ТМД: ынтымақтастық іргетасы нығаяды
ТМД: ынтымақтастық іргетасы нығаяды
722
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД-ға мүше елдердің басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтті. Ел Президенті кеңесті отырысқа қатысу үшін келген делегация жетек­шілеріне ризашылығын айтумен бастады.
– Ең алдымен, Қазақстанның ТМД ұйымына төрағалығы аясындағы бас­тамаларына қолдау білдіріп, осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі отырысқа кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан пре­зиденті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қыз­метіңізге табыс тілеймін. Тәуелсіз Мем­лекеттер Достас­ты­ғына қатысушы мем­лекеттер басшы­лары кеңесінің кезекті отырысын ашық деп жариялаймын. Бүгін мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына гу­манитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақ­тасты­ғымыздың басқа да аспектілеріне қа­тысты маңызды мә­селелер ұсынылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан соң Президент Достастыққа мүше елдердің басшыларын Қазақстан былтыр серіктестермен және ТМД Атқарушы комитетімен бірге атқарған көпжоспарлы жұмыстың негізгі қоры­тындылары туралы хабардар етті. Мем­лекет басшысының айтуынша, Қазақстан өз төрағалығының басымдықтарына сәйкес, қазіргі әлемдік даму процестерін ескере отырып, мүше мемлекеттердің күш-жігерін көптеген бағыт бойынша біріктіруге ұмтылды. Бірлескен жұмыс­тың нәтижесінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, тығыз мә­дени-гуманитарлық байланыстары­мызды сақтауға, сондай-ақ Достастықтың әлеуеті мен халықаралық беделін арт­тыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама іске асырылған.
– Күрделі экономикалық жағдайда Достастықтың экономикалық әлеуетін нығайтуға және ТМД-ның 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегия­сының ережелерін орындауға ерекше назар аударылды. Іс-шаралар жоспары­ның бірінші кезеңін табысты жүзеге асыру іскерлік белсенділікті арттыруға, өзара сауда көлемін ұлғайтуға, эконо­миканы пандемиядан кейін қалпына келтіру ісін жеделдетуге мүмкіндік берді. Жаһандық және өңірлік экономиканың тұрақсыз­дығы жағдайында біз тығыз сауда-эко­но­микалық байланыстарды сақтау үшін қолда бар барлық әлеуетті жұмылдыруы­мыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, климат мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі ТМД-ның барлық дерлік елдерінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шие­леністіре түсетінін атап өтті.
– Біз бұл мәселемен түрлі ха­лық­аралық формат аясында айна­лысып, екіжақты негізде өзара тиімді шешімдерді қарастырамыз. Сонымен бірге Достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді. ТМД Атқарушы комитетіне транс­шекара­лық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беруді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отырыс барысында Әзербай­жан президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Ни­кол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан пре­зиденті Эмомоли Рахмон, Түрік­мен­стан президенті Сердар Берді­мұхамедов және Өзбекстан пре­зиденті Шавкат Мирзиёев сөз сөй­леді. отырыс Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшы­лары кеңесінің кеңейтілген құрам­дағы отырысына да қатысты. Пре­зидент аталған іс-шара ТМД елдерінің COVID-19 пандемия­сынан кейінгі алғашқы толық­қанды саммиті екенін атап өтті.
– Шағын құрамда біз ынтымақ­тастығымызды одан әрі нығай­тудың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмастық, Тәуел­сіз мемлекеттер достастығын дамыту­дың негізгі басымдықтарын айқындадық. Бұл COVID-19-дан кейінгі ТМД-ның офлайн формат­тағы алғашқы толыққанды саммиті екенін атап өткім келеді. Жалпы, астанамызда қайта бас қосуымыз қуанышты жайт, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттер басшылары бұ­дан соң ресми құжаттарға қол қою рәсіміне көшуге келісті. Президент қажетті құжаттарға қол қойылып жатқанда ТМД Атқарушы хатшы­сы лауазымын ТМД Бас хатшысы лауазымына өзгерту туралы мәсе­лені шағын форматта талқылаған­ын жария етті. Осы арқылы атқару­шы орган лауазымының мәрте­бесін арттыруға болатынын мәлім­деді. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тындылай келе, өткізілген сам­миттің нәтижелі болғанын айтты.
– Құжаттарға қол қою рәсімі аяқ­талды. Осылайша, біздің отыры­сы­мыз нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар құжаттарды қабылдаудан бөлек делегация басшылары, менің ойымша, ТМД шеңберіндегі көпжоспарлы өзара іс-әрекеттің кең ауқымы және халықаралық күн тәртібі жөнінде өте пайдалы пікірталас өткізді. Осы ретте ай­тыл­­ған маңызды ұсыныстар мен қаралған құжаттар ТМД кеңістігін­дегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағыт­тала­ды. Бұл ортақ мақсатымызға сай келеді, – деді Мемлекет бас­шысы.
