Елімізде орта есеппен тәулік сайын жол апатынан 5-6 адам қаза табады. Ресми деректерге қарасақ, соңғы кездері жол апаты бойынша барлық көрсеткіштің өскені байқалады. Ал жауаптылар мұндай келеңсіз үрдіске куәлігін оқымай алған жүргізушілермен қоса, жол сапасын да кінәлап отыр. Ілгеріден бері жемқорлық жайлаған сала аталатын жол құрылысы ақыры адамдардың өміріне зиянын тигізе бастағанға ұқсайды. Министрліктің меңзегені көп Таяуда ғана Ішкі істер министрі Марат Ахметханов Үкімет отырысында жыл басынан бері елімізде жол апаты бойынша барлық көрсеткіштің өскенін мәлімдеп, бірнеше күрделі жайттың бетін ашты. Оның айтуынша, жыл басынан бері елімізде 9 429 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қара жолда қан жұтқандар саны биылғы 9 айдың өзінде 1 478 адамға жеткен. Жарақат алғандар саны 12 мың адамнан асқан. Бұл сандарға қарасақ, мәселеге назар аудармай өтуге болмасын ұғамыз. Ішкі істер министрлігі проблеманың себебін ашпаққа талпынып, арнайы талдау жүргізген екен. Сөйтсе, талдау нәтижесінде автомектепте оқымай, көлік айдауды «өз бетінше үйренгендер» адам өліміне себепкер болған апаттың 50 пайызына жауапты болған. Біздің назарымызды аудартқан дүние, статистика бойынша Алматы қаласында, Жамбыл және Түркістан облысындағы жолдар аса қауіпті болып саналған. Қазақстандағы барлық жол апатының 56 пайызы, жарақат алғандардың 55 пайызы, қаза тапқандардың 41 пайызы осы өңірлерде болыпты. Жалпы 4,5 миллионға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталса, 17,5 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталып, 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылған. Сондай-ақ, жол көлік оқиғалары санының артуына техникалық тексеру орталықтарының жалған талондар беруі де себеп болуы мүмкін. Министр мұндай орталықтар ашуға қойылатын талаптар төмендегеннен кейін, осындай фактілердің көбейгенін жеткізді.
«Мәселен, 106 мың жүргізуші техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін көлікті басқарғаны үшін жауапқа тартылды, тағы 80 мың жүргізушіге жалпы техникалық тексеруден өтпегені үшін айыппұл салынды», – деді Марат Ахметжанов.Еліміз әлемдік уран мен мұнай өндіру, цифрландыру бойынша рейтингтердің басында тұрғанымен, жол қауіпсіздігі бойынша әбден артта қалды. Әлемде 107-орында тұр. Оның себебі де түсінікті. Дамыған елдерге қарағанда, бізде жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары. Ал бұл ретте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елімізде жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениеті өте төмен екенін сынапты. Жол ережесіне жиі бағынбайтын 71 мың жүргізуші анықталған. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет қайта бұзған.
«Жалпы, біздің елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі. 8 айда жол апаттарының саны 14 пайызға, қаза тапқандардың саны 18 пайызға көбейді. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Бұл өте ауыр жағдай», – дейді Премьер-Министр.Бұған қоса, елімізде жүргізушілерді даярлау сапасы да үлкен күмән тудырады. Мәселен, автомектептер жұмысындағы тәсілдерді өзгерту қажет, себебі бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді. Екінші мәселе жоғарыда айтқанымыздай – жолдардың сапасы. Бұл да көлік апаттарының негізгі себебі екеніне даусыз. ІІМ дерегінше, көлік апаттарының 75 пайызы жарығы жоқ, жолы нашар елді мекендерде болады. Ал Үкімет әзірге жол апаттары жиі болатын учаскелердегі қозғалысты қадағалау жұмыстарын күшейтіп, жол инфрақұрылымын жасау бойынша қосымша шаралар қабылдауды, камераларды көбейтуді тапсырумен шектеліп отыр. Жемқорлықтан шыққан жік Ал жол сапасы жайлы айтқанда кемшілігін жырлап тауыса алмасымыз анық. Елімізде жол құрылысына жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Шамамен республикалық және жергілікті бюджеттерден маңызы бар деп танылған жолдардың өзіне 200 млрд теңге көлемінде қаражат