19 қазан – Құтқарушылар күні. Осы орайда, әлеуметтік желіде отандастарымыз бейбіт күннің қаһармандарын құттықтап, түрлі әсерлі оқиғаны жариялады. Одан бөлек қала, облыс пен ауданда айтулы күнге арналған бірқатар шара өтті. Төтенше жағдай саласы қызметкерлері өртте, суда, су тасқыны кезінде, құйын мен боранда да өмірін қатерге тігіп, өзге жанды құтқарады. Төтенше жағдай туындағанда қиын жағдайда қалған адамға бірінші болып көмектесетін – аталған сала қызметкерлері. Сол үшін өңірлерде мереке қарсаңында қызметкерлерді марапаттап, медаль табыстады. Айталық, СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтау сөзінде биыл департаменттің жедел қызметтері 2400-ден астам шақыртуға шығып, 200 адамды құтқарып, мыңнан астам адамды эвакуациялағанын айтты. Жалпы, өңірде 700-ден астам өрт сөндіруші мен құтқарушы еңбек етеді. Мереке қарсаңында аталған облыстың ТЖД бөлім бастығы Ербол Мұхаменбеталин «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Оның17 жылдық еңбек өтілі бар. Құтқарушы болуды бала кезінен армандаған екен. Одан бөлек жиында баланы судан құтқарған батыл жандардың да ерлігі ескерусіз қалмады. Уәлиханов ауданының тұрғыны Ерлан Тілеуқабылов құдыққа түсіп кеткен үш жасар сәбиді алып шыққан. Ол «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.
«Оқиға қыркүйек айында түс кезінде болды. Ауылдағы дүкен жанынан көлікпен өтіп бара жатқам. Ата-әжесі дүкенге кіріп кетіп, сыртта жалғыз қалған баланың құдыққа құлап түскенін көріп қалдым. Жалма-жан көлігімді тоқтатып, жүгіріп бардым. Дереу дүкенге кіріп, арқан байлап, баланың соңынан түстім. Бала су бетінде ес-түссіз жатты. Алып шықтым, сәлден соң есін жинады», – деді Бидайық ауылының тұрғыны Ерлан Тілеуқабылов.
Айбике ЖАНАСЫЛ