Патриоттық «талас» талқыға түсті
Патриоттық «талас» талқыға түсті
521
оқылды
Кешеден бері әлеуметтік желіде армрестлингтен Антальяда өткен Әлем чемпионатының видеосы жұртшылықтың қызу талқысына түсіп жатыр. Марапаттау сәтінен түсірілген видеода екінші және үшінші орын алған қазақстандық спортшы қыздар мен бірінші орын иеленген түркиялық атлет туын көрсетем деп өзара таласып қалады. Екі қазақстандық қыз тұғырға екі бөлек емес, үлкен бір Ту алып шыққан екен, екі жағынан керіп оны алдарында ұстап тұрады. Түркиялық спортшы да қалыспай, өзінің туын біздікінің алдына шығарып қояды. Сөйтіп жүлде­герлер өз рәмізін кезек-кезек көр­сетіп, араларында «патриоттық талас» туады. Әйтеуір, ақырында достық жеңіп, спортшылар мәмілеге келді. Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі комитеттің хабар­лауынша, инцидент 17 қазан күні болған. 14-23 қазан аралығында армрестлингтен ерлер, әйелдер, жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасында өтіп жатқан Әлем біріншілігіне 50 елдің 1700-дей спортшысы қатысады. Оның ішінде Қазақстанның намысын 200 адам қорғайды.
«Видеода 50 келіге дейінгі жас­өспірім қыздар арасындағы чем­пио­наттың марапаттау рәсімі бо­лып жатыр. Алтынды Түркия спортшысы Чаглаян Деря Джерен иеленді. Ал қазақстандық Диана Тюкова – екінші, Дана Асанова үшінші орын алды. Қыздар сол қолмен күш сынасты. Нағыз атлет­терге тән амбиция мен ымы­ра­сыздық осы ситуацияда да көрі­ніс тауып отыр. Біздің қыздар әзіл­деп, тұғырды ешкімге бергісі келмеді. Бірақ бұл жағдай Қазақ­стан мен Түркия спортшыларының достығына еш сызат түсірмейді», – дейді комитеттің баспасөз қызметі.
Армрестлингтен ұлттық құра­ма­ның бас бапкері Марат Асаинов та аталған оқиғаға орай өз пікірін білдірді.
«Жаттықтырушыларға әр жүлдегер өз туымен шығуы керек екенін айтқан едік. Мына жерде неге екені белгісіз, қыздар бір ту алып шығыпты. Біз бұл мәселені жаттықтырушылармен де, қыз­дар­мен де сөйлестік. Енді мұндай жағдай қайталанбайды. Осы үшін бәрінің алдында кешірім сұрай­мыз», – деді ол.