Профессорлар пайда қуып кетті ме?
Профессорлар пайда қуып кетті ме?
© коллаж: Елдар Қаба
2,721
оқылды
Қазақ ғылымы қашан дамиды деп күтіп жүргенде, саладағы ғалымдар саны жыл өткен сайын азайып барады екен. Мәселен, соңғы екі жылда 3 мыңнан астам про­фес­сор мектепке мұғалім болып кеткен. Ғұмырын ғылымға арнаған парасат иеле­рінің осылай таңдау жасауына мектеп пен жоғары оқу орындарындағы жалақының ал­шақтығы әсер етті ме? Әлде профессордың тапқан-таянғаны күнкөріске жетпей ме? Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі ұсынған статистика бо­йынша, соңғы екі жылдан бері елде ғалымдар саны азайған. Мысалы, 2019 жылы – 21 843, 2020 жылы – 22 665, ал биыл 21,6 мың ғалым бар екені мәлім болған. Қазіргі 21,6 мың ғалымның 7 525-і жас ғалым­дар (жалпы ғалымдардың 35 па­йызы) құрайды. Министр Саясат Нұр­бектің айтуынша, елімізде соң­ғы екі жылда 3 мыңнан астам про­фессор мектепке мұғалім бо­лып кеткен. Бұған мектептегі жала­қының жоғары оқу орындарындағы жалақыдан әлдеқайда жоғары болғаны әсер етіп отыр.
– 2025 жылға дейін шәкірт­ақыны өсіреміз. Келесі қыркүйек­тен бастап тағы 20 пайызға. Біз соң­ғы екі жылда 3 мыңнан астам профессорымызды жоғалтып ал­дық. Олар мектептерге кетті. Се­бебі мектепте жалақы жақсы, – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Ведомство басшысы министр­ліктің мақсаты оқытушылардың, профессорлардың, Ph-докто­рант­тардың және студенттердің шә­кіртақыларын өсіріп, еңбек нары­ғындағы орташа және жоғары деңгейге жеткізу екеніне де тоқтала кетті. Дегенмен білім сарапшылары министрліктің бұл межеге жетуі оңай емес деп отыр. Басты себеп – жалақының аздығы Өткен оқу жылында жоғары оқу орындарындағы оқытушылар ай сайын кемінде 200 мың теңге, аға оқытушы 230 мың теңге, қа­уымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орын­дарында – 400 мың теңге) алуы тиіс деп жарияланған еді. Алайда ми­нистрліктің бұл қаулысымен қатар әр жоғары оқу орны өз алдына дер­бестігін алғанын да білеміз. Осы­лайша, университеттегі оқы­тушылардың жалақысы ала-құла болып шыға келді. Жүктемелері бірдей болса да, әр университет басшыларының пейіліне қарай профессорларға айлық төлеп отыр. Осының салдарынан ғалымдар жалақысы жақсы, жұмысы аз мектепке мұғалім болып ауысуға көшкен.
– Мектептегі мұғалімдер 300-700 мың теңге аралығында жалақы алады. Ал жоғары оқу орында­рын­дағы оқытушылардың айлығы бұ­дан бірнеше есе аз. Сосын мектепте жүктеме аз. Кезінде мектептегі мұ­ғалімдердің мәртебесін көтерген кезде ғылымның басқа салалары кенже қалып қойды. Мысалы, гео­графия институтының қызметкері 80 мың теңге айлық алса, география мұғалімі 300 мың теңге алды. Сон­да кім ғылымға барады? Мұғалім­дердің жалақысымен бірге инфля­ция да өсіп, азық-түліктің бағасы аспандап барады. Амал жоқтан профессорлар ғылымнан қол үзіп, мектепке барып жатыр. Бұлай жал­ғаса берсе жоғары оқу орында­рын­дағы профессорлардан айырылып қалуымыз мүмкін,– дейді Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.
Иә, «шымшық сойса да қасап­шы сойсын» дейді емес пе? Бар ғұмырын ғылыми жұмысқа арнаған профессорлардың педагогтердің жұмысына араласуы білім сарап­шыларын алаңдатып отыр. Шым­кенттік мұғалім Өмір Шыныбек­ұлының айтуынша, профессорлар тура мұғалім сияқты сабақ бере алмайды. Олардың жас ерекшелігі, тіл ерекшелігі мен методикасы мүлдем басқа. Мектептегі процесс оқу-тәрбие берумен байланысты. Ал профессорлар өмір бойы білім берумен, ғылыммен айналысқан азаматтар. Академик келсе де мық­ты мұғалім бола алмайды. Олардың мектепке бейімделуі қиын.
