Білім ордаларының «жаңа тынысы»
Білім ордаларының «жаңа тынысы»
455
оқылды
Республика күні қарсаңында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Өңір басшысы «Жастар бастамасын дамыту орталығының» қызметімен танысып, «Жеті қазына» жобасы аясындағы жас күйшілер байқауын тамашалады. Алдымен облыс басшысы Ғали Есқа­лиев пен университеттің басқарма төраға­сы-ректор Асқар Наметов қосалқы ғима­ратта жұмысын бастаған «Жастар баста­масын дамыту орталығының» лентасын қиып, салтанатты рәсімін жасады. Қо­нақтар өнерлі, талантты, дарынды студент-жастарды даярлайтын «Жастар бастамасын дамыту орталығының» тың бастама­ларымен танысып, жаңадан ашылған «Жастар бөлмесін», «Дыбыс режиссері» мен «Ұлттық музыкалық аспаптар» және гримдеу бөл­мелерін, ұлттық және заманауи би залдарын, «Мәдениет және өнер» студиясын, «Жәңгір хан» спорт клубын аралады. Облыс әкімі жоғары кәсіби білім ала жүріп, өнер мен спортты жандарына серік еткен жастармен, спортшылармен аз-кем тілдесіп, өнерлерін көрді. Бұдан әрі облыс басшысы «Жеті қа­зына» жобасының «Ұлы дала ғажайыптары» бағыты бойынша өткізілген «Күй – тек­тілік тереңі» атты жас күйшілер байқауын тамашалады. Байқауда алдымен сөз алған Ғали Нәжімеденұлы:
– Жәңгір хан университетінде жастар­дың бастамасын дамытуға арналған ар­найы орталықтың болуы – көңіл қуантар­лық жағдай. Еліміздің әр аймағында «Жеті қазына» жобасы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатса, соның төрт бағы­тын осы университет қабырғасында жүзеге асыру да – жақсы бастама. Бүгін көптеген оңды өзгерістердің куәсі болдық. Облысы­мыздың ауылдарынан, өзге өңірлерден біздің қаламызға білім қуып келген сту­дент-жастар бос уақыттарын тиімді ұйым­дастырып, өнер немесе спорт бойынша өзі қалаған іспен айналыса алады. Мен осы жоғары оқу орнынан білікті маман, еліміздің дамуына үлкен үлес қосатын тұлғалар шығарына сенімім мол, – дей келе, уни­вер­ситет ұжымы мен білім алу­шы­ларды Рес­публика күнімен құттықтады.
«Жеті қазына» жобасы аясындағы күйшілер байқауына бес институттың үміткерлері қатысып, жеке және топтық күй орындау шеберліктерін сынға салды. Еске сала кетсек, ел көлемінде бастау алған «Жеті қазына» жобасы алдағы жыл­дың наурыз айында қорытындыланады. Ал жақында Махамбет Өтемісов атын­дағы Батыс Қазақстан университетінің 90 жылдығы аталып өтілді. Мерейтойға қа­тыс­қан Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев университеттің Қазақ­стан­дағы ең байырғы жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті.
«1932 жылдан бастап бүгінге дейін үл­кен тарихи жолдан өткен қасиетті қара шаңырақ өзіндік брендін қалыптастырып, еліміздегі жоғарғы оқу орындар ішінен ойып тұрып орын алды. «Білімің болсадағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» дегендей, бүгінде университет түлектері түрлі салада табысты еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Университет ұжымы қазіргі жаһан­дану дәуірінде тіл үйрену, ғылымға бет бұру, жаңа технологияларды игеру, ұлттық мәдениетті дамыту, заман талабына сай ұстаздар даярлау, болашақ чемпиондарды әзірлеу, халықаралық деңгейде ұлт мүд­де­сін қорғау сияқты маңызды бағыттар бо­йынша мамандар даярлауда маңызды міндетті абыроймен атқарып келеді. Батыс Қазақстан университеті – өзіндік дәс­түрлері мен құндылықтарын қалыптас­тырған білім ордасы. Бұл ең алдымен қазақ ғылымының көрнекті тұлғалары, био­логия ғылым­дарының докторы, про­фессор Всеволод Иванов, математик-ғалым Асан Тайманов, филология ғылым­дарының докторы Мәтжан Тілеужанов сынды корифейлер қалдырған асыл мұра деуге болады», – деді өңір басшысы.
Университет ректоры, биология ғылым­­дарының кандидаты, профессор Нұрлан Серғалиевтің мәлім еткеніндей, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми құрамы жылдан-жылға артып келеді.
«Қазіргі таңда университетте 17 ғылым докторы, 131 ғылым кандидаты, 10 РһD философия докторы, 159 магистр қызмет етеді. Университет көпсалалы білім және ғылым саласы, әлеуметтік ғылымдар және бизнес, техникалық ғылымдар және техно­логиялар, қызмет көрсету, білім беру, гу­мани­тарлық ғылымдар, құқық, өнер, жаратылыстану ғылымдары бағыттары бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асырады. ЖОО-да құрылған ғылыми мектептер Қазақстанда және одан тыс жерлерде кеңінен танымал. Университетте педагогикалық, физика-математикалық, биологиялық, тарихи, химиялық, гео­графиялық, экологиялық, филологиялық, саяси, экономикалық, әлеуметтік ғылымдар бойынша зерттеулер жүргізіледі. Универ­ситеттің осы және басқа да көптеген жетіс­тіктері біздің басты капиталымыз болып табылатын бүкіл ұжымның, профессорлық-оқытушылық құрамның аянбай еңбек етуінің арқасында мүмкін болды. Батыс Қазақстан университеті өңірдегі білім, ғылым мен мәдениеттің жетекші орталығы ретінде өз қызметін үздіксіз жетілдіре бермек»,– деді Н.Серғалиев.
Тоқсан жылдық мерейтойға орай білім ордасының үздік ұстаздары марапатталып, мерекелік концерт қойылды. Сондай-ақ жаңа кітаптардың таныстырылымы болды.