Компьютер «қартайып» барады
Компьютер «қартайып» барады
405
оқылды
Ауыл мектептеріндегі кейбір компьютерлердің жеткізілгеніне жиырма жыл­дан асқан. Бүгіндері шетелде ондай компью­терлер мо­ниторымен бірге музейге қойылған шығар, ал бізде мектепте әлі тұр. «Ғұмы­рын­да» интернетке қосылмаған ол компью­тер­лерді саптан шығару еш­кімнің ойына ­кел­мегені таңғалдырады. Ал мектепті интернетпен қамтудың ахуалы аянышты халде. Себебі компьютерді интернетке  қосу қымбатқа түсіп тұр, екіншіден, мектеп басшыларының ақпараттық технология тілін тү­сінбеуі де бұл іске қолбайлау екен. Бұл жөнінде Білім және ғы­лым ми­нистрлігінің аппа­рат­тық оты­рысында айтылды. Министр Асхат Аймағамбетов өзіне дейінгі министрлер сияқты ауыл-аймақтағы мектептің бәрі интернетке қосылды деп көсем­сімеді, мәселені ашып айтты. Ай­тып қоймай, мектептерге ин­тер­нет қызметін қосатын про­вай­дерлерді сынға алды. Себебі мек­тепке ин­тер­нет қызметін қосатын провай­дердің тарифі өте қымбат екен. «Біз сатып алып жатқан сол қызметтің сапасы төмен. 10 Мбит дегенімен, өлшесек, ол өлшемге жетпейді. Оны әр мектептің бас­шысы қадағалап, тиісті жұмысты жүргізіп, керек болса шағымда­нып, сотқа беруі керек. Бірақ өкі­ніш­ке қарай, ондай жұмыс жоқ», – дейді министр. Ал біздің­ше, про­вайдердің үстінен ша­ғымдану үшін мектеп басшысы ақпараттық жү­йеден хабардар болуы керек. Ал бүгінгі таңда ауылдағы мектеп директорлары басқаны айтпа­ғанда, антивирус бағдарламасын жаңартып тұру қажет екенінен бейхабар. Осы­лайша, бұл салаға қомақты қаржы бөлінгенімен, нәтиже болмай жа­тыр. Сондықтан министр бір ғана провайдермен жұмыс жүр­гізбей, қайсысы сапалы қызмет көрсетеді – соның қыз­метін пай­далануды ұсынды. Министрдің айтуынша, ин­тернет қызметін жеке тұлғалар бір бағамен, мектеп басқа бағамен ала­ды. Мысалы, Microsoft компа­ниясы мектептерге кем дегенде 70 пайыз төмендетілген тарифпен қыз­мет көрсетсе, басқа мекеме­лер­ге коммерциялық тариф ұсы­на­­ды. Министр мемлекетте де осын­­дай саясат болуы керек деп санайды. Отырыста мектептегі компью­терлердің ескіріп бара жатқаны да сөз болды. Статистикаға жүгінсек, мектептерде компьютер жеткілік­ті. Бірақ олардың саны бар да, сапасы жоқ. Өйткені компью­тер­дің көбі ескірген. 2000-2005 жыл­да­ры алынған компьютерлер де бар. «Бірақ оларды саптан шы­ғарып тастамайды. Неге? Себебі бізге статистика мен көрсеткіш керек. Сондықтан заң бойынша бес жылдан бері қолданылып жүр­ген компьютерлерден бас­қасын, яғни ескілерін статисти­ка­ға қос­пауымыз керек» деген А.Айма­ғамбетов мектептерге Wi-fi қосу жұ­мысын да бақылауға алуды тап­сырды, өйткені бұл жұмыс та баяу жүргізіліп жатыр. Ал біз цифр­лы елге айналғымыз келеді...   Айдана БЕГІМ