Елестетіңізші, той иесіне айтар тілегіңізді телефоныңыз құрастырып беретін болса, қандай жақсы, ә?! Ағылшын, орыс тілдерінде мұндай мүмкіндікті ұсынатын мобильді қосымшалар жетерлік. Енді оның қазақша нұсқасы шығатын күн де алыс емес секілді. NFactorial мектебі түлектерінің бірі Ғалым Бәйтімбетов жасап шығарған «Тост Master» жобасы – қазақшаға шорқақ немесе тойларда креативті тілек айта алмайтын кісілерге тамаша көмекші болғалы тұр.
«Бұл идея маған NFactorial мектебінің инкубаторында жүрген кезде келді. Екі айдың ішінде джуниор бағдарламашы ретінде біраз дүниені үйрендік. Соны практикада қолданып көрмекші болып, қазақша тілектер құрастырып беретін жоба жасадым», – дейді Ғалым.
«Тост Master» жасанды зерденің көмегімен жұмыс істейді.
«Қазір жасанды зерделердің ең мықтысы сөз жаза алатын GPT-3 болып тұр. Оны OpenAI компаниясы жасаған. Олар бағдарламашыларға қолдануға тегін аккаунттар береді. GPT-3 көп тілді «түсінеді». Бірақ, әрине қазақша сөздер оған оңайға түспей жатыр. Уақыт өте келе үйретіп алам деп ойлағанмын», – дейді жоба авторы.
Қазір «Тост Master» қорында 100-ге жуық тілек бар. Оның жартысын Ғалымның өзі енгізсе, қалғанын жобаны қарап шыққан оның таныстары қосқан екен. Сервистің жұмыс істеу алгоритмі мынадай: жасанды зерде fine-tuning процесі арқылы әлгі тілектердің бәрін қарап, «қорытып», олардың құрылымын «түсініп», соның арқасында өзі де жаңа тілектер ойлап табуы тиіс.
«Өкінішке қарай, әзірге оның қорындағы тілек саны әлі аздау. Жақсы жұмыс істеуі үшін онда кемінде 3 мыңдай тілек болуы керек. Алайда бұл жоба қазақ тілін кеңінен насихаттауда әрі көпке қолжетімді етуде осындай пайдалы идеяларды іске асыруға болатынын көрсетті», – дейді инкубатор түлегі.