– Профессорлар «өзіміз оқыт­қан шәкірттерімізден жалақыны аз аламыз» деп маған да мұңын шақ­қан. Бірақ жыламаған бала аш қалады. Педагогтердің еңбекақысы да бірден көтеріле салған жоқ. Осы мәртебеге жету үшін біз аянбай күрестік. Ал профессорлар үнсіз отыр. Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінез­ден» деп айтқан. Сондықтан жала­қы үшін екі жақты айналсоқтап жүрген ғалымдар ғылымды жоғары деңгейге жеткізеді деп ойла­май­мын,– деді Өмір Шыныбекұлы.
Отандық ғылымға соққы Профессорлардың жоғары оқу орындарынан жаппай кетуінің бір себебі – жалақының аздығы болса, екінші себебі – жүктеменің көптігі. Университеттерде оқытушы-про­фессорлардың педагогикалық жүк­темесі жоғары, қойылатын талап көп. Дегенмен барлық про­фессор бірден мектепке мұғалім болып орналаса алмайды. Тек саласы сәйкес келсе ғана ауысады. Айталық, математика ғылымда­ры­ның докторы мектепте математи­кадан сабақ бере алады. Про­фес­сорлардың мектепке ауысуы отандық ғылымның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі про­фессор мектепке барғанда ғылым­нан шет қалады. Тек оқушыларға сабақ беріп, ғылыми жобаларды орындатады. Ал оқушылардың ғы­лыми жобалары ғылыми айна­лымға түспейді. Олар тек «Дарын» орталығы ұйымдастырған ғылыми жобалар сайысында көрсетіледі. Одан ары қарай жоба өндіріске енбейді. Ал университеттегі про­фессорлар зерттеген жобасы жай­лы әлемдік рейтингтегі журнал­дарға мақала жариялап, идеяларын практика жүзінде өндіріске енгізе алады. Өзі таңдаған бағытты ары қарай жетілдіретін шәкірттер да­йындайды.
– Бізде профессорға да, кан­дидат пен аға оқытушыға да ауди­ториялық сағаттарды теңдей бөлу қарастырылған. Мысалы, Л.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінде зерттеуші-оқы­тушы деген бар. Бұл статусқа жету үшін әлемдік ғылыми журналдарға мақала жазып, арнайы жобамен айналысу керек. Зерттеуші-оқы­тушы статусына ие болғандардың жалақысы жоғары болады және аудиториялық сағаты басқаларға қарағанда аз болады. Яғни, таза ғылыммен айналысуға мүмкіндік туады. Бірақ университетте жұмыс істейтін профессорлардың бар­лығы бірден мұндай дәрежеге жете алмайды, – дейді филология ғы­лым­дарының кандидаты Самал Әшімова (есімі өзгертілді – ред.).
Оның айтуынша, ғылыммен айналысу үшін уақыт керек. Бір ғылыми мақалаға профессор кем дегенде 4-5 ай уақытын жұмсайды. Ал ол мақаланың ішінде қаншама талдау жасалып, нәтижеге жету керек. Бұл біршама уақытты алады. Күніне 7 сағат лекция оқитын про­фессордың зерттеумен айналысуға уақыты қалмайды. Яғни, бізде жо­ғары оқу орындарының профессор-оқытушыларына қойылған талап жоғары. Scopus журналдарына мақала жазу үшін ұзақ зерттеу жүргізіп, мақаланы ғылыми ағыл­шын тіліне аудару керек. Мақала лицензияланып, редакцияланып барып журналға қабылданады. Бір мақаланың қабылдануы 1-3 жылға дейін созылып кетуі де мүмкін. Осы уақытта профессор бірнеше пәннен сабақ беріп, бірнеше конференцияға қатысуы керек. Сонымен бірге университеттегі қоғамдық жұмыстарға да қатысады. Мұндай келеңсіздік 90-жыл­дары да болды. Соның салдарынан қазақтың талай дарыны қолдау таппай, қыр асып кетті. Мысалы, АҚШ-тың Массачусетс техноло­гиялар институтының ғылыми қыз­меткері Қуат Есенов, Калифор­ниядағы Oracle Corporation ком­паниясының иесі Нұртас Мәкімов, Жапонияның Нагасаки Ұлттық медицина орталығының дәрігер-генотомы Қаһарман Еменбетов, тағы басқа ондаған ғалым шет­елден бақытын тапқан. Физика-мате­матика ғылым­дарының док­торы, АҚШ-тағы университет про­фес­соры Бақытжан Әлімбе­ковті де америкалықтар алақанына салып отыр. Енді, міне ғылымнан бақыт таппаған профессорлар мұғалім­дікке бет бұрып жатыр. Бұлай жал­ғаса берсе, жоғары оқу орындары білікті ғалымдарға зар болып қалуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде қамданып, профес­сорлардың пе­да­гогикалық жүк­темесін азайтып, еңбекақыларын көбейтуіміз керек.