Кәсіпкерлікті дамыту – басты назарда
Кәсіпкерлікті дамыту – басты назарда
1,438
оқылды
Елімізде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жө­ніндегі Ұлттық жоба» жоспар бо­йынша жүзеге асып келеді. Құжаттың негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Соның ішінде суб­сидиялау, кепіл болу, жеңілдікпен микрокредиттеу, жетпей тұрған инфрақұрылымды тартып беру және мемлекеттік гранттар беру қарас­тырылған. Бұл жерде, субсидиялау дегені­міз – банк­тердің бизнесті дамытуға беретін несие­лерінің сыйақы мөл­шерлемесін төмендету деген сөз. Ал кепіл болу – банктердің не­сиелері бойынша кепілзат ретінде ішінара кепілдік беру. Бұл құжатты бұған дейінгі жасап шығарылған мемле­кеттік бағдар­ламалардың барлығын кіріктіре отырып Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Іске асыруға жауаптылар қатарында әзір­леушімен бірге Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мә­дениет және спорт, Индустрия және инфра­құрылымдық даму, Ішкі істер, Қаржы, Энергетика, Сыртқы істер министрліктері бар. Сонымен қатар келісу бойынша, бір­қатар комитет, агенттік, палаталар мен ква­­зимемлекеттік компаниялар жүзеге асы­рылуына атсалысады. Ұлттық жобаны әзірлеудегі мақсат – кәсіпкерлік құрылым­да­рындағы сапалы өзгерістерді қам­тамасыз ету, халықты жұ­мыспен қам­туды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту, экономика сала­ларын әртараптандырудың драйвері ретінде орта бизнеске сүйену, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай туындата отырып, бәсе­келестікті кешенді дамыту. Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 Қау­лысымен бе­кітілген «2021-2025 жыл­дарға арналған кә­сіп­керлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жо­баға» әу баста-ақ 8 455 329 919 мың теңге қарас­ты­рылған екен. Оның ішінде респуб­ликалық бюджеттен – 1 030 884 427,0 мың, жергілікті бюджеттерден – 124 695 492,0 мың, бюд­жеттен тыс – 7 299 750 000,0 мың теңге қара­жат көзделген екен. Жылдар бойынша алып қарар болсақ, 2021 жылға – 1 272 207 923,3 мың, 2022 жылға – 1 370 367 038,7 мың, 2023 жыла –1 620 056 904,0 мың, 2024 жылға – 1 963 862 120,0 мың, соңғы 2025 жылға 2 228 835 933,0 мың теңге жоспарланған.
«Ұлттық жоба бойынша қолдау тапқан жобалар туралы айтар бол­сам, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бизнес субъек­тілеріне келесідей қаржылай қолдау көрсе­тілді. Жыл басынан бері несиесінің жалпы сомасы 435,36 млрд теңге болатын 11 913 жо­ба субсидияланды, субсидия көлемі – 86,6 млрд теңге. Несиесінің жалпы сомасы 207,5 млрд теңге болатын 11 813 жобаға мемлекет кепіл болды, кепілдік сомасы 111,1 млрд тең­гені құрады. Жас кәсіпкерлер үшін рес­пуб­ли­калық бюджеттен 91 жоба бойынша 307,17 млн теңгеге мемлекеттік грант бөлінді. Жетпей тұрған инфрақұ­рылымдарды тартып беру бойынша 2022 жылы көлемі 22,1 млрд теңгеге 48 жобаны қаржыландыру қарасты­рылған», – дейді ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемле­кеттік қолдау және қорғау де­партаменті ди­ректорының орын­басары Рашид Жорабеков.
Бес жылға арналған жобаның экономи­калық тиімділігі Жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) шағын және орта кәсіпкерлік үлесін (ШОК) 35 пайызға дейін жеткізу мақсатын көздейді. ЖІӨ-дегі туризм көлемінің өсуі 8,4 трлн тең­геге жетуі тиіс. Мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендету меже­ленген. Ұлттық құжат қорытынды­сында 995,3 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрақты – 335,1 мың, уақытша – 660,2 мың жұмыс орны болмақ. Жобаның әлеуметтік әсері: 1,7 млн адам тұрақты жұмысқа орналасады, 3,5 млн адам халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылады, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен тө­мен ауыл халқының үлесі 6,5 пайызға азаяды деп күтіліп отыр. Бұл жоба­ның ішіне бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі «Бизнестің Жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдар­ла­масы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да кіріктірілген.
«ҚЗЭ» механизмі бойынша не­сиелен­діруге жататын басым жоба­ларға арналған тауарлар тізіміне сәйкес кәсіпкерлерге же­ңілдетілген несие беру және несиелерге кепіл болу қарастырылған. Соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жыл ба­сынан бері несиесінің жалпы сомасы 194,58 млрд теңге болатын 125 жоба субсидияланған. Төленген субсидия көлемі 38,32 млрд теңгені құрады. Несиесінің жалпы сомасы 5,16 млрд теңге бо­латын 24 жобаға мемлекет кепіл бол­­ды, кепілдік сомасы – 2,2 млрд тең­ге. Осы рет­те «БЖК-2025» және «ҚЗЭ» бағдарлама­лары бизнесті қолдауда ең бір нәтижелі әрі сәтті бағдарламалар екенін атай кеткен абзал. Олар жүзеге асырылып келе жатқаннан бергі аралықта 2022 жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 36 трлн теңге болатын өнім шығарып және қызмет көрсетіп, бюджетке жалпы сомасы 2,3 трлн теңге са­лық төлеген», – дей­ді Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік қолдау және кә­сіп­керлікті қорғау департаменті ди­ректо­рының орын­басары Рашид Джурабеков.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы тапсырмаларын орын-дау мақса­тында Ұлттық эко­номика министрлігі оң­түстік және батыс өңірлердегі ШОБ субъек­тілерін жеңілдікпен несиелеудің же­ке­леген механизмін жасап шығар­ды. Мәселен, не­сиенің құнын арзан­дату үшін сыйақы мөл­шерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген несие енгізілді, өңдеу өнеркәсібінің басым салаларындағы несиеге кепіл болу 85 пайызға дейін жеткізілді. Жеңілдікті жағдайларды сақтап қалу үшін және келеңсіз жайттардың ШОБ субъек­тілеріне тиетін салдарын азайту үшін кәсіпкерлердің қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі несиелерін қайта қар­жыландыру тетігін енгізу туралы шешім қа­былданды. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5 млн теңгеге дейін қайта­рым­сыз негізде экономиканың басым сек­тор­ларында мемлекеттік гранттар беріледі.
«Ұлттық жоба аясындағы кәсіп­керлерді қаржылай емес қолдауға келсек, ол өз маз­мұнында әлеуетті және жаңадан бастаушы кәсіп­кер­лерді бизнес жүргізуге үйрету және және консультациялық қолдау бо­йынша жобалар кешенін қамтиды. Облыс және аудан орталықтарында, моноқалаларда және кіші қалаларда Кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталықтары (КҚКО) жұмыс істейді. Онда «БЖК-2025», «Еңбек», «ҚЗЭ» бағдарла­малары бойынша ақысыз негізде, офлайн және онлайн ре­жимде көмек көрсетіледі. Одан бө­лек, кәсіпкерлерге қолданыстағы биз­несін жүргізуге бухгалтерлік және салық­тық есепке алу, статистикалық есеп беру, интернет маркетинг, заң қызметтері ақпа­раттық техноло­гиялармен қамту, мемлекеттік сатып алу, отандық тауар өндірушілерге өнім­дерін өткізуге көмектесу түрінде сер­вистік қолдау жасалады», – дейді министрлік өкілі Рашид Сұлтанұлы.
Сондай-ақ ұлттық жобада 6 пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелер беру қарас­тырылған. Моно және кіші қалалар мен ауыл­дық елді мекендер үшін бұл несиелер салалық шектеулерсіз, инвестициялық мақ­саттарға, 20 млн теңгеден аспайтын сомада, ал айналым ақшасын то­лықтыру үшін кепілзатсыз негізде 5 млн теңгеге дейін 5 пайыздық мөл­шерлемемен беріледі. Одан бөлек, «ҚЗЭ» бағдарламасының басым жо­баларының сыйақы (7 пайыз) мөл­шерлеме­сінің бір бөлігін суб­сидиялау және несиелерге ішінара кепіл болу (50 пайыз, 1 млрд теңгеге дейін) сынды несиелендіру меха­низмін жү­зеге асыру жалғасуда. Кәсіпкерлік экономи­каның қозғау­шы күші десек, Президент баста­ма­сымен жүзеге асқан ұлттық жобалар сол қозғаудың қуатына айналмақ.