Дүңгіршектер «дәуірі» қайта басталды ма?
Дүңгіршектер «дәуірі» қайта басталды ма?
769
оқылды
Бұрын Алматыға келген адамның көзі бірден зәулім ғимараттар мен әсем табиғатқа түсіп, тамсанушы еді. Қазір қай жаққа қарасаңыз да алдыңыздан құжы­наған фастфуд дүңгіршектерге кезігесіз. Тіпті, қаланың кей­бір көше қиылысына екі-үштен орналасқан. Соңғы кезде жауыннан ке­йінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен бұл дүңгіршектер есімізге сонау 90-жылдардағы құж-құж болып жататын «камокты» түсіреді екен. Әрине, ол кездегі «камо­к­тармен» қазіргі жедел тағам да­йындап беретін дүңгіршектердің арасында әжептәуір мәдени айырмашылық бар екені рас. Дегенмен, неге мұнша көп болып кетті?! Тіпті, кейбір жерлерде жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегіне де шығып кеткендері бар. Қала келбетін бұзатыны – мәсе­ленің бір жағы ғана. Екінші бір тұсы, олардың көбеюі жастардың фастфудқа құмарлығын арттыра түспек.
«Әсіресе жастар мен балалар арасында осы тағам түріне аңсары ауатындардың саны күн санап артып келеді. Көшедегі жылдам әзір­ленетін тағамдардың құра­мында көмірсудың мөлшері өте көп. Олар көбіне тез сіңіріледі. Тез қорытылған тамақ зиянды май­ға айналады», – дейді белгілі дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев.
Аталған дүңгіршектерде не­гізінен гамбургер, чизбургер сын­ды өнімдер сатылады. Оған қоса, түрлі энергетикалық сусындар да бар. Оның да зияны ұшан-теңіз екенін тиісті мамандар айтып, дабыл қағуда: мұндай сусындар жүрекке артық салмақ түсіреді. Осыдан барып инсультпен бірге қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы секілді өзге де қауіпті аурулар өршиді. Сонымен, қаптап кеткен фастфуд дүңгіршектерінің қала бойынша саны қанша? Оларға әкімдік тарапынан қандай да бір тексеру болып тұра ма? Осы секілді бірқатар сауалымызды Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма­сына жолдағанбыз.
«Қазіргі таңда Алматы қала­сының кәсіпкерлік және инвес­ти­циялар басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесе жасалған дүңгіршектер мониторингісіне сәйкес, фастфуд өнімдерін сата­тын дүңгіршектер саны 300-ге жуық», – деп жауап берді қалалық әкімдік өкілдері.
«Дүркіреп» тұрған дүңгір­шек­тердің қаншалықты заңды­лығын өз бетінше тексеруге әкімдіктің құзіреті жетпейтін көрінеді. Әкім­діктегілер ол үшін проку­ра­тураның шешімі керек деп отыр. Сондай-ақ заңсыздық анықтал­ған жағдайда әкімдік тек сот ше­шімімен ғана әрекет ете алады.
«Ең алдымен мониторинг жүр­гізу кезінде дүңгіршектердің заңдылығын анықтау үшін уәкі­летті органдарға сұрау хаттар жі­беріледі. Уәкілетті органдар дүң­гіршектердің тұрған орны заңсыз деп белгілеген жағдайда ҚР қол­даныстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қабылдайды. Сондай-ақ сот шешімі бойынша кәсіпкерлік субъектілер заңсыз қойылған дүңгіршектердің орна­тылған жер учаскелерін өз бе­тінше босатады», – дейді Алматы қалалық Жер қатынастары бас­қармасы мамандары.

Алматы қаласы