қаралады. Одан өзге аудан мен елді мекендер ішіндегі жолдарды есепке алыңыз. Бұл іске 2019 жылы 200-ді былай қойып, 500 млрд теңге жұмсалды. Бірақ жолдардың көбінің сапасына жолаушылардың көңілі әлі толмайды. Бұған жол құрылысын жемқорлық жайлағаны кесірін тигізіп отырғаны даусыз. Сапасыз жолдардың кесірі дегенде бір мысал айталық, Батыстағы Орал қаласы мен Жәнібек ауданы арасындағы жол оншақты жылдан бері халықтың шағымына қарамастан жөнделмей келеді. Осы тас жолда ылғи жол апаты болып, жолаушылар небір қиындыққа тап болады. Орал мен Атыраудың арасындағы жолдың хәлі де осыған ұқсас. Тамызда Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеті облыста жауаптылар сапасыз салынған жолды қабылдай бергенін жария етті. Биыл жергілікті жолдардың сапасына бақылау жүргізіп, 9 мыңға жуық сынама алған, соның 2,5 мың сынамасы (28 пайызы) талаптарға сәйкес келмеген. Маңғыстау, Алматы, ШҚО, БҚО мен Шымкент, Түркістан қаласында жол сапасына қатысты шикілік көп шыққан. Бір қызығы, ведомствоның ескертулеріне қарамастан, тапсырыс берушілер нысандарды қабылдай берген. Енді осындай фактілер бойынша бірнеше өңірде қылмыстық іс ашылған. Айтпақшы, соның алдында ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов жол мәселесіндегі жемқорлық жайын қозғап, «барлық ірі мердігерлер мен олардың артында кім тұрғанын білеміз» деп мәлімдеген болатын. Бектеновтің бұлайша белсенуіне өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол сапасының нашар болғаны үшін жауаптылардың бәрін жазаға тарту керегін айтқаны себеп болса керек. Сол жолы Президент Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құру қажеттігіне тоқталған. Ірі компаниялар жол салу тендерлерін ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салатыны да сөз болды. Көп ұзамай Сыбайлас жемқорлық қарсы қызмет Көлік комитетінің бірнеше қызметкерін әшкере қылғаны есте. Былтыр да «Қазавтожолдың» өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғаларының бірнешеуі сотталып кетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысы саласында жемқорлықтың көп екенін бұған дейін де растаған. Агенттік бұл тұста шенділер мен мердігер компаниялардың қандай әдістермен айлаға баратынын көрсеткен екен. Талдау бойынша, қызмет жеткізушісін анықтау кезінде мемлекеттік сатып алуды өткізу ережелерін бұзу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде жобаның құнын арттырып жазу, сапасыз құрылыс материалдарын алып, қаражат жымқыру көп кездеседі. Бір ескерері, мұндай амалдардың бәрінде шенділер өз «үлесін» алады. Сондай-ақ нысандарды пайдалануға қабылдауды, реконструкциялау және жөндеу кезінде тексеру рәсімдерін лауазымды тұлғалар жүзеге асыратынын ойласақ, жемқорлық құзырлы органдар арқылы «жайқалып» отыр. Ал техникалық қадағалауды осы салада қажетті білімі жоқ тұлғалар атқарады немесе кемшілікті көре тұра, оң бағалай салады. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мұны шешудің жолын да ұсыныпты. Айтуынша, қоғамдық бақылауды күшейту керек. Яғни, жол құрылысын қабылдар алдында халық пікірі ескерілуі қажет. Мәселен, нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде арнайы комиссиялар құрылады. Олардың құрамына тапсырыс берушінің, бас мердігердің, жергілікті атқарушы органдардың, сәулет және қала құрылысының өкілдері ғана кіреді. Алдыңғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін Қазақстандағы автожолдың 95 пайызын мінсіз қылмаққа мақсат қойған. Жоспарды орындауға республикалық бюджеттен аста-төк ақша бөлінеді. Шетелдік инвесторлар да қарап отырған жоқ. Үкімет жол төсейтін компанияларға қатаң талаптар қойып жатыр. 2020 жылы ең қиын учаскелерді анықтау үшін цифрлық карта сызылып, жолдардың сапалық рейтингі түзілген. Жолдың 95 пайызын мінсіз ету шындыққа айнала ма, әлде құр қиял ма, әзірге беймәлім. Дегенмен жағдай реттелмейтін болса, жол апаттарының саны да азаймауы мүмкін.