Агроғылым, тенденциялар, инновациялар мен технологиялар, сондай-ақ үздік сауыншылар байқауы, асыл тұқымды мал тұқымының аукционы және 200 келі алманың таратылуы – осының барлығы Орталық Азияда ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі – KazAgro/KazFarm-2022 көрмесінің бір бөлігі болды.
Астанада үш күн бойы – 12 мен 14 қазан аралығында – 20-дан астам елдің сала мамандары және 300 компания өкілдерінің басын қосқан шара өтті.
Қазақстанға аграрийлер, ғалымдар, бизнесмендер, шенеуніктер, сарапшылар, инвесторлар, импорттаушылар мен экспорттаушылар келді. Олардың барлығы серіктестерді, одан әрі транзакциялар үшін байланыстарды, жаңа шешімдер мен технологияларды, құралдарды, идеяларды және ынтымақтастықтың жаңа жолдарын іздеді.
«KazAgro/KazFarm көрмелерінің мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді көрсету және Қазақстанның барлық фермерлерін бірегей алаңға біріктіру. Бұл біз үшін өте маңызды оқиға. Көрмелер өткізу игі дәстүрге айналғаны қуантады», – деді министр.Құрылғаннан бері көрмені 13-ші рет ExpoGroup компаниясы ұйымдастырып отыр және оның тұрақты идеялық дем берушісі – ұйымның директоры Шолпан Қожабаева.
«Биыл көрмені 20 мыңнан астам адам тамашалады. Айта кетерлігі, біз агроғылымға үлкен мән беріп, отандық ғалымдарға қолдау көрсетіп, олардың ауыл шаруашылығы саласындағы әзірлемелерін жариялап жатырмыз. Олардың жұмысы қай кезде де көлеңкеде қалып қояды, біз олардың жұмыстарын жандандырып отырмыз. Сонымен қатар, биыл серіктестеріміз – ауылшаруашылық тауар өндірушілері дәстүрлі түрде ауқымды стендтерді ұсынып, мәмілелер жасап, жаңа тұтынушыларды тапты. Олардың барлығы келесі жылы көрмеге қатысатындарын растады», - деді Шолпан Қожабаева.Көрмені талқылаудың негізгі бағыты – отандық агроғылымды дамыту. Бүгінгі таңда Қазақстанда, әр өңірде дерлік ғылыми өңдеумен, жаңа технологияларды енгізумен, селекциямен айналысатын тәжірибе станциялары мен ғылыми-зерттеу институттары бар. Көрме барысында ғалымдар үшін өз жұмыстарының бірегей нәтижелерімен бөлісу, сондай-ақ шетелдік әріптестердің тәжірибесімен танысу маңызды болды.
«Біз бұл көрмеге екінші жыл қатысып отырмыз, өткен жылы жалға алу алаңы шамамен 100 шаршы метрді құрады. Биыл – 720 шаршы метр. Халық Қазақстанда машина жасау барын көрсін. Беларусь, Испания, Түркия және басқа елдердің зауыттарымен ынтымақтасамыз. Осы көрме аясында біз 26 млн теңгеге екі дана техника саттық. Бір сатып алушы Ақмола облысының Ақкөл ауылынан болса, екінші сатып алушы – Оралдан», - деді Kamz Agro директорының орынбасары Қуанышбек Әбдірахманов.Көрмеге ұсынылған компаниялардың бірі – 1953 жылдан бері ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын шығаратын ірі американдық өндіруші Massey Ferguson. CanAgro 2016 жылы Қазақстандағы дистрибьютор болды. CanAgro маркетологы Руслан Жоламанов көрме барысында мамандардың қандай нәтижелерге қол жеткізгенін айтып берді:
«Біздің компания нарықта 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта біз Massey Ferguson брендін ұсынамыз. Біздің компания көрмеге құрылған күннен бастап жыл сайын қатысып келеді. Тапсырыс берушілер көп, бағаның қымбаттауына қарамастан, құрал-жабдық алуға қызығушылық танытқандар бар. Бізде қазірдің өзінде жабдықты сатып алу туралы алдын ала ниеттілер тіркелді, біз сатып алып, келісім-шарт жасастық», - деді ол.Көрме аясында ауыл шаруашылығы саласының тенденцияларын талқылаудан басқа, арнайы техникалар мен конференциялар көрсетілді, түрлі байқаулар, жиындар және басқа да интерактивті іс-шаралар өткізілді. KazAgro/KazFarm көрмелерінің тарихында тұңғыш рет 2022 жылы қой мен ешкі тұқымдық материалдары бойынша аукцион өтті. Көрмеде «элита» класындағы асыл тұқымды қошқарлар, Еділбай, Гэмпшир, Дорпер, Қаракөл, Саанен сүтті тұқымды уақ малдар ұсынылды. Тұқымды криоконсервациялау IMV (Франция) технологиясы бойынша зертханада жүргізіледі. Мұндай биоматериалдың бағасы жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өту маңызды. Сондықтан сатып алушылар сатып алудан ақша таба алады. Биоматериалды 100 жылға дейін сақтауға болады. Сауда-саттық кезінде ең жоғары баға 1 млн теңгеге жетті. Көрме аясында «Үздік сауыншы» байқауы өтті, оған барлық ниет білдірушілер қатысты. Басекелестердiң тәжiрибесi, жынысы сияқты мәселелер манызды болған жоқ. Ұйымдастырушыларды таң қалдырғаны, байқауға қатысушылардың 80%-ы ер адамдар болды. Көрме қонақтары үшін басқа да қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның қатарында үш тоқтының лоторея арқылы ойнатылуы, асыл тұқымды бұқалардың көрмесі, белгілі жас әнші Ержан Максимнің жаңа әнінің тұсаукесерін атап айту керек.