Жаңаөзенде дәстүрлі садақ атудан чемпионат өтті
Жаңаөзенде дәстүрлі садақ атудан чемпионат өтті
746
оқылды
Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан тұңғыш рес­пуб­ликалық чемпионат өтті. Шараны еліміздің Ұлттық спорт қауымдастығы мен дәстүрлі садақ ату федерациясы ұйым­дастырды. Жобаның мақсаты – салт-дәстүрімізді жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, садақ атудың бұқаралық спорт ретінде дамуына ықпал ету, мектепте дене шынықтыру пәні бағдарламасына енгізу. Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық садақшы қатысты. Жарыс­қа қатысушылар олимп нысанасы, жамбы ны­санасы, пута нысанасы, қырғыз (Орта Азия) нысанасы, қазақ нысанасы форматтары мен фи­нал­дық кездесуден бақ сынады. Нысаналардың арақашықтығы – 10 метрден 75 метрге дейін. Чемпионат жасөспірім­дер (7-18 жас аралығы), жастар (18-24) және ересек­тер арасында өтті. Садақ атудың адам денсаулығына тигізер пайдасы мол, омыртқа жотасының түрлі ауру­ларына ем, көз ауруларының алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар қыра­ғылық­ты арттырады, сабыр­лыққа үйре­тіп, психологиялық тұрғы­дан ұс­там­дылықты дамы­тады.
Жарысты ашқан Маңғыстау об­лысы­ның әкімі Нұрлан Ноғаев қатысу­шылар мен қонақтарды садақ атудан ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы бірінші республикалық дәстүрлі чемпионаттың ашылуымен құт­тықтады. «Осы жарысқа еліміздің басқа облыстарынан келген қонақтарға, спортшыларға қош келдіңіздер дегім келеді. Маң­ғыс­тау ежелден салт-дәс­түр­ді берік ұстанған, сыр мен ғажайып­тарға толы киелі өлке саналады. Соның бір дәлелі – елімізде алғаш рет ұйымдас­тырылып отырған «Ұлы дала жорығы» марафонының жеңімпаз­дарының ерлігі. Мемле­кет басшысы Қ.Тоқаевтың «Елі­міз­дің әрбір азаматы рухани, білімді, бәсекеге қабілетті болуы керек» деген тапсырмасы аясын­да спорт кешендері салынып, жөндеуді қажет ететіндері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді. Бұл үрдіс одан әрі жалғасатын болады. Ата-бабадан қалған қаруды спорт­тық мақ­сатта пайдаланып, осы спорт түрімен айналысқан­дарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Барлық қатысушыға сәт­тілік пен жеңіс жолында табан­дылық тілеймін», – деді. Облыста дәстүрлі садақ ату спорты­мен 400-ге жуық спортшы айналысады. Оның ішінде 10-15 спортшы рес­публикалық және халықаралық жарыс­тарда облыс намысын қорғап жүр. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов садақ атудың қыр-сыры туралы айтты. «Дәстүрлі садақ ату Қазақ­станда 1990 жылдары басталды. Соңғы төрт-бес жылда бұл спорт түрі ұлттық дәрежеге көтерілді. Бүгінгі чемпионат Маңғыстау облысында алғаш рет өтіп жатыр. Қазір бұл спортқа мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Бұл спорт түрімен 7 жастағы бала да, 70 жастағы қария да айналыса алады. Садақ ату әлі де өзінің лайықты орнын алады деп ойлаймын. Бүгінгі жарысқа елі­міз­дің көптеген облысынан кіл мықтылар келді. Біз бұл спортты әлемдік деңгейге шығаруға да­йын­быз, ол үшін жан-жақты қол­дау білдіреміз. Жақында Түркияда өткен көшпенділер ойынында еліміздің садақшылары екінші орын алды. Бес елдің ішінде еліміз екінші орын алып, үш алтын, екі күміс, үш қола медальмен орал­ды», – деді И. Салжанов.
Тұңғыш ұйымдастырылып отырған республикалық чемпио­наттың жалпы жүлде қор – 9 750 000 теңге. Жарыс қоры­тындысы бойынша коман­далық есепте бірінші орынды Шымкент қала­сының мергендері алса, екінші орынды Абай облысының мергендері еншіледі. Ал үшінші орын Жетісу облысы­ның мергендеріне бұйырды. Сондай-ақ әр нысана бойынша жас шамасына қарай үздік мергендер анықталып, ақшалай сыйақы табысталды.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы