттеу жарық көрген. Зерттеу Колумбия универ­ситетінің профессоры Эдвард Олуорттың жетекшілігімен жасал­ған. Ол аталған еңбекті өз шәкірт­тері: Ян Муррей Мэтли, Карл Х.Мэнгес, Джонна Спектор, Артур Спрагпен бірлесіп шығарған. Ғы­лыми зерттеуде Орта Азия халық­тары мен қазақ халқының эконо­микалық, саяси, мәдени даму жол­дары туралы, олардың ұлттық се­зімінің оянуы, зияткерлік жағынан өсуі, әдебиетінің дамуы жөнінде, әсіресе әр халықтың осы үлкен саяси істерде зор қызмет көрсеткен қайраткерлері туралы мағлұмат берген. Бір таңқаларлығы, осы 1967 жылдың өзінде кеңестік жүйе «ха­лық жауы» деп қаралаған Ахмет Байтұрсынұлы туралы «25 бетке» жуық мәлімдемелік деректер қам­тылып, оның саясат, әдебиет, мә­дениет саласындағы ерен істерін ерекше бағалайды. Ағартушының көзілдірікті (пенсне) сүгіретін беріп: «Қазақ жазуының көшбасшысы» деп жазған. Мұнан бөлек, «Байтұр­сынұлы, шын мәнінде, ең маңызды саяси тұлға болды» деп, қазақ кө­семін «Ахмет Байтұрсынұлын кім өлтірді?», «Ақиқатында, әрбір жойыл­ған өмірлер үшін кім жауап­ты? Және кінәліні жария етіп, неге талқыламасқа?» деген сауал қояды. Бұл қасіреттің 1956 жылы көтеріл­гені­мен, кеңестік жүйедегі сталин­дік режим: «жеке басқа табынудың» салдарынан, 1937–1938 жылдары жаппай «нақақ» жазаланғандардың «ақ-қарасы ашылмағанын» жазған. Осы еңбектегі берілген сүгіре­тіндегі тарихи жәдігер Ахмет Бай­тұрсынұлының пенснесі мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағам­бетовтың коллекциясында екендігі жөнінде мәлімет бар... Ендігі арман – Ұлт ұстазының осы көзілдірігін музей жәдігеріне айналдыру. – Ақаң бұл үйде нақты қай жыл­дары тұрғаны жөнінде оқырмандар үшін кеңірек айтып берсеңіз. Байтұрсынұлының тағдыры мен бұл үйді тағы қандай біз біле бермейтін деректер байланыстырады? – Бұл жөнінде сан рет жазылып, айтылып та жүр. Тағылым мектебіне айналған тарихи маңызы зор бұл ғимаратта Ахмет Байтұрсынұлы 1934–1937 жылдары тұрғаны даусыз. Оған куәлік еткендер – тұлғаның қызы Шолпан Байсалова, рухани шәкірті Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова, тұңғыш стеногра­фист Данабике Байқадамова мен оның сіңлісі Күнімжан Байқада­мо­валар. – Естуімізше, бұл күндері то­лық­тай күрделі жөндеуден өтуде. Ке­лушілерге есігін айқара ашар күн де алыс емес. Жалпы, тарихи ғимаратты жөндеуге қанша қаражат бөлінді? – Бұл сауалды осы жөндеу жұ­мы­сына арнайы байқау өткізілгенде жеңіп алған Қазреставрация ме­кемесінің басшылығына қойған жөн деп білемін. Десе де, жаңғырту жұмыстарындағы қалпына келтіру мәселесіндегі бар шаруашылық­тарды қадағалаудағы белсендінің һәм жауаптының бірімін. – Білуімізше, осы музей-үй был­тырғы жылы Алматы қалалық әкім­діктің балансына алынды. Бұған дейін музейді ұстап тұруды қалай жүзеге асырып келдіңіздер? – Иә, ол рас. Былтыр ғана сол кездегі Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаевтың 2021 жылы 13 