Жетісуда дәрігер жетіспейді
Жетісуда дәрігер жетіспейді
© коллаж: Елдар Қаба
540
оқылды
Жетісу облысында емдеу мекемесі жоқ елді мекендер бар. Сонымен бірге, тозығы жеткен дәрігерлік амбулаториялар мен арнайы салынбаған қолайсыз ескі ғимараттарда қоныстанған медпункттер де жеткілікті. Медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі тағы бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде 198 маман қажет екен. Қазіргі мөлшері бұрынғыға қарағанда аздау болса да, бір облыста осыншама маман-дәрігердің жетіспеушілігі жақсылық емес екені анық. Жұртшылықтың бүгінде ауырмауға тырысатыны, науқастана қалса, жергілікті жерден жәрдем күтпей, қалаларға сабылатыны, мүмкіндігі шектеулісі ең құрығанда аудан орталығын жағалайтынының себебі де осы кадр жетіспеушілігі мен ауылдардағы емдеу мекемелерінің нашарлығында жатқаны анық. Тіпті, қала мен аудан орталықтарында да медицина мықты деуге болмайды. Сондықтан да қалтасы көтергендер жаны үшін жекеменшік мекемелерді жағалайды. Халық емшілерін мазалайды. Басқа аудандарды айтпай-ақ қояйық. Жетісу об­лысындағы бюджеттің басты доноры болуға тиісті, екі мемлекеттің шекарасының шебінде орналасқан Қытай мен екі арадағы жүк тасымалының негізгі көлемін жүзеге асыратын темір жол және автокөлік өткелі бар, арнайы аймағы мен «Құрғақ айлағы» жұ­мыс істеп тұрған – Пан­филов ауданындағы 42 денсаулық сақтау нысанының тең жартысы тез арада назар аударып, күрделі жөндеуді, қайта құрылымдауды қажет етеді. Мұнда да білімді әрі білікті медициналық кадрлар тапшы. Әсіресе, гинеколог, неонатолог, рениматолог және педиатр сынды дәрігердің қаны жерге тамбайды. Хал­қының саны 130 мыңнан асатын шалғай аудан­дағы тұрғындар жандарына дауа іздеп, облыс орта­лығы Талдықорған мен Алматы қаласына сандалады. Осы аудандағы Нағарашы ауылының тұрғындары сырқаттана қалғанда, ешқандай жағдай жасалмаған медпунктке жүгінуге мәжбүр. Даладағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан кезек күтіп, сағаттап көшеде тұруға тура келеді. Әсіресе, қыстың аязды күндері мен жаздың аптап ыстығында қиын. Үлкен кісілер мен балаларға обал. Сәбилерін ектіруге келген аналар кезектері келгенше әбден қиналады. Емдеу мекемесінің өзі тым тар. Дәрігерлер амалдың жоқ­тығынан науқастарды дәлізде қабылдайды.
Жаңа медицина мекемелерін тұрғызғанда құ­рылыс нормалары мен талаптарының сақталуын қатаң бақылау қажет-ақ. Өйткені, пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл ғана өте салысымен, қабырғалары қақырап, төбелері салбырап, іргетасы үгітіліп, едендері опырылып жататын емдеу мекеме­лерінің қатары жыл сайын артып барады. Сондай­лардың бірі – Панфилов ауданындағы Сарыбел ауылында орналасқан. Он жыл бұрын қолданысқа беріліп, жергілікті жұртшылықты қуанышқа бөлеген ғимараттың іргетасы отырып, қабырғаларында жарықшақтар пайда болып, төбесі тесіле бастапты. Тұрғындар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның құры­лысын қабылдап алғандарға өкпелі. «Амбула­торияның қазіргі қалпы өмірге қауіп төндіреді. Он жыл ішінде осындай жағдайға жеткен ғимаратты пайдалануға қабылдап алып, тиісті құжатқа қол қойғандарды жауапқа тарту керек. Қадағалаушы органдар қайда қараған, неге талап етпеген? Қазіргі кезде келуге қорқамыз. Балаларды әкелмеуге тырыса­мыз. Қайта жөндеп, реттеп берсін. Мемлекет­тің қаржысына тұрғызылған дүниенің сұрауы да қатал болғаны жөн», – дейді сарыбелдіктер.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабар­лас­қанымызда, Сарыбелде комиссия болып, ғимаратты апатты деп тапқанын, кемшіліктерге акті жасалып, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржының мөлшері анықталғанын айтты. Қазіргі кезде қаржыландыру мәселесі шешілуде екен. Биыл облыстық мәслихаттың шешімімен жер­гілікті бюджеттен денсаулық сақтау нысандарын күр­делі жөндеуден өткізуге 1 841 821 мың теңге бөлі­ніп­ті. Оның 538 021 мың теңгесі Қаратал аудандық орталық ауруханасының «Б» бөлігінің жылдарға созылған күрделі жөндеуін аяқтауға қарастырылып, «А» және «Б» бөліктерін күрделі жөндеу кейінге қалдырыпты. Осы орталық аурухананы абаттандыруға 200 миллион теңге, Сарқан ауданындағы Черкасск ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуге 135 миллион теңге бөлініпті. Сондай-ақ, облыстағы емдеу мекемелеріне блокты-модульды қазандықтар орнатуға 900 миллион теңге берілген. Биыл облыста 6 нысан бойынша құрылыс-құрас­тыру жұмыстары жүргізілді. Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысы келер жылы аяқталуға тиісті. Көксу ауданындағы Ақшатоған ауылында бір ауысымда 20 адам қабылдайтын емхана, Еңбекшіқазақ ауылында бір ауысымда 20 адамға арналған фельдшерлік-акушерлік пункт, Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, осы аудандағы Алтынарық ауылында ауысымда 10 қабыл­дауға арналған медпункт салынып, жыл соңына дейін пайдалануға берілуге тиісті. Сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы жедел тұрғызылатын модульды жұқпа­лы­ аурулар ауруханасын салу мен оған қызмет көрсету де биыл бітеді деп жоспарланған.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы