Мейрамбек Төлепберген: Тұлғалардың шешендігі үлкен рөлге ие болды
Мейрамбек Төлепберген: Тұлғалардың шешендігі үлкен рөлге ие болды
836
оқылды
1990 жылдың 25 қазанында еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданар кезде Алматыдағы Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында депутаттар арасында ұзақ әрі күрделі талас-тартыс туған болатын. Сол уа­қи­ғаға куә болған санаулы журналистердің бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергенмен атаулы дата жайында аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. – Декларация қабылданған кездегі шешуші сәттерді қағазға түсірген тілшілердің бірі өзіңізсіз. Мәжіліс залында болған ахуалды айтып беріңізші. – Сол кездегі одақтас мем­ле­кеттердің бір сыпырасы өздерінің егемендік декларациясын 25 қа­занға дейін-ақ жариялап қойған болатын. Сол елдердің ұмтылысы мен талпынысын көріп-біліп жүр­ген жұрттың алда не боларына алаңдап, депутаттардың күн са­йынғы сессиясына құлақ түріп, елең-алаң күйдегі кезі еді. Еге­мендік декларациясын қабыл­дауға 362 депутат қатысты. Негізгі баяндаманы қазақтың белгілі академигі Салық Зиманов жаса­ды. Ол декларацияның 17-бабын түсіндіру үшін төрт сағат табандап тұрды. Сол кезде әртүрлі этнос­тың өкілдерінен құралған «Демо­кра­тиялық Қазақстан» деген фрак­ция болған, олар осы декла­ра­цияға балама жоба ұсынды. Олар «қазақ ұлтының өзін-өзі билеуі», «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» де­ген тұжырымдарға шамасы кел­генше қасарысып бақты. Қызу пікірталас шегіне жеткенде Са­лық Зимановтың: «Қазақ ұлты өмір сүруі керек пе, керек емес пе деген мәселе қайдағы бір көпірме сөздің мазмұнына айналатын нәрсе емес. Ұлттық тіл, ұлттық мемлекеттілік, қазақ халқының байырғы ұлт аталу құқығы, тарихи Отан, меншіктің ұлттық мен­талитетінің болуы – бұлтартпай­тын заңдылық» деп табан тіреп теңдік сұрағаны да біздің есімізде. Сол саяси маңызды құжаттың заңдылығын жан-жақты дәлелдеп беру қаншама білімді, күш-жігерді жұмсауды талап еткені көпшілікке жақсы мәлім. Ака­демик Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтсақ, «қасарыс­қан­дар­дың жағын қарыстырған», «ми­сыздарды миландырған», «дау­кестерді діңкелеткен» Зиманов пен сол секілді басқа да мықты тұлғалардың тереңдігі, шешендігі, тіпті көсемдігі сол шақта үлкен рөлге ие болды. Сол тарихи сес­сияда елімізге әйгілі Сұлтан Сар­таев, Шерхан Мұртаза, Николай Акуев, Қайрат Сапарғалиев, Бал­ғабек Қыдырбекұлы, Сауық Тәкежанов, Әбіш Кекілбаев, Ма­наш Қозыбаев секілді азамат­тар да декларацияның негізгі жобасын саяси ерік-жігермен, мәмілегерлікпен қорғап шықты. Егер 90-жылдары сол азаматтар болмағанда, қоғамға ұят болатын еді. Шын мәнінде қалың бір та­ланттарды сол кезде Құдай бізге берді. Соларды әлі күнге дейін ел аңсайды. – Ел арасында Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің аражігін ажырата алмайтындар бар. Осы ретте 25 қазанның маңызын, мәнін анықтап, ашып беріңізші. – Мен Сартаевтан да, Зи­мановтан да көп сұхбат алған адамдардың бірімін. Сұлтан Сартаев: «Егемендіктің деклара­циясын қабылдадық, тағы бір арманымыз бар, сол арманы­мыз­дың сәті түссе...» дегенінде Зимановтың: «Ол арманға жететін күн туады. Сол кезде бас баян­дамашы өзің боласың» дегені бар екен. Шынында, Сұлтан Сартаев – еліміз Тәуелсіздік алған күні бас баяндамашы болған кісі. Ал «Республика күнін не қыласың, Тәуелсіздік күні бар ғой» деген пікірлерге Салық Зи­манов: «Әке болмаса бала қайдан дүниеге келеді» деп жауап берген екен. Осы бірауыз сөзден-ақ еге­мендік алған күннің маңызын ұғынуға болатын шығар... – Декларациядан кейін қан­дай ой түйген едіңіз? – «Ақылды адамдар идеяны талқылайды. Деңгейі одан сәл тө­мендеу адамдар оқиғаға орай­лас ой айтады. Одан да төмендері адамдар туралы сөз қозғағаннан арыға бармайды» деген сөз бар. Сол кездері Парламент қабыр­ға­сында тереңнен толғайтын, тырп еткізбей дәл айтатын, саяси жа­ғынан да, құқықтық тұрғыдан да сауатты азаматтарымызды көр­генімізде, қайран қалып жүр­дік. Біз де солардан біраз дүние үй­рендік. Олардың әрбір сөзін қо­рыта отырып, газетке түсіре­тінбіз, репортаждар жасайтын­быз, стео­граммаларды жария­лайтын­быз. Солардың өзі қо­ғам­ды тәрбиеледі. Олардың сол бір ерекше тарихи кезеңдегі үлкен істерін халық еш­қашан жадынан шығармас. – Әңгімеңізге рақмет!