қа­зандағы №4/508 «Алматы қаласы коммуналдық меншігінің кейбір мә­селелері туралы» қаулысы негі­зінде Алматы музейлері бірлестігіне қарамағына өттік. Ақиқатында, бұл қаулының орындалуына себепші болған Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін мемлекет меншігіне алу» жөніндегі берген өкімі болатын. Ал қала балансына өткенге дейінгі ахуалымызды БАҚ өкілдері үнемі мәселе етіп көтеруінің арқасында «еңбегім еш кетпеді»! «Еңбегім еш кетпеді» деп, жал­қы айтуымның себебі, бұл музейде менен басқа жұмыс істеген жан болмады. Жекешелеп алған меншік иесі Серік Самыратұлына 1996 жылдан бері (негізі, бұл музейге 1994 жылы Шолпан Ахметқызы арқылы келгенмін. Ол өз алдына жеке әңгіме!) Ахметтей тұлғаның ғимараты мемлекеттің қамқорлы­ғында болып, қазынамен қаржылан­дырылуы керек екенін айтудан талмадым... Бірақ бәрі нәтижесіз бол­ды. Коммуналдық қызмет бойын­ша белшеден қарызға кіріп, «жылу», «судан» қиып тастаған күндер де бастан өтті. Мұның бәрін еске түсірудің өзі ауыр. – Бұл күнде мұражайда қанша жәдігер бар? Олардың барлығы Ұлт ұстазының өзі пайдаланған бұйымдар ма? – Біз ең бастысын ұмытып ке­теміз. Ахмет Байтұрсынұлының бес рет сотталып, екі рет жер аударыл­ғанын үнемі назарда ұстауымыз керек. Осындай арпалысты басынан кешкен жанның ең басты байлығы ұлтқа жасаған қызметі емес пе?! Ұлттық ғылымның тұғыры болатын Қазақ әліпбиін жасаудың өзі неге тұрады?! Мұның жанында қаншама оқулықтар жазды. Дәл сол тұста Алаш арыстары айқаспағанда бүгін қырғыз атанып отырар едік қой. Төл атауымызды қайтарып берген қайсар ұлдардан садаға кетпейміз бе?! Негізгі жәдігерлер көпшіліктің қолы жете бермейтін Сирек қор­лардағы құжат деректерінің телнұс­қасы осы музей-үйдің басты құнды­лықтары. Мұнан бөлек, ең маңызды жәдігер – Ахмет Байтұрсынұлының Қазақ мемлекеттік университетінде 1928–1929 жылдары профессор лауазымында қызмет істеп жүргенде өз қолымын толтырған сауалнама­ларға берген жауабы және 4,5 бетке жазған өмірдерегі бар. Сондай-ақ қостанайлық ақын Серікбай Оспан­ұлы 2007 жылы жеткізген Ақаңның өз шабаданы да осы жерде сақтаулы. – Жақында Қызылорда жақтан Ақаң ұстаған домбыра табылды деген ақпарат шығып еді. Сол аспаптың тағдыры не болды? Алматыға әкелінді ме? – Бұл домбыраның табылуына себепші болған Facebook желісіне алғысым шексіз. Менің жазбала­рымды оқып жүретін Әубәкір Жұмабай Байзақұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Бесарық ауылының тұрғыны екен. Аталған жәдігер осы өлкетанушы ағайымыз­дың арқасында табылды. Бастысы, Ахмет атамыздың домбырасы осы Алматы қаласында болған екен. Және бұл күні музей-үйдің төрінде. Арғы жағы әзір жұмбақ ұстағым келеді. Өйткені қарашада қайта ашылатын музейіміз бен Ахмет Бай­тұрсынұлы саябағында қойылатын Ерен еріміздің еңселі ескерткішіне шашу болатын көзайымдарымызды да әзірге көз таса ұстағанымыз жөн деп отырмыз.  – Әңгімеңізге рақмет!