«Цифрлық Қазақстан» аясында миллиондардың игерілмегенін көріп отырмыз – Арман Абдрасилов
 «Цифрлық Қазақстан» аясында миллиондардың игерілмегенін көріп отырмыз – Арман Абдрасилов
770
оқылды
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, кибершабуыл, елдегі ІТ саланың ілгерілеуі, кадр мәселесі, eGov порталының қызмет көрсетуі, осы бағыттағы басқа да өзекті тақырыптар білікті маман Арман Абдрасиловпен әңгіме барысында сөз болды.  Бүгінде «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасы қызметіндегі Арман Асқарұлы тілшінің сауалдарына жан-жақты жауап берген. – Арман Асқарұлы, сіз – елдегі ІТ саланың, жалпы коммуникацияның бірден-бір маманысыз. Осы орайда алдымен қазақстандық мемлекеттік органдардың порталдары кибершабуылдан қаншалықты қорғалғанын айтып өтсеңіз. – Мемлекет үшін киберқауіпсіздік мәселесі өзекті және қазір мемлекеттік органдарды қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстар атқарылып отыр. Қазақстанда 2017 жылдан бастап электронды ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және мемлекеттік органдардың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының сыртқы және ішкі қатерлерден қауіпсіздік деңгейіне қол жеткізуге және қолдауға бағытталған «Қазақстанның киберқалқаны» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында электронды өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтамасыз етудің сенімді өнімдерінің тізілімі құрылды, Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтардың (АҚЖО) 29-ы ашылды. Мемлекеттік органдарға хакерлік шабуылдармен күресетін Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бүкіл сервердің шабуылдары мен осал тұстарын бақылау үшін мемлекеттік органдардың электронды жүйелері АҚЖО-ға қосылуы керек. Соңғы уақытта хакерлердің шабуылдары коронавирус пандемиясы кезінде болды. Содан кейін мемлекеттік электронды қызметтерге – eGov.kz порталы, E-лицензия және электронды үкіметтің барлық компоненттеріне тарихтағы ең ірі шабуылдардың бірі жасалды. Бұл мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жұмысына әсер еткенімен, біздің мамандар қабылдаған шаралардың арқасында жеке деректерге ешқандай қауіп төнген жоқ. Жалпы, «Киберқалқан» тұжырымдамасының аясында мемлекеттік органдардың жеке деректерін қорғаудың көптеген озық шешімі жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, соның бірі «Қашықтағы жұмыс орны» деп аталатын технология – мемлекеттік қызметшілерге интернетсіз, қауіпсіз ішкі инфрақұрылым аясында өзіне қажетті барлық деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Дәл қазір біз кез келген ақпараттың жоғалу және ағып кету қаупінсіз, қорғаныстың екі еселенген деңгейіне жету үшін барлық электронды жүйелер мен мемлекеттік органдардың деректер қорын онлайн бұлтқа көшіру үстіндеміз. Бүгінде біз Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларындағы барлық мемлекеттік деректердің резервтік физикалық серверлерін жасап жатырмыз, олар арнайы «бұлтта» виртуализацияланады. – Жақсы-ақ! Жалпы, маман ретінде, еліміздің ІТ саласын дамыту, кадр тапшылығын шешу бағытындағы жұмыстарын қалай бағалайсыз? – Соңғы онжылдықта Қазақстан IT технологияны дамыту динамикасы бойынша айтарлықтай алға шықты. Мәселен, БҰҰ-ның соңғы электронды үкіметінің даму индексі бойынша Қазақстан ТМД-ның барлық елдерінен озып, 29-орында тұр. 15 жыл бұрын бұл рейтингте біз 81-орында болдық. Азия елдерінің ішінде біз Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Кипр және Біріккен Араб Әмірліктеріне ғана жол бердік. Ал бұл елдер цифрлық технологияларды дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кіретіні белгілі. Сөздің орайы келгенде киберқауіпсіздіктің дамуы туралы да айта кетсем, бұл жерде біздің еліміз де халықаралық сарапшылар мойындаған өсімді көрсетуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық электр байланыс одағы дайындаған ғаламдық киберқауіпсіздік индексі бар. Индекс әлемнің 193 еліндегі киберқауіпсіздік саласындағы құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық шараларды, сондай-ақ даму әлеуетін және басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты ескереді. Бұл жерде біз әлемдік рейтингте 31-орында тұрмыз, ТМД елдері арасында Ресейден кейін екінші орындамыз. Елдің осы рейтингтегі орны да «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын жүзеге асырудың табыстылығының бастапқы критерийлерінің бірі. Енді сіздің сауалыңыздағы – Қазақстандағы IT мамандардың кадр тапшылығына келетін болсақ, ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру мәселесі ұзақ уақытты талап етеді. Осы уақытқа дейін  IT менеджерлері мен ең инновациялық шешімдер саласындағы мамандарды айтпағанда, бізде әзірлеушілер мен бағдарламашылар жетіспей келді. Маңызды мәселе – сандық жетіспеушілік қана емес, сонымен қатар қолда бар кадрлардың көпшілігінің кәсіби деңгейінің төмендігі. Әрине, еліміздегі бейіндік білім берудің саны мен сапасы әлі де болса ақсап тұр. Бұл мәселені білім беру инфрақұрылымы деңгейінде шешу қажет. Нақты айтқанда, жаңа оқу орындарын ашып, жыл сайын тез өзгеріп, дамып келе жатқан соңғы нарықтық тенденцияларға байланысты қолданыстағы бағдарламаларды жетілдірген абзал әрі маңызды. Процестерді автоматтандыру, робототехника, жасанды интеллект, Data Science және Big Data – бұлар жай ғана сөздер емес, әрбір нақты жағдайда арнайы білімді қажет ететін нақты құралдар. Әйтпесе, олар нақты нарықтық жағдайларға бейімделе алмайды. Десе де, бұл бағыттағы жалпы жұмыстар жүргізілуде.  Мысалы, жекеменшік мектептерде оқуға IT ваучерлер беру жоспарланып жатыр. Әрине, бұл аталған мәселенің жалғыз себебі емес, сонымен қатар көптеген компанияда шынымен жақсы мамандарға бәсекеге қабілетті емес жалақы деңгейі сақталған. Ал бұл ең жақсы кадрлардың шетелге көшуіне немесе олардың фрилансерлік жұмысқа өтуіне ықпал етеді. – Арман Асқарұлы, бізде Тұңғыш Президенттің тұсында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қолға алынды. Осы жобаның орындалу барысына көңіліңіз тола ма? Қандай кемшіліктерін атап айтар едіңіз? – Қазір «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижелері бір-біріне қарама-қайшы болып келеді.  Сондықтан да бағдарламаны жүзеге асырудың жекелеген бағыттары бойынша ғана жақсы серпінді байқаймыз. Мысалы, Қазақстанның аумағындағы цифрлық теңсіздік бірте-бірте азаюда – кейбір аймақтарда, соның ішінде танымал туристік бағыттарда бүкіл халықты қамту мүмкін болмаса да, желіге қатысты, ұялы байланысқа да қатысты кемшіліктер бар болғанымен, жалпы интернеттің қамтуы мен сапасы артуда. Экономиканың әртүрлі секторларын цифрландыру және нақты бизнеске цифрлық шешімдерді енгізу көрсеткіштерінің көпшілігінде әлі де қиындықтар бар. Соның ішінде тиісті жұмыс топтары, кәсіпкерлер де құрылғанымен, бағдарламада нарық қатысушыларының максималды санының мүдделері ескерілмейтініне қатысты кемшіліктер бар. Бағдарламаның шеңберінде бастапқыда цифрландырудың көптеген бағыты әзірленді, оларға нақты іс-шаралар жоспарына сәйкес түрлі мемлекеттік органдар жауап береді. Біз өз жауапкершілік аймағымыздың шеңберінде жауапты тұлғалар тарапынан міндеттемелерді сапасыз орындау, қандай да бір міндеттерді барынша нәтижеге жеткізбеу болып отырғанын, көп миллион игерілмеген сома бар екенін көріп отырмыз. «Зерде» холдингі бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізуге жауап берді, барлық бұзушылықтар мен кемшіліктерді біз өз есептерімізде атап өттік және дәлелдедік. Алайда әлі де олар толығымен жойылды деп айтуға болмайды. – Ал әлеуметтік желілерде eGov электронды порталының жұмыс істеуі, қызмет көрсетуі жиі сынға ұшырап жатады. Әсіресе, порталдың күрделілігі, қазақшасының сын көтермейтіні, жүктеме көбейгенде «құлап» қалатыны айтылады. Бұған қатысты Сіздің пікіріңіз қандай? – Қазақстандағы eGov порталы 2006 жылы жұмыс істей бастады. Бастапқыда бұл қарапайым ақпараттық портал ғана болды. Заңнамаға сәйкес, алғашқы 5 жыл сынақ режимінде жұмыс атқарды. Бұл жүйенің барлық мүмкін кемшіліктерін анықтау мақсатында жасалды. Бұл мерзім, әрине тым ұзақ болып шықты, пайдалану барысына шығаруды тезірек қамтамасыз етуге болар еді, бірақ бұл мұндай жобаны жүзеге асырудағы алғашқы тәжірибе болды. Әрине, бәрі де бірден-бір қалыпты өткен жоқ. Бастапқыда жобаның бүкіл экожүйесінің қызметтері оларды нақтылауды жеңілдету үшін бір-бірімен біріктірілмеген болатын. Командаға сайтты қайта құруға, процестерді бірнеше рет қайта жазуға тура келді. Мұның барлығы қызмет көрсету жылдамдығы мен сапасына әсер етті. Соның ішінде жүйенің тоқтап қалуына байланысты айтсам, оның құрамдас бөліктерінің біріндегі кез келген техникалық сәтті түзету үшін бүкіл жүйені іс жүзінде өшіру қажет болды. Біз соңғы екі жылда бұл жағдайды түзету үшін жұмыс істедік. Бүгінде eGov порталының қолжетімділігі 60%-дан 75%-ға дейін ұлғайтылды. Жүйені тоқтату барысы қажет болып қалса да, демалыс күндердің түнгі уақытында болады. Сонымен қатар 2 жылда барлық техникалық нюанстарды түзету мүмкін емес екенін де ескеру керек. Өйткені бұл – басқалармен бірқатар мәселені мемлекеттік органдардың өздерімен келісуді талап ететін үлкен инфрақұрылым. Біз тағы 1,5 жыл бойы барлық кемшіліктерді түзетеміз, ақыр соңында бүкіл порталды толығымен дерлік қайта жазамыз. Порталдағы мәтіндердегі редакциялық мәселелерге, қателер мен әріптерге қатысты бізге тиісті сұраныстар түсіп, оларды түзету жұмыстары күн сайын жүргізілуде. Біз әрқашан пайдаланушылардың пікірлерін ескеріп, жауап беруге тырысамыз. – Арман Асқарұлы, соңғы айларда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы цифрлық салаға да дендеп еніп келеді. Бұған Kaspi bank пен Үкіметтің бірлескен шаралары мысал бола алады. Алайда  көпшілік жеке басына қатысты деректердің қауіпсіздігіне алаңдаулы. Сіздің пайымыңыз қандай? – Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы шешімдерді енгізу және қолдау бойынша жұмыс істейтін біздің мамандар. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жерде қызмет көрсетуді банк емес, электронды үкіметтің өзі атқарады, бірақ бұл қызметтер банктің мүмкіндіктері арқылы жүзеге асырылады. Яғни, шын мәнінде сіз порталды тікелей немесе қолданба арқылы пайдаланасыз ба, ешқандай айырмашылық жоқ, сіз әлі де порталды пайдаланасыз. Бұл біздің құпиялылық саясатымыз аясында әрекет ететінімізді және eGov пайдаланушыларының жеке деректерін жеке ұйымдарға бермеуімізді білдіреді. – Түсінікті. Айтпақшы, жақында Өзбекстан БАҚ-ында «Қазақстаннан ІТ саланы, цифрлық дамуды үйренуіміз керек» деген сыңайда материалдар шықты. Біздің осы салада айналадағы елдерден оза шабуымыздың сыры неде? – Біз үшін көрші Өзбекстаннан немесе басқа елдерден әріптестер біздің жұмысымыздың нәтижелерін жоғары бағалайтыны әрқашан үлкен мәнге ие болады. Қазақстанның электронды үкіметті дамыту бойынша БҰҰ рейтингіндегі мұндай жоғары орны біз үшін де үлкен құндылық және бүкіл ұжымды ынталандыра түседі. Менің ойымша, бұл жерде еш құпия жоқ. Кез келген жобаны жүзеге асырудағы жетістіктің кепілі,  бұл –  адамдардың өзі. Жасалған және қол жеткізілген барлық нәрсе соңғы 16 жыл ішінде жүздеген адамдардың қажырлы еңбегінің арқасында болды. Бұл, әсіресе 24/7 режимінде жұмыс істейтін бағдарламашылар, әзірлеушілер, инженерлердің маңдай тері дер едім. Біз күшейтілген режимде жұмысты белсенді жалғастырамыз және кез келген қиындықтарға қарамастан, барлық бағыттар бойынша 100%-ға жақын нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Уақыт өте келе, біз электронды үкіметті дамыту саласындағы қазақстандық шешімдерді экспорттау арқылы шетелдік әріптестермен де жинақталған тәжірибемізбен бөлісе алатынымызды дәлелдеп отырмыз. Қазірдің өзінде әлемнің бірқатар елмен тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!