Сырда серуендеу сәнге айнала ма?
Сырда серуендеу сәнге айнала ма?
522
оқылды
Қызылорда облысында туризм саласын дамыту ісі кен­желеп тұр. Саланы өркендету мақсатында инвесторлар тарту мәселесін айтпағанның өзінде, инфрақұрылымын жетілдіру бағытында да жұмыс жеткілікті. Жалпы, өңірде туризм саласын дамыту мақсатында көптеген ірі жоба қолға алынғаны белгілі. Оның ішінде Қармақшы ауда­нын­дағы «Қорқыт ата» мемориалды кешені, Арал ауданындағы Қам­баш көлі аумағы, Байқоңыр қала­сы аумағынан «Байқоңыр» ойын-сауық орталығын ашу жобалары болашағынан зор үміт күттірді. Негізінен, облыстың туристік әлеуеті жоғары. Бұл тұрғыда мә­дени-тарихи орындар, емдік-сауық­тыру және экотуризм бағыт­тарының мүмкіндігі зор. Бұған дейін «Қамыстыбас» демалыс аумағы, «Жаңақорған» шипажайы және «Байқоңыр» ойын-сауық орталығының республикалық ту­ристендіру картасына енгізілуі – соның айқын дәлелі. Дей тұр­ған­мен, жоспарланған жұмыстардың межелі уақытында жүргізілмеуінен саланың дамуында оң серпіліс байқалмайды. Бұған дейін елімізде өткен EXPO-2017 көрмесі кезінде туризм саласының өркендеуіне не­гіз қалайтын жарқын жобалар қолға алынғаны белгілі. Қызыл­орда облысы Қармақшы ауда­нындағы «Қорқыт ата» мемориал­ды кешені – соның айқын кө­рінісі. Сол жылы кешен қайта жаң­ғыртылып, шетелдік қонақ­тар­ды қабылдайтын негізгі орын санатына енгізілген болатын. Осы арқылы Сыр өңірінің мәдени, тарихи құндылықтарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік туды. Қазір күре жолдың бойында орналасқан кешен жолаушы­лардың аялдайтын қасиетті мекені саналады. Бұл аумаққа ат басын бұрған жандардың жайлы дема­лысына жағдай жасауға да көңіл бөлінді. Осы арқылы туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік жа­сал­ды. Алайда қазір кешенге алыс-жақын шетелден келетін қонақтардың қарасы үзілген. Яғни, пандемия кезінен бастап баба кешенінің ахуалы ақсап тұр.
«Карантин кезінде келушілер болған жоқ. Бүгінде кешен ашы­лып, жұмыс істеп тұр. Жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатыр деп айтуға болады. Сол сияқты ке­шеннің қарсы бетіндегі жеке кәсіпкердің меншігіндегі кәсіптік мақсатта ашылған зиярат ету орталығы да талапқа сай қызмет етуде. Кешеннің инфрақұрылымы да шешімін тапқан. Дариядан құбыр арқылы ауызсу тартылып тұр. Көркейту-көгалдандыру, жарықтандыру мәселесінде де түйткіл жоқ. Тек көгілдір отынмен қамту ісі кенжелеп тұр. Соған байланысты бүгінде кешенді тоқ­пен жы­лытып отырмыз. Сонымен қатар кешен 2014 жылы реконс­трук­­циядан өткізілген болатын. Содан бергі уақытта жөндеу жұ­мыстары жасалмады. Бұл да бүгін- де өте өзекті», – деді бұл жайында Қызылорда облыстық Мәдениет және спорт басқармасының «Қор­қыт ата» мемориалды музейі бас­шысы Нұрлан Бахтияров.
Кешен басшысының айтуын­ша, көптен күрделі жөндеу көрме­ген нысанға жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыруға мәжбүр. Толық жөндеу жұмыстары сөз болғанымен, әлі күнге жүзеге аспай тұрса керек. туризм Жалпы, музейде 3 000-ға жуық экспонат бар екен. Оның 2 000-ға жуығы негізгі қорда болса, қалған бөлігі көмекші қорда сақтаулы. Бұл экспонаттардың басым бөлігі Қорқыт атаның өмір тарихы негізінде жинақталса, қалғаны Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың мұраларымен то­лықтырылған. Қазір кешенді көруге келе­тіндер өзіміздің қазақстандық азаматтар. Бұрынғыдай шетелдік туристер келмейді. Кешен басшы­сы шетелдік туристерді тарту жұ­мыс­тары әлі де күшейтуге ша­қырады. Ал Арал ауданына қарасты Қамыстыбас елді мекені аумағын­дағы Қамбаш көлінің туристік әлеуетін арттыру бағытында да атқарылуы тиіс жұмыстар шаш етектен. Жалпы, бұл көлге жаз мез­гі­лінде ағылатындар қатары аз емес. Арал халқымен қатар іргелес қо­ныстанған Қазалы ауданы және Байқоңыр қаласының тұрғындары да осы мекенге келіп, тынығып тұрады. Сыр 2019 жылы көлге келушілер саны 90 мыңнан асыпты. Ал 2020-2021 жылдары тағы да сол пан­демия салдарынан бұл аумақ­тың жұмысы тұралап қалған. «Биыл 20 мыңға жуық тынығушы бой көр­сетті» деген ақпар бар. Алай­да Қа­мыстыбас көлі маңайын турис­тік аймақ ретінде жетілдіре түсетін жұмыстар әлі де аз емес.
«Қазір Қамбаш көлі аумағы туристік мақсатта игеруге бір кә­сіпкерге 10 жылға берілді. Аудан­нан туризм саласын дамытуға бағытталған 13 талап бойынша осы жергілікті кәсіпкер жұмыс істейді. Қазір көл аума­ғында жа­рық мәселесі шешімін тапқан. Ауызсу іркіліспен болса да беріліп тұр. Ал жол мәселесінде қиын­дық бар. Кәсіпкерлер өз күшімен жол жасап қойды. Алайда мемлекет тарапынан заман тала­бына сай жол салу қажеттігі туын­дап тұр­ғаны жасырын емес. Бұл мәселе сан мәрте көтерілді. Бірақ оң нә­тиже болар емес. Сондай-ақ кө­гал­дандыру мәселесі де ше­шіл­мей келеді», – деп түсіндірді бұл жөнінде Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Алдаберген Исаев.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналас­қандықтан, бұл жерге туристер тартуға зор мүмкіндік бар. Бүгінде аталмыш аймаққа жол, автотұрақ салу, қоқыс жәшіктерін орнату кезек күттірмес мәселеге айнал­ған. Бұл тұрғыда Қамбаш көлі демалыс аймағын алып, жұмысын бастап жатқан жеке кәсіпкердің де жоспарын сұрап, білдік.
«Осы ауылдың тумасы ретінде Қамбаш көлі аумағын туристік аймақ ретінде көркейтуді мақсат тұтып отырмын. Сол арқылы өңірдің туризм саласын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Бұл ау­мақ­тағы басты мәселе – жол салу. Бүгінде жол мен автотұрақ салу ісі мемлекет тарапынан қол­дау тауып отыр. Келер жылы бұл жұмыстар­ды бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге көл аумағын қоршағымыз келеді. Сол сияқты көркейту-көгалдан­дыру жұмыс­тарын жүргізу керек. Бүгінде көл аумағынан жалға жер алып, кә­сібін дөңгелетіп отырған кәсіп­кер­лер жұмысын жалғастыра бере­ді. Сондай-ақ көл аумағында қысқы туризмді дамытуға да жағ­дай жасасам деймін», – дейді жеке кәсіпкер Алтынбек Балмырзаев.
Өңірде қысқы туризмді да­мыту мәселесі де кенжелеп тұр. Соның ішінде осы Қамбаш көлі аумағына жыл он екі ай туристерді тарту жұмыстары бір кездері сөз болғанымен, бүгінде нәтиже жоқ. Қазір бұл жерде қысқы демалысты ұйымдастыруға еш жағдай жасал­маған. Соған орай жыл бойына қызмет көрсететін демалыс орын­дары мен қонақүй кешенін салу қажеттілігі туындап тұрғаны жа­сырын емес. Кәсіпкер осы мақсат­та да жұмыстар жүргізетінін мә­лімдеп отыр. Ал осыдан үш жыл бұрын Бай­қоңыр қаласы аймағынан ойын-сауық орталығы құрылатыны көпке мәлім болды. Сол кездегі жоспарға сай орталықтың жалпы аумағы 50 гектарды құрайды. Ойын-сауық орталығы ғарыш аттрак­циондарымен жабдықта­лып, келушілер көкке көтерілген зымыран дауысын естуге мүмкін­дік алатыны айтылды. Алайда әлемдегі ғарыштық туризмнің орталығына айналады деген жоба әзірге тек қағаз күйінде қалып отыр.

Қызылорда облысы