Салықты өзгертудің салмағы қандай?
Салықты өзгертудің салмағы қандай?
404
оқылды
Былтыр 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке салық жүйесін заман та­ла­бына сай жаңартуды, оның ішінде ұлт­тық та­быс­тың әділ бөлінуіне баса мән беруді тап­сырғаны естеріңізде болар. Бұған басты себеп ре­тін­де ол қоғамдағы та­быс дең­гейіндегі айырманың ар­­туын көр­сетті. Ұлттық эконо­ми­ка ми­нистрлігі жоба­ны 2020 жыл­дың ақпа­нын­да та­ныс­тыруға мін­­деттелген бо­­­латын. Мі­не, 13 ақ­пан күні ҰЭМ са­лық жә­не ке­­ден саясаты де­­пар­та­мен­тінің ди­рек­­торы Азамат Әм­рин жеке т­а­­быс са­лығын жа­лақы мөл­шеріне қа­рай өсіру­ге мүм­­­­­кіндік бе­ре­тін үде­мелі салық шка­­ла­сын Сенат де­путаттары ал­­дын­­да қор­ғады.  

«Әділ» салық жүйесі

ҰЭМ салық және кеден саясаты де­пар­таментінің директоры Азамат Әмрин ұсынған жоба бойынша табысы тө­мен азаматтар үшін салық жүктемесі азаюы тиіс. Есесіне, айлығы жоғары қыз­мет­керлердің салық жүктемесі 50 пайызға арт­пақ. «Алдыңғы жылдардағы жалақы бойын­ша де­ректер негізінде 0, 10, 15, 17 және 20 пайыз­дан тұра­тын мөлшерлемелер шка­ла­­сы әзірленді. Мұндай тәсілді енгізсек, ең­­бекақысы 100 мың теңгеден төмен 4,6 мил­лион азамат үшін жеке табыс салығы азая­­ды», – деп түсіндірді Әмрин. Жоба бойынша жалақысы 240 мың тең­геден аз барлық азаматтың жүктемесі тө­мендемек. Салық жүктемесі айлық та­бысы 250-ден 300 мың теңге арасындағы 300 мың адамға бұрынғы деңгейде қалады. Ал 500 мың теңгеден жоғары еңбекақы ала­тын 190 мың қызметкер үшін табыс са­лығы өседі.  

Басты мәселе – көлеңкелі экономика

Министрлік өкілінің ай­туын­ша, жеке табыс салығының ұсы­нылған прогрессивті шкаласынан бюджетке қосымша шамамен 55 мил­лиард теңге түсуі тиіс. Алайда елімізде көлеңкелі экономикамен күрестің әлі күнге өзекті екенін ескерсек, бұл салық төлеушілердің табысын жасыруына алып келе­тіні түсінікті. Экономистер біра­уыз­дан осы олқылықты жоймай, салық саласына өзгеріс енгізу ақылға сыймайтынын айтады. «Қазірдің өзінде жалақының 50 пайызынан көбі көлеңкелі сек­торда. Яғни, халықтың тең жар­тысы айлықты конвертпен алып жүр. Өйткені еңбекақы қорының қазіргі жүктемесі жеке табыс са­лығы, міндетті зейнетақы жарна­сы, әлеуметтік салықтар мен жа­ңадан енген МӘМС-ті қосқанда 32 пайыз шамасында. Ол осылай кете берсе, 40 пайызға жетуі мүм­кін. Бұған жаңа прогрессивті са­лықты қоссақ, азаматтар өз табы­сын заңды түрде көрсетуден қаша бастайды. Қолданыстағы 10 па­йыздық табыс салығының өзін басқару деңгейі төмен. Сондықтан қазіргі жүйені дұрыс басқара ал­май отырғанда жаңа шкала ен­гі­зудің қажеті қанша? Мен бұл бюд­жетке келетін табысты одан са­йын азайтады деп ойлаймын», – дейді экономист Рахым Ошақ­баев. Оның пікірін әріптесі Рүс­тем Жансейітов те қуаттап отыр. Экономистің айтуынша, қазір жұмыс берушіге қызметкерінің жоғары айлығын көрсету тиімсіз. Өйткені жалақымен бірге салық мөлшері де өседі. Маман еңбека­қыны тек ірі мекемелер мен адал жұмыс істейтін адамдар ғана жа­сырмайтынын айтады. Ондай жұ­мыс берушілер аз болғандық­тан, табыстың тең жартысы кө­леңкеде қалып қойып отыр. Сон­дықтан салық саласын жетілдіру керек деп санайды. «Дәл қазір көлеңкелі табыстың бәрін жойып жібереміз деу қиын. Жұмыс беруші айлықты жасыруға мүмкіндік болса, оны қолданады. Қанша жерден ынталандырса да соны істейді. Сондықтан жасы­руға мүмкіндік бермеу керек. Яғни, фискалды бақылау орна­тып, қатаң қадағалау керек. Са­лық­­шылар да 100 пайыз жұмыс істеуі керек. Қазір бұл салада қате көп. Фискалды бақылау мінсіз жұмыс істегенде ғана тәртіп болады. Өз кезегінде салықшылар мекеме­лерге жалақыны жасыру тиімсіз болатындай, жасыруға мүмкіндік бермейтін жүйе ойластыру керек.  Яғни, салықты басқару жақсаруы, өзгеруі, жетілуі керек», – деді ол.    width=

Жалпыға ортақ декларация салық жүйесін реттейді

Мамандар айтып отырған са­лық жүйесіндегі олқылықтарды жою үшін мемлекет жалпыға ор­тақ декларацияны қолға алған болатын. Былтыр Қаржы минис­тр­лігі бұл шараны кезең-кезеңі­мен жүзеге асыратын заң жобасын ұсынды. Оған сәйкес, табыс тір­кеудің бірінші легі 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Жалпы, бұл үрдісті төрт кезеңге бөлген. Соңғысы, жалпыға ортақ декла­ра­циялау 2025 жылы жүзеге аспақ. Осы жағдайларды ескерген ҰЭМ салық және кеден саясаты депар­таментінің директоры Азамат Әмрин де үдемелі салық шкаласын декларациялау аяқталған соң енгізуді орынды көреді. «Есеп өткен жылдардың мә­ліметтері негізінде жүргізіл­ген­діктен ұсынылған ЖТС став­ка­ларының шкаласын макроэко­но­микалық көрсеткіштердің өзге­руін ескере отырып, 2025 жылға қарай пысықтау қажет деп есеп­тейміз. Өйткені инфляция, ор­таша айлық жалақы деңгейі және жалпыға ортақ декларациялауды енгізуге байланысты қосымша шегерімдер енгізу сияқты көрсет­кіштің барлығы да базаға әсер етеді» деп нақтылады Әмрин.  

Әлеуметтік теңсіздікпен күресудің басқа да жолдары бар

Үдемелі салықтың азаматтар арасындағы табыс айырмашы­лығын азайтуға бағытталған жүйе екені белгілі. Президент те салық­тың «Әділ жүйесін» енгізуді осы мақсатпен көтерді. Алайда эконо­мистер қазіргі жағдайда қалта­лылардың табысын жұмсау әлеу­меттік жағдайды түзеудің  тиімді жолы емес екенін айтады. Батыс­тың дамыған елдерінің өзінде салықтың салмағына шыдамаған миллиардерлердің өзге елдерге бас сауғалап кетуі бұған мысал бола алады. Біздің есімізде қал­ғаны Жерар Депардьенің француз паспортынан бас тартып, Ресей азаматтығын алуы болатын. Әй­гілі Лионель Месси мен Криш­тиану Роналдудың да бірнеше рет салықшылар қаһарына іліккені белгілі. Әлемде мұндай мысалдар мыңдап саналады. «Бұдан шығатын жол – әлеу­меттік әлжуаз топтардың жағда­йын, ең төменгі жалақы деңгейін, төменгі күнкөріс деңгейін көтеру, еңбекақы төлеу қорының жүкте­месін азайту. Салықты баршаға ортақ 5 пайыз қылу керек. Бұл та­бысын жасыратындардың кө­лең­кеден шығуына алып келеді. Яғни, мөлшерлемені емес, салық төлеушілердің санын арттыру керек. Біздің есебіміз бойынша, бұл бюджетке түсетін табыстың көбеюіне, жеке табыс көлемін арттыруға түрткі болады. Грузия осы әдісті қолданған соң бюджет табысы айтарлықтай өсті», – дей­ді экономист Рахым Ошақбаев.  

Өзгерістер түсіндірілуі тиіс

Дегенмен мамандар басты проб­лема еліміздегі түсіндіру жұ­мыстарының дұрыс жүргізілмеуі екенін айтады. Өйткені бұл өзге­рістен зиян шегетін топтар оны бұрмалап жеткізіп, ел ішінде дүр­белең туғызатыны анық. «Ақы­рында бұл норма енбей қалады немесе наразылықты басуға тү­сіндіру жұмыстарынан да көп қар­жы жұмсалады»,–  дейді олар. Экономист Рүстем Жансейітов заңдағы өзгерістердің себебі ха­лыққа дұрыс түсіндірілсе, қоғам бұл жаңалықты дұрыс қабыл­дайтынына сенімді. «Реформа болса, оған қарсы шығатындар әрқашан табылады. Сондықтан оны жақсылап да­йындап, жақсы-жаман жақтарын түсіндіріп барып енгізген жөн. Бізде қазір бір заң нормасына өз­геріс енгізсе, оның енгені туралы ғана айтатын әдет бар. Ол өзге­ріс­­тің неге, не үшін енгенін, қандай пайдасы барын ешкім түсіндіріп жатпайды. Сондықтан қоғам та­ра­пынан қолдау жоқ. Егер халық не болып жатқанын түсінсе қол­дайтын еді. Мысалы, салық ре­фор­­­масын енгіздік делік. Онда бұдан былай қатаң бақылау бола­тынын емес, ешкім салықтан жал­тармаса зейнетақы төлемдері, әлеу­меттік төлемдер жақсара­ты­нын айтып, жіліктеп түсіндіріп бе­ру керек. Сандарды мысалға кел­тіріп, бұл жүйе енгізілмесе не болатынын да айту керек», – дейді маман. Қысқасы, Президент айтып жүрген ашықтық, халықтың мұң-мұқтажын еститін Үкімет осы ба­­ғытта жұмыс істеуі тиіс. Сонда ел тұр­ғындары саналы түрде мем­ле­кет­тік саясатты жүзеге асыруға кө­­­мектеседі. Осылайша, елдегі әлеу­меттік проблемалар шешімін тауып, дамудың жаңа деңгейіне өте аламыз. Өйткені саяси, эко­но­ми­калық, қаржылық сауатты­лығы жо­­­ғары қоғам ғана жылдам дамиды.   Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