Үкілі Ыбырайдың жеріне көз тіккен кім?
Үкілі Ыбырайдың жеріне көз тіккен кім?
900
оқылды
Петропавл қаласының қақ ортасында орналасқан белгілі сазгер, алдына қара салмаған ақиық ақын, дүлдүл әншісі Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының ескерткіші мен саяжолына тықыр таянған сыңайлы. Бұл жерді сатып алған жеке кәсіпкер сауда-әкім­шілік орталығын ашпақ. Қазақтың аспандағы аққуға үнін қосқан дүлдүл әншісі Үкілі Ыбырайдың музыкалық мұрасы халқымыздың рухани азығына айналды. Суырып­салма ақын, қазақ халық композиторының «Қал­дыр­ған», «Гәкку», «Желдіме» «Жиырма бес» және басқа да әндерінің ұлттық мәдениетімізден ойып тұрып алған өз орны бар. Біртуар тұлғаның талан­тына бас июшілер әншінің 150 жылдығына орай, 2010 жылы желтоқсанда Петропавл қаласының қақ ортасынан ескерткіш мүсін орнатылып, шағын де­малыс бағы ашылғанын ұмыта қойған жоқ. Еліміз­дің түкпір-түкпірінен келген қазақтың жақсылары мен жайсаңдары Қызылжар аспанын Үкілі Ыбырайдың ұмыт болып бара жатқан әніне бөлеп, осы ескерткішті сән-салтанатымен ашып, аруағын риза етіп еді. 12 жыл бойы тұрған ескерткіш бүгінде баз біреулерге бөгет жасағандай. Ақынның өзі «би-болысты мысқылдап, қыр соңынан қал­мадым» дегеніндей, атқамінерлердің жалған жала­сы­мен Үкілі Ыбырай 1930 жылы Қиыр Шығысқа жер ауда­рыл­ғаны белгілі. Сол сапардан қайтып оралмаған аяулы ақынның сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Ол аз болғандай, енді бүгінгі ұрпағы ескерткішіне шүйліге бастапты.  ЖЕР ЖЕКЕМЕНШІКТЕ Белгілі болғанындай, алақандай жер кезінде сатылып кеткен екен. Бұл аумақтың иесі Игорь Жицкий деген азамат жарнама агенттігін салмақшы болыпты. Петропавл қалалық жер қатынастары бөліміндегілер 2012 жылы бұл жер телімін мемлекет меншігіне күштеп қайтару туралы қаулы қабыл­дағандарын, оны қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі орындауы тиіс болғанын айтады. Бірақ қаулы орындалған-орындалмағынан хабар­сыз. Ал орындауы тис бөлімде кадрлар тым жиі ауысып жататындықтан болар, ондағылар мұндай қаулының барынан мүлдем бейхабар. Бірақ осы жер телімінде жеке кәсіпкер Спартак Баса­ғаринов деген азамат абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Үкілі Ыбырай ескерткіші Ал Петропавл қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Сәкен Өтебаев көрсеткен қаланың бас жоспарына сәйкес бұл маңайда жасыл желек болуы тиіс деп көрсетілген.
Бүгінде ескерткіштің маңайы үлкен құрылыс алаңына айналған. Дәл түбінен ор қазылыпты. Айналасы қоршалып тұр еді, енді қоршауы алынып тасталып, басқа жұмыстар жүргізіле бастаған. Осының бәрі ұлтжанды азаматтардың алаңдау­шы­лығын туғызып отыр. «Қызылжар өңірінде онсыз да қазақтың ардақтыларына ескерткіш орнату қиынның қиыны, барымыздан айырылып қал­майық», – деп қобалжып отырғандар баршылық. Жер иесі қалалық әкімдікке барып, ескерткіш мүсінді басқа жаққа ауыстыру туралы өтініш айтыпты деген сыбыс одан бетер отқа май құя түсті.
АБАТТАНДЫРУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Кәсіпкердің өзі баспахананың ескі ғимаратының орнына сауда-әкімшілік орталығын ашып, маңайын абаттандыратынын айтады. «Біз бұл аумақтың барлығын, соның ішінде ескерткіштің маңайын көркейтеміз.Үкілі Ыбырайдың ескерткіші қал­тарыс­тау жерде, көлеңкеде орналасқан, елеусіздеу жерде тұр. Біз керісінше, ескі ағаштарды кесіп, бұл жерді ашып жарықтандырамыз. Ескерткіштің айналасындағы ағаштар менің жерімде орналасқан, ал ескерткіш тұрған жерге менің қатысым жоқ. Мүсінге жапсарлас жердің барлығын көркейтетініміз туралы қаланың да, облыстың да әкіміне есеп бердік», – деді Спартак Амантайұлы.
Оның сөзін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер де растады. Тіпті, кәсіпкер бұл жерге балалар алаңын орнатады дегенді де айтып қалды. Сондай-ақ Үкілі Ыбырай саяжолы да абаттандырылмақ. Бұл мәселені «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы­ның партиялық бақылау комиссиясы өз бақылауына алды.
Ескерткіштің тағдырын білмек болып, Солтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасына хабарласқанымызда, жауапты маман Динара Бүркітәлімовадан «бұл мүсін жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне енгізілмеген» деген жауап алдық. «Біз облыс әкімінің қаулысымен және министрдің бұйрығымен бекітілген республикалық тізімге енгізілген ескерт­кіштердің жай-күйіне ғана мониторинг жүргіземіз. Облыс аумағында жергілікті маңызға ие 598 ескерткіш бар. Облыс аумағында және орталығында бұл тізімдерге енгізілмеген ескерткіш өте көп. Үкілі Ыбырай ескерткіші – солардың бірі», – деп түсіндірді Динара Өмірбайқызы. Петропавл қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлия Бейсенова: «Бұл мәселе бойынша қалалық әкімдікке ресми хат келіп түскен жоқ. Үкілі Ыбырай ескерткішін көшіру туралы мәселе күн тәртібінде емес. Қазір бұл туралы мәселе туындап тұрған жоқ», – деп қысқа қайырды.
Лайым, солай болар деген үміттеміз. Әбден қартайғанша маңдайынан соры арылмаған әншінің аруағын ұрпағы мазаламаса керек-ті...

Солтүстік Қазақстан облысы