Сонымен қатар жиында ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Ре­сей Федералдық Жиналысы Феде­рация Кеңесінің төрайымы Вален­тина Матвиенко да сөз сөйледі. Бұ­ған қоса, ТМД мемлекеттері бас­шылары кеңесінің төрағасы, Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығының грамота­сын мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының төраға­сы Радик Батыршинге табыстады. Кездесу соңында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары Мәде­ниет саласындағы ынтымақ­тас­тықты дамыту туралы мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ Достас­тық­ты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжат қабылданды. Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен мемлекеттер басшыларының «Орталық Азия – Ресей» форма­тындағы алғашқы кездесуі өтті. Мемлекет басшысы қазір бүкіл шекара бойында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңір­дегі ең маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, терро­ризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымы­мен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті болып отыр.
– Саммит осы бағыттағы келі­сіл­ген әдістерді әзірлеуге ықпал етуді көздейді. Кездесуіміздің күн тәртібі елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, әсіресе ин­вес­тициялық серіктестік, өндіріс­тік кооперация, көлік-транзит ба­ғыттарын әртараптандыру жө­нін­дегі ынтымақтастықты кеңейте түсуге мүмкіндік беретініне сенім білдіремін. Ресей Федерациясымен бірге біз өңірлік экономикалық ынтымақтастық әлеуетін толық­қанды пайдалана аламыз. Күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе – елдеріміз арасындағы адамдар­дың өзара байланысының жоғары деңгейін сақтау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында тауар айналы­мының пандемияға дейінгі деңгейі қалпына келіп қана қоймай, оның едәуір артқанын мәлімдеді. Был­тыр өңірішілік сауда-саттық 34 пайызға өсіп, 6 миллиард дол­лар­дан асқан. Президент кездесу ба­ры­сында қол жеткізілетін уағдалас­тықтар алтыжақты ынтымақ­тас­тықтың іргетасын нығайтатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі көзқарасын негізгі өлшемдер тұрғысынан жеткізді. Тоқаев Президенттің пікірінше, қазіргі өзара іс-әрекет тетіктері жү­йелі түрде жетілдіруді қажет етеді. Оның айтуынша, аймақтағы ахуалды тұрақсыздандыруға тыры­су, қақтығыстарды өршіту үшін гиб­ридтік және ақпараттық тех­нологияларды пайдалану – осы­ның айқын мысалы. Осыған бай­ланысты елдердің қауіпсіздік кеңестері аппараттарына алдын алу шараларының механизмдерін әзірлеу және жасақтау туралы ұсыныс беру жөнінде айтылды. Бұл істе ақпарат алмасуға және қауіп-қатерді алдын ала анықтауға баса мән берілуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Ауған­стандағы жағдайға айрықша көңіл бөлу керек деп есептейді. Елдеріміз үшін оның қаупі әлі сейілген жоқ. Президенттің пікірінше, тұрақсыз­дыққа алып келетін тағы бір фак­тор – өңірдегі жекелеген елдер ара­сындағы шекара мәселесінің реттелмеуі.
– Шекара проблемасы ғасыр­лар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қа­ғи­дат­тарын мүлтіксіз сақтау ар­қылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Аталған мәселені қарастыру үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы эко­номика­ны екінші өлшем ретінде атап өтті. Сондай-ақ саммит қаты­сушыларына Орталық Азия елдері мен Ресейдің экономикалық ынты­мақтастығының жаңа моде­лін әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Оның айтуынша, Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жоба­лар­ды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Мемлекет басшысы цифрлан­дыру саласында бірге белсенді жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға Қазақстан дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші өлшем – көлік және транзит мәселесіне де тоқталды. Президент дәстүрлі логистикалық тізбек үзілген жағ­дайда аймақтағы елдер көлік-транзит әлеуетін толыққанды пайдалану қажет екенін атап өтті. Бұған қоса, қазіргі әлемде ақпарат­тық кеңістіктегі теріс құбылыс­тардың алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы артып келеді деп санайды.
– Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессен­джер­лердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар ара­сында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салдарынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігер зая кетеді. Дау-жанжал мен дүрбелеңді бол­дырмау үшін салалық ведомство­ларымыз бен қоғамдық ұйым­дары­мыз тығыз ынтымақтастық орна­тып, түсіндіру жұмыстарын барын­ша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе біздің мемлекет қайрат­керлеріміздің саяси жауапкер­шілігіне де байланысты. Өкінішке қарай, кейбір елдерде мемлекеттер басшыларына қатысты негізсіз арандатушылық сипаттағы сөздер айтылатын жағдайлар кездеседі. Бұл, әрине біздің ынтымақ­тастығымызға нұқсан келтіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында кездесу нәтижелері өзара достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік арқа­сында берік байланыс орнатқан, қуатты әрі өркендеген мемлекет қалыптастыру жолындағы ортақ мақсатқа жетуге елеулі үлес қо­сатынына сенім білдірді.

М.ХАҚНАЗАР