Бабалар арманы ақиқатқа айналған күн
Бабалар арманы ақиқатқа айналған күн
598
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай Ақордада бір топ аза­матқа мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды. Президент ең алдымен сал­танатты шараға жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.
– Бұл – қазақтың санғасырлық мем­лекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Еге­­мендігі туралы декларация қабыл­дан­ды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастыр­ды. Бір сөзбен айтсақ, декларация – елі­міздің Тәуелсіздік алуына жол аш­қ­ан ақжолтай құжат, – деді Мемле­кет басшысы.
Президенттің айтуынша, еге­мен­дік­ке бастайтын қасиетті жолды хал­қымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары мен зиялылар ұлттың са­на­сын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Ұлтымыздың азаттық­қа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасында айқын көрінді. Егемендік декла­рациясын халқымыздың жан-жақ­ты және ұзақ жылғы күресінің нә­тижесі деуге болады. Сондай-ақ Президент Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғанын тілге тиек етті. Бұл бастама ха­лық­тың кең қолдауына ие болып, со­ның арқасында тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтеді. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Қасым-Жомарт Тоқаев «республика» сөзі латын тілінен аударғанда «ортақ іс» деген мағына беретінін атап өтіп, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылатынына тоқталды. Пре­зидент­тің айтуынша, мемлекет құру тәжірибесі, тарих сыны мен заман талабы шынайы символдарды айқындап береді.
– Біздің паспорт бүкіл әлемде құр­меттеледі, оған ешқандай кедергі жоқ. Қазақстан азаматтары шет мемлекеттердің визасын алып, шекараларды кесіп өтеді, қызметтік және жеке мақ­сатта шетелге еркін шығады. Бұл – біздің этносаралық толеранттылық пен достықты нығайту жөніндегі сая­сатымыздың, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастық­ты қамтамасыз етуге бағытталған дәйек­­ті бағдарымыздың нәтижесі, – де­ді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент елі­міз­дің барша азаматын бірік­тіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символы мемлекеттік Ту екенін атап өтті. Әрбір азамат қас­терлі Отанымызға деген сүйіс­пеншілігін мемлекеттік рәміз­дерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір Бай­ра­ғымызды қо­ғамдық жерлерде және жекемен­шік орындарда қоюға еш тыйым жоқ. Домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк Байра­ғымыз тұрса, өте жарасымды бо­ла­тыны сөзсіз. Туымызда халқы­мыздың бүкіл рухы көрініс тап­қан. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқын ұйыстыратын тағы бір құндылық – мем­лекеттік тіл екенін айтып, қазақ тілінің мәңгілік мемлекеттік тіл тұғы­рын­да бола­тынын жеткізді.
– Қазақ тілінің қолданыс ая­сын арт­тыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұ­мыс еш тоқта­майды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жас­тары­мыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды фактор­лар. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясилан­дыру­дың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес, – деді Пре­зидент.
Мемлекет басшысының ай­туынша, Республика күні басты ұлттық мереке ретінде, шын мә­нінде, жалпыхалықтық мейрам­ға айналуға тиіс. Азаматтар Респуб­лика күні идеясын зор қуанышпен қабыл алды. Президент әр өңірде салтанатты мерекелік шаралар, ғылыми конференциялар, шы­ғар­машылық байқаулар, спорт жа­рыстары, патриоттық, волон­тер­лік және қайырымдылық ак­циялары ұйымдастырылып жат­қа­нын атап өтіп, бізге Республика күнінің мән-маңызын барынша айшық­тай­тын жалпыұлттық бастамалар керек екенін айтты. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы жаңа стратегиялық бағ­дарымызды ай­қын­дау маңызды екенін айтып, соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі рефор­малар қолға алынғанын жеткізді. Қ.Тоқаев­тың айтуынша, мақса­тымыз Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Пре­зидент үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті стра­тегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жариялады. Мемлекет басшысы бұл жолдағы бар­лық жауапкершілік жүгін арқалауға дайын екенін мәлімдеді. мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар Президент Әділетті Қазақ­стан­да экономикалық саясат азаматтар­дың өз қарым-қабілетін іске асы­руға, отандас­тарымыздың тұрмыс сапасының ұдайы жақ­саруына мол мүмкіндіктер мен тең жағдай жасауға бағыт­тала­тынын айтты. Сондай-ақ сот жү­йесі мен құқық қорғау саласын­дағы реформалар жалғасады, заң мен тәртіп азамат­тар­дың мемле­кетке деген сенімін арттырудың негізгі факто­рына айналады.
– Адамдар – біздің басты бай­лығымыз, экономикалық және қо­ғамдық дамудың басты қозғау­шы күші. Сондықтан біз адам әлеуетін арттыруға бағытталған стратегия­лық инвестицияны ұл­ғайтамыз, жас­тарымыз бен әлеу­меттік әлсіз санаттағы азамат­тарымызды жан-жақты қолдай­мыз. Түптеп келгенде, біз бүкіл құн­дылықтар жүйесін қайта қа­рап, ұлттың жаңа болмысын қалып­тастыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзінің соңында елдің дамуына елеулі еңбек сіңір­ген бірқатар азаматты жоғары мем­лекеттік награда­лармен мара­пат­тады. Олардың қатарында өн­діріс, бизнес, білім беру, ден­сау­лық сақтау салаларының көр­некті өкіл­дері, әскери қызмет­шілер, құ­қық қорғау орган­дары­ның қызмет­керлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар. Атап айтсақ, «Отан» орденімен «Қ.Қуа­ныш­­баев атындағы мемлекет­тік академия­лық қазақ музыкалық драма театры» РМҚК артисі К.Әспетова және «Алтын–Әсел» ЖШС директоры Х.Өтеуұлы, І дәре­желі «Барыс» орденімен – қо­ғам қайраткері М.Әуезов, «Жұлдыз» журналының Бас ре­дак­торы М.Құлкенов, «Авто­мобиль жолдары басқармасы» ЖШС директоры М.Үдербаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – ақын Ө.Оралбаев, «М.Әуезов атын­дағы педагогика­лық кол­ледж» КМҚК дирек­торы Ш.Жанаева, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – «Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы С.Ақылбай, «Ұлт­тық өнер» ЖШС директоры Т.Бурмис­трова, белгілі қоғам қайраткері Ж.Құле­кеев, «Ж.Шанин атындағы Шымкент қала­лық академиялық қазақ драма теа­тры» МКҚК артисі С. Өтеміс­­ұлы, «Эко­номика инсти­туты» РМК бас ди­ректоры Ә.Саты­бал­дин және басқалар мара­пат­­талды. Белгілі ғалымдар, мәдениет қайрат­керлерінің, өндіріс саласы өкілдерінің еңбегі «Парасат» орденімен атап өтілді, олардың арасында «Фитохимия» халық­ара­лық ғылыми-өндірістік орта­лығы» АҚ бас директоры С.Әде­кенов, «Шымкен­тмай» АҚ пре­зиденті Д.Адырбеков, еңбек ардагері Ж.Аманбаев, Қазақстан­дық блок­чейн-технологиялар қауымдас­тығының директоры С.Ахметов, «Ата­мекен» ҰКП тө­ралқа төрағасы Р.Баталов, «Ш.Уәлиханов атын­дағы Көкше­тау университеті» КеАҚ басқарма төрағасы­ның орынбасары – бірінші проректоры Ғ.Байтоқ, «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты» РМҚК бас ғы­лыми қызметкері Т.Жанұзақов, ақын Р.Бүркіт­баева, «Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң ака­демиясы» мекемесінің ректоры Ө.Жалаири, «Қорқыт Ата атын­дағы Қызыл­орда универ­ситеті» КеАҚ профес­соры Б.Кәрібозұлы, «Н.Сац атындағы орыс мемле­кеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры» РМҚК же­текші актрисасы В.Крымская, «Р.Сүлей­менов атындағы Шығыс­тану институты» РМК бас дирек­торы Д.Мәсімхан­ұлы, саясат­танушы