Бүгінде өмір мен өндірістің түрлі саласында қолданылатын заманауи цифрлық технологиялар үйреншікті дүниеге айналды. Өйткені ақылды құрылғыдан амал артылмайды. Бұл дегеніңіз бюрократиялық кедергілерді болдырмайды, жемқорлықтың жолын жабады. Шығынды азайтып, уақытты үнемдеуде де артықшылығы мол. Өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін цифрландыру жобасы елордада қалай жүзеге асып жатқаны жайлы Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Мейрамбек Әшірбековтен сұрап-білдік. – Цифрландыру жобасының қажеттілігін қаншалықты сезініп үлгердік? – Қазір қарыштап дамып келе жатқан ақпараттық технология кез келген саланың ілгерілеуі үшін қажет. Сол үшін дамыған елдер мен дамушы мемлекеттер қаржысын да, ресурсын да аяп жатқан жоқ. Біз де сандық технологиялардың қоғамға берер артықшылықтарын ескеріп, цифрландыруға ден қоя бастадық. Себебі сандық технологияларды мемлекеттік органдардың қызметіне енгізуден көп нәрсе ұтамыз. Бұл халыққа да тиімді, екінші жағынан мемлекеттік органның өзі үшін ұтымды шешім. Осының арқасында қарапайым тұрғындар қажетті ақпаратқа қол жеткізу үшін сандық технологияның көмегімен Үкіметпен байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Оның үстіне, ақпаратты алмасу мен сақтауда да алға басарымыз анық. Соңғы үдерістен Астана қаласы да қалыс қалмай келеді. Бұған дейін қалалық деңгейде цифрландыруға қатысты мәселелерді «Цифрлық Қазақстан» ММ, сондай-ақ қаланың «Смарт Астана» тұжырымдамасы реттейтін. Бүгінде құжаттардың қолданылу мерзімінің аяқталуына және бірқатар сала бойынша өзектілігіне байланысты жұмыс аяқталды. Ендігі жерде орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдары Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 2022 жылғы №227/НҚ 1 шілдедегі бұйрығымен бекітілген «ақылды» қалалар құрылысының эталондық стандартына сәйкес жұмыс істеуде. Осыған сәйкес, қаланың урбанизация қарқынын және жақын болашақтағы міндеттерді ескере отырып, 2022-2024 жылдарға арналған «Тұрақты және цифрлық елорда» тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. – Сандық технология енгізілген салаларда қандай жетістікке қол жеткізе алдық? – Бүгінде жылжымалы құрамның 100 пайызы электронды төлем жүйесімен жабдықталған. Соның арқасында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлеңкелі айналымдағы 40%-ға дейінгі қаражатты алуға мүмкіндік берді. Елорданың көше-жол желісін басқару жүйесін оңтайландыру және кеңейту үшін интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді. Бұл да тасымалдау жылдамдығын 18%-ға, өткізу қабілетін 40%-ға арттырып, орташа жол жүру уақытын 20%-ға қысқартты. Қазір диспетчерлік жүйеге мыңнан астам автобус қосылған. Ол өз кезегінде маршруттардың қозғалысына, жолаушылар ағынының динамикасына септігін тигізіп, елордадағы маршруттық желі тұрақты негізде оңтайландыруға көшті. Сондай-ақ сандық технология жолдар мен аулалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етті. Мысалы, қалада бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылған жобалар аясында 30 мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылды. Нәтижесінде, қоғамдық орындарда қылмыс 73%-ға, қала жолдарында жол-көлік оқиғалары 36%-ға, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 50%-ға, жол-көлік оқиғаларынан жарақаттану көрсеткіші 24%-ға төмендеді. Және тіркелген қылмыс саны 78%-ға азайып, қылмыстық және әкімшілік істерді ашу екі есеге артқаны байқалған. Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша операциялық орталық жобасы іске асырылды. Оған Астана қаласы әкімдігінің ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымы, Сергек ҚХА, Iqala, ikomek мониторинг орталығы, «Астана-Innovations» АҚ, «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана су арнасы» ЖШС, «CTS», АҚ» Астана-РЭК» секілді барлық стратегиялық нысан қосылды. Байланыс операторларының бірыңғай интернетке қол жеткізу шлюзі арқылы барлық КВОИКИ иелерін интернетке қосу, бағдарламалық қамтамасыз етудің жаңартылған дерекқорларымен антивирустық қорғау құралдарын жаңарту шаралары қабылданды. – Әлеуметтік мекемелердегі цифрландыру жүйесі тиімділігін көрсете алды ма? – Әлбетте, көрсетіп жатыр. Мысалы, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың арқасында емхана дәлізіндегі ұзын-сонар кезек азайды. Қазір әрбір тұрғынға электронды денсаулық паспортын жасау мен толтыру жұмысы 100%-ы құрайды. Атап айтсақ, зертханалық зерттеулердің нәтижелері, электронды рецепттері, еңбекке жарамсыздық парақтары «Дамумед» қосымшасы арқылы электронды форматта беріледі. Сізге айтайын, мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 300 мыңнан астам адамға жетті. Яғни, қазір 18-50 жас аралығындағы интернет арқылы қызмет алатын белсенді халықтың көрсеткіші 48,6%-ға жеткен. Қаладағы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек көрсетуге келісімшарт жасасқан 118 медициналық ұйымның барлығы 100% МЗРК және «Сақтандыру» ақпараттық жүйелерімен біріктірілген медициналық ақпараттық жүйелерді енгізіп алды. Сонымен қатар жер қатынастарын цифрландыру және «Астана қаласының геоақпараттық орталығы» – «Елорданың цифрлық егізін» іске асыру 801 шаршы шақырым көлемінде елорданың жер телімдері 1 пиксельге 3 см дәлдікпен цифрланды. Елорданың цифрлық рельеф моделі мен цифрлық жергілікті моделі толығымен салынды. Осы салынған бөлігінің 3D модельдерінің 100%-ы құрылды. Қала аумағының 2D картасы мен негізгі инженерлік желілері де 100% цифрландырылды. Сондай-ақ жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бойынша 15 мемлекеттік қызмет цифрлық форматқа көшірілді. Цифрланған инженерлік желілер көлемі 16 мың шақырымнан асты. Инженерлік-геодезиялық жұмыстардың нәтижелері бойынша магистральдық және аулаішілік желілердің 205 мың ұңғымасы зерттелді. Ендігі жерде геопортал ақпараттық қауіпсіздік бойынша аттестациялаудан өткізілуде. – Қоғамда мемлекеттік қызметтерді алудың қиындығы аз айтылмайтыны рас. Бұл орайда қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? – Әкімдік 164 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Осы қызметтердің барлығын 100% электронды форматта алуға болады. Қазір біз мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бизнес-процестерін және жасырын мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік органдардың функцияларын үнемі анықтап, автоматтандырудамыз. Әкімдік мемлекеттік қызмет көрсетуден туындайтын мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру бойынша бөлімдер арасындағы жұмысты бастады. Былтыр 850 функцияға талдау жүргізіліп, оның ішінен 10 функция таңдалып, автоматтандырылған. Алдағы уақытта әкімдікке бағынысты мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, қазір басқарма мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетуді кеңінен насихаттау бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдауда. Бұдан кейін тұрғындарға ыңғайлы болу үшін iQala орталығы жұмысын бастады. Онда бір терезе қағидаты бойынша тұрғын үй-коммуналдық секторды ұйымдастыру бойынша қызметтерді алуға болады. Бұрын қызмет көрсетудің регламенті болмаған. Мәселен, азамат пәтер сатып алғаннан кейін барлық монополистерді аралап, әрқайсысымен жеке-жеке келісімшарт жасасып, сан мәрте телефон соғып, құжаттарының дайындығын біліп отыруы керек болатын. Сөйтіп, бұл үрдіс бір айға созылып кететін. Енді қазір iqala.kz сайтында өтініш беріп, 3-5 күн ішінде құжаттарының дайындығы туралы sms хабарлама алады. Орталықтың мүмкіндігі көп. Қызмет алушы орталықтың фронт-офисінің операторына хабарласып болмаса https://www.iqala.kz/ сілтемесі арқылы порталға өз бетінше кіріп, қызметтерді алуға мүмкіндігі бар. Елордалық iQala жобасы елдегі бірегей жоба болды. Биылдан бастап iQala үлгісімен елдің өзге де аймақтарында «коммуналдық ХҚКО» ашыла бастады. Біздің орталық ашылғаннан бері барлығы 133 қызмет түрі жүзеге асты, 450 мыңнан астам қызмет көрсетілді. – Сандық технология білім беру саласында қандай серпін берді? – Қазір қаламыздағы 3 IT мектеп бағдарламалау негіздері, web-мастер, бейнетехнологиялар, мобильді қосымшаларды әзірлеу, мобильді робототехника, ғылыми-зерттеу бағыты бойынша білім береді. Оқушылар сарайында мыңнан астам баланы қамтитын әл-Фараби «Таным» креативті технологиялар орталығы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 5 мыңнан астам баланы қамтитын Sana шығармашылық білім беру орталығын ашу жоспарлануда. Оған қосымша білім берудің техникалық бағыты бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Сондай-ақ IT кадрларын даярлау бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің білім беру қызметтерін 13 колледж көрсетеді. Оларда 1 500-ге жуық студент білім беру тапсырысы бойынша оқиды. Тағы бір айта кетерлігі, ата-аналар «Мектептегі тамақты қолма-қол ақшасыз төлеу» жобасының арқасында балаларының мектепте қалай тамақтанып жүргенін бақылай алады. Бұл өз кезегінде мектептегі тамақтандыру сапасын арттыруға септігін тигізді. Сонымен қатар мектеп оқушыларының тамағын сатып алу автоматтандырылып, 4,6 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылды. Қазір 92 мектеп, 94 балабақша, 8 колледждегі қауіпсіздік мақсатында қойылған цифрлық бейнебақылау 90%-ды құрайды. Атқарылып жатқан жұмыстарымыз әлі де жалғасын табады. Өйткені цифрландыру жүйесі – ұзаққа созылатын процесс. Заман ағымына қарай қоғамның қажеттілігін қанағаттандыру үшін сандық технологияның да әрбір салада атқарар рөлі зор. – Әңгімеңізге рақмет!