Ақтөбеде әлі де болса кейбір бизнес субъектілері газбен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар ала алмай отыр. Өйткені газ тапшы. Облыс басшылығы бұл мәселені шешу үшін шаралар қабылдауда. Таяуда Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің бизнес-қоғамдастығымен кездесу өткізіп, осы жайтты талқыға салды. Кездесуді облыс әкімдігі өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырды. Басқосуға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков, «Даму» КДҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Мақажанов, әкімдік, құқық қорғау және қадағалау органдарының, салалық қауымдастықтардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Кәсіпкерлердің сауалдары әртүрлі салаға байланысты болды. Білім беру, мемлекеттік сатып алу, газбен жабдықтаудағы проблемалар тілге тиек етілді. Мысалы, «Жаңажол ГТЭС» ЖШС 2020 жылдан бастап тауарлық газдың шектеулі көлемін алған. Серіктестікке бөлінетін көлемі 234,5 текше метр газ электр стансасы қуатының тек 40 пайызын жүктеуге жетеді. Мұны компанияның бас директоры Сағадат Наутбаев айтты. Ал SD Enrustru ЖШС-на объектіні газбен жабдықтау желілеріне қосуға рұқсат берілмеген. Осының салдарынан компания айына 1,5 млн дана кірпіш өндіретін жобаны іске қоса алмай отыр. Әйтпесе, құрылыс материалдарының тапшылығы жағдайында аймаққа қажет жоба болатын. Осындай жағдайға бірнеше кәсіпкер тап болған. Кесірінен несие алып, шығынға ұшырағандар бар. Жиында бұған ұқсас өтініштер хаттамаға енгізілді. «Қазгазтранс Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының мәліметінше, қолданыстағы газ құбырларының қуаттылығы төмендеген. Осы тұста өңір басшысы Е.Тоғжанов «Бұхара-Орал» газ құбыры мен магистралды газ құбырының 3 желісін салу бойынша шаралар қабылданып жатқанын баяндады. Бұдан өзге мәселелер де жетерлік.
«Құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің соттар арқылы қысқы қымбаттау коэффициентін өндіріп алу бойынша мемлекеттік органдарға шағымы жиілеп кетті. Кейбіреулер, яғни мемлекеттік орган тарапынан заңды бұзғаны үшін, бұл жағдайда әдеттегідей мемлекеттік орган емес, бизнес жауап беруде. Мысалы, Мұғалжар ауданының құрылыс бөлімі Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысы негізінде «Интер ЭлектроКомплект» ЖШС-на қыс мезгілінде істеген жұмысы үшін төленген 5,5 млн теңге соманы қайта өндіріп алу үшін сотқа талап-арыз беріпті», – деп атап өтті адвокат Динара Ермұхамбетова.Облыс прокуроры жеке қабылдау шеңберінде мәселені егжей-тегжейлі талдауға дайын екенін айтты. Бұдан бөлек, мектеп асханаларында кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан оқушыларды тамақтандыруға бюджеттен бөлінетін соманы ұлғайтуды сұрауда.
«Мемлекет бизнес өкілдеріне көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға бір ыстық түскі ас бергені үшін 507 теңге төлейді. Инфляциялық процестердің күш алған кезде индекстеуді қолдана отырып, мектеп оқушылары үшін ыстық тамақ бағасын есептеу әдістемесін өзгерту қажет. Азық-түлік бағасының өсуін ескерсек, қазір балалардың тамақтануын толық қамтамасыз ету ісі нормаларға сәйкес келмейді. Бұл мәселені біз бірнеше рет көтердік. Білім басқармасына 2022-2023 жылдарға арналған бірреттік мектептегі тамақтану бағасын ұлғайтуды қарастыруды сұраймыз», – деп шағымданды кәсіпкер Гүлнар Оралбаева.Білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан 2023 жылға арналған тегін ыстық тамақты ұйымдастыруға арналған бюджет Ұлттық статистика бюросы ұсынған стратегиялық жоспарлау және ресми баға реформалары бойынша қайта есептелетінін айтты. Осыдан кейін облыс әкімі Ералы Тоғжанов әрбір өтінішке мұқият талдау жүргізуді тапсырды.
«2021 жылы 5 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, Ұлттық жоба аясында 2 600-ден астам жоба қолдау тапты. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтуге мемлекеттік бағдарламалар ғана емес, ірі компаниялар да тартылуда. Мысалы, облыс басшылығы ERG компаниясымен Хромтау кәсіпкерлерінің жобаларын 3 пайызбен несиелеу туралы келіссөздер жүргізуде. «Ауыл аманаты» жобасын іске қосу – ауыл халқының табысын едәуір арттырады. Биыл мемлекеттік қорға 500 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылады. Жалпы, бизнесті дамытуға қатысты көптеген мәселе шешілетін болады», – деп атап өтті аймақ басшысы.Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков кәсіпкерлікті қорғау бойынша экожүйе құру жобасын іске асырып жатқанын атап өтті.
«Атамекен» палатасы проблемалық мәселелерді шешу үшін бар тетікті қолданатын болады. Бизнес пен мемлекеттің тиімді өзара іс-қимылын қалыптастыру үшін, бизнес проблемаларын жедел түрде шешу мақсатында палаталар жанында Өңірлік кеңестің салалық комитеттері жұмыс істейді. Олар өз алаңдарында кәсіпкерліктің жүйелі мәселелерін сараптайды. Салалар бойынша бірлескен байланыс топтары арқылы әкімнің жетекшілік ететін орынбасарлары, басқармалармен өзара іс-қимыл жасауды ұсынамыз. Мәселелерді кеңірек талқылау керек», – деді ол.Басқосу Мемлекет басшысының 2022 жылғы 19 мамырда бизнес-қоғамдастықпен кездесу барысында әкімдер кәсіпкерлер мен прокуратура өкілдерінің қатысуымен тоқсан сайын кездесу өткізу қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу аясында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Мемлекеттік және қадағалау органдары басшылары, «Атамекен» палатасы мен қаржы институттары қызметкерлері кәсіпкерлердің проблемасына құлақ асу үшін жеке-жеке қабылдады. Форум қорытындысы бойынша, Хромтау қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше кәсіпкер марапатталды. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ақбөбек» оңалту орталығының құрылтайшысы Күлпаршын Айдархановаға, Ақтөбе облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлшат Масалимоваға, «Рамазан» ЖШС директоры Ертай Қадырұлына, «Глобал – Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаева мен «Айс-плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ишановқа алғысхат тапсырды.