1990 жылдың 25 қазанында еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданар кезде Алматыдағы Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында депутаттар арасында ұзақ әрі күрделі талас-тартыс туған болатын. Сол уақиғаға куә болған санаулы журналистердің бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергенмен атаулы дата жайында аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. – Декларация қабылданған кездегі шешуші сәттерді қағазға түсірген тілшілердің бірі өзіңізсіз. Мәжіліс залында болған ахуалды айтып беріңізші. – Сол кездегі одақтас мемлекеттердің бір сыпырасы өздерінің егемендік декларациясын 25 қазанға дейін-ақ жариялап қойған болатын. Сол елдердің ұмтылысы мен талпынысын көріп-біліп жүрген жұрттың алда не боларына алаңдап, депутаттардың күн сайынғы сессиясына құлақ түріп, елең-алаң күйдегі кезі еді. Егемендік декларациясын қабылдауға 362 депутат қатысты. Негізгі баяндаманы қазақтың белгілі академигі Салық Зиманов жасады. Ол декларацияның 17-бабын түсіндіру үшін төрт сағат табандап тұрды. Сол кезде әртүрлі этностың өкілдерінен құралған «Демократиялық Қазақстан» деген фракция болған, олар осы декларацияға балама жоба ұсынды. Олар «қазақ ұлтының өзін-өзі билеуі», «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген тұжырымдарға шамасы келгенше қасарысып бақты. Қызу пікірталас шегіне жеткенде Салық Зимановтың: «Қазақ ұлты өмір сүруі керек пе, керек емес пе деген мәселе қайдағы бір көпірме сөздің мазмұнына айналатын нәрсе емес. Ұлттық тіл, ұлттық мемлекеттілік, қазақ халқының байырғы ұлт аталу құқығы, тарихи Отан, меншіктің ұлттық менталитетінің болуы – бұлтартпайтын заңдылық» деп табан тіреп теңдік сұрағаны да біздің есімізде. Сол саяси маңызды құжаттың заңдылығын жан-жақты дәлелдеп беру қаншама білімді, күш-жігерді жұмсауды талап еткені көпшілікке жақсы мәлім. Академик Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтсақ, «қасарысқандардың жағын қарыстырған», «мисыздарды миландырған», «даукестерді діңкелеткен» Зиманов пен сол секілді басқа да мықты тұлғалардың тереңдігі, шешендігі, тіпті көсемдігі сол шақта үлкен рөлге ие болды. Сол тарихи сессияда елімізге әйгілі Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Николай Акуев, Қайрат Сапарғалиев, Балғабек Қыдырбекұлы, Сауық Тәкежанов, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев секілді азаматтар да декларацияның негізгі жобасын саяси ерік-жігермен, мәмілегерлікпен қорғап шықты. Егер 90-жылдары сол азаматтар болмағанда, қоғамға ұят болатын еді. Шын мәнінде қалың бір таланттарды сол кезде Құдай бізге берді. Соларды әлі күнге дейін ел аңсайды. – Ел арасында Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің аражігін ажырата алмайтындар бар. Осы ретте 25 қазанның маңызын, мәнін анықтап, ашып беріңізші. – Мен Сартаевтан да, Зимановтан да көп сұхбат алған адамдардың бірімін. Сұлтан Сартаев: «Егемендіктің декларациясын қабылдадық, тағы бір арманымыз бар, сол арманымыздың сәті түссе...» дегенінде Зимановтың: «Ол арманға жететін күн туады. Сол кезде бас баяндамашы өзің боласың» дегені бар екен. Шынында, Сұлтан Сартаев – еліміз Тәуелсіздік алған күні бас баяндамашы болған кісі. Ал «Республика күнін не қыласың, Тәуелсіздік күні бар ғой» деген пікірлерге Салық Зиманов: «Әке болмаса бала қайдан дүниеге келеді» деп жауап берген екен. Осы бірауыз сөзден-ақ егемендік алған күннің маңызын ұғынуға болатын шығар... – Декларациядан кейін қандай ой түйген едіңіз? – «Ақылды адамдар идеяны талқылайды. Деңгейі одан сәл төмендеу адамдар оқиғаға орайлас ой айтады. Одан да төмендері адамдар туралы сөз қозғағаннан арыға бармайды» деген сөз бар. Сол кездері Парламент қабырғасында тереңнен толғайтын, тырп еткізбей дәл айтатын, саяси жағынан да, құқықтық тұрғыдан да сауатты азаматтарымызды көргенімізде, қайран қалып жүрдік. Біз де солардан біраз дүние үйрендік. Олардың әрбір сөзін қорыта отырып, газетке түсіретінбіз, репортаждар жасайтынбыз, стеограммаларды жариялайтынбыз. Солардың өзі қоғамды тәрбиеледі. Олардың сол бір ерекше тарихи кезеңдегі үлкен істерін халық ешқашан жадынан шығармас. – Әңгімеңізге рақмет!