Берік байланыс – сенімді серіктес
Берік байланыс – сенімді серіктес
438
оқылды
12 қазан күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз­ге мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді «Ақорда» резиденциясында Құрмет Қарауы­лымен қарсы алды.
– Жоғары мәртебелі шейх Тәмим мырза, өзіңізбен Қазақстанда кез­десіп отырғаныма өте қуаныштымын. Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластықтарға қол жеткіземіз. Біз үшін Қатар Мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сон­дықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Мемлекет басшысы Әмірліктен келген шағын делега­цияны қабылдаған кезінде.
Қатар Әмірі де өз кезегінде Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­қа Қазақстанға шақырғаны үшін ал­ғыс айтты. Шағын құрамдағы кездесуден кейін екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізілді. Тараптар сау­да-экономикалық, инвести­ция­лық және мәдени-гумани­тар­лық ынты­мақтастықты дамытуға ерек­ше на­зар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспекти­ва­ла­рын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев қатар­лық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мә­лімдеп, оларды еліміздегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларында мол мүмкін­діктер бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы келер жылы Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.
– Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз мемле­кет­аралық тығыз ынтымақтастық ор­наттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі дос­тық пен берік әріптестікке не­гізделген. Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын кө­рінісі. Сондай-ақ жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құры­лысы басталды. Біз Қатар Мем­ле­кетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын еш­қашан ұмытпаймыз. Болашақ­та да қазақ-қатар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қатар Әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандан­дыру қажет екенін жеткізді. Сон­дай-ақ көпжақты құрылымдар бойынша, оның ішінде АӨСШК аясындағы жұмыстарды жалғас­тыру қажет екенін айтты. Қатар Әмірі Келіссөздерден кейін мемле­кеттер басшылары бірқатар құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, Дип­ломатиялық және арнайы паспорт иелерін виза талаптарынан босату, Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау, жоғары білім саласы және ғылыми зерттеулер бойынша ынтымақтастық; ден­саулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері бо­йынша өзара түсіністік туралы ке­лісімдер мен Астана мен Доха қа­лаларының арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы ке­лісімдер мен сауда саласындағы өзара түсіністік, ауыл шаруашылы­ғы саласы бойынша ынтымақ­тастық, туризм саласы және мар­кетинг шаралары бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық, дипломат­тарды даярлау жөніндегі ынты­мақ­тастық туралы меморан­думдар жа­салды. Сондай-ақ екі ел арасында, спорт саласы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған алғашқы атқарушы бағдарлама мен мәдениет және өнер саласындағы 2023-2025 жылдарға арналған бағ­дарлама бекітілді. Салтанатты шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті. Кездесуден кейін қос мемле­кеттің басшылары бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің мәнді де мағыналы болғанын атап өтті. Қазір Қатардың бір­неше ком­паниясы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олар­дың өні­мі бірқатар мемлекетке экс­порт­талады. Сонымен қатар тараптар геологиялық барлау, тау-кен өнер­кәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын да­мытуға уағдаласты. Мемлекет басшысы бұл келі­сімдердің қазақ-қатар қатынас­тарының дамуына тың серпін бере­тініне сенімді екенін жеткізді.