Қараусыз мал қауіп төндіреді
Қараусыз мал қауіп төндіреді
917
оқылды
Қараусыз көше кезген малдың жол-көлік оқиғасына себепші болып жататынын жиі естиміз. Өкініштісі, иесінің салғырт­тығы­нан жол жағалап кеткен төрт тү­лік­тің көлікке соғылуы кейде адам шығынымен аяқталып жатады. Ақмола облысында дәл осындай сипаттағы жол апаттарының саны өскен. Оған қоса, өңірде мал ұрлығы да өрши түскен. Қараусыз қалған төрт түлік егінін таптаған шаруалар да шырыл қағады. Ақмола облыстық полиция депар­тамен­тінің мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері малын бейуақыт қарау­сыз қалдырған 3 мыңнан астам шаруа әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонда да болса өрістен кел­ген малын қорасына санап қамауға құлық таныта қоймайтындар баршы­лық. Өз кезегінде ұры-қарылар бұл мүм­кіндікті мүлт жібермейді. Жыл ба­сы­нан бері облыста мал ұрлығы 60 дерегі тіркелген. Барымташылар 965 бас малды қолды еткен. Полиция қыз­мет­керлерінің жедел әрекетінің нәти­же­сінде 844 бас мал иелеріне қайтарыл­ған. Иелері 179 миллион 394 мың теңге сомасында шығын шеккен. Мұның ішінде тек 128 миллион 384 мың теңге ғана иелеріне қайтарылған. Жыл басынан бері қараусыз малдың кесірінен 6 жол апаты тіркеліп, 8 жо­лау­шы ауыр жарақат алған. Мұндай да көлік жүргізуші мен мал иесі де зор шы­­ғынға ұшырайды. Полиция аталған дерек бойынша 166 іс қозғаған. Одан бөлек, тұрғындар көше кезген малдың кейде ауладағы бақтары мен егіндеріне де түсіп әуреге салатынын жиі айтады.
«Иелері қамамайтын қаңғыбас жыл­қылардан көретінімізді көрдік. Олар Краснояр ауылының жанындағы Қарасу өзенін былғап болды. Дәл өзен­нің жағасында жылқыға қоршау орна­тып қойған. Барлығын таптап бүкіл жер жылқының тезегіне айналды. Саяжай­ларға да тыныштық бермейді. Жаз бойы күтіп-баптаған бақшасын жылқы тап­тап кеткендер көп. Өзен кәдімгі бат­пақ­қа айналды. Ол үшін ешкім жаза­лан­ған да жоқ», – дейді Краснояр ауылының тұрғыны Татьяна Веронская.
Дегенмен жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері де қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар әкімдікпен бірлесіп, жол бойына ірі қараның сұл­басын салынған 60 макет орнатылған.
 «Полиция мал иелерімен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Дегенмен елді мекендерде қараусыз қалған малдың саны азаятын түрі жоқ. Жол үстінде күтпеген жерден алдыңнан шыға келген малды жүргізушілер байқамай қалады. Малын қараусыз жібергендер үстінен Қазақстан Респуб­ликасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұнымен қоса, қараусыз қалып қаңғырып жүрген мал мал ұрлығының санын көбейтті», – дейді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Мәселен, Наумов ауылдық округін­де 7 қазан күні кеш қарая жергілікті учаскелік полиция инспектор, полиция капитаны Нұрлан Әбілов ауылдың сыртын­да екі шақырым жерде бағусыз жүрген 50 бас жылқыны байқап қалған. Үйір жылқы «Наумовка-Ақкөл» авто­жолы­ның жанында жүрген. Инспек­тор­дың айтуынша, жылқының маңын­да мал иесі де, бақташы да болмаған. Тәртіп сақшылары дереу жергілікті шаруалармен бірлесіп иесіз жылқылар­ды айыппұл алаңына қамап тастаған. Арада біршама уақыт өтпестен мал иесі де табылған. Жылқының иесі Бұлан­ды ауданының тұрғыны әкімшілік құқық­бұзушылық кодексінің 408-бабы­мен әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды. Ал 11 қазанда Зеренді ауданында тағы бір ірі жол апаты жүргізуші сиыр­ды қағып кеткен.   P.S. Қысқасы, полиция мен әкімдік қыз­мет­керлері барын салып жатқанымен облыс аумағында қараусыз қалған мал­дың саны азаймай тұр. Полиция тұрғын­дардан малды қараусыз қалдырмауға ша­қыр­ғанымен шаруалар оған құлақ аса қоймайтындай.

Ақмола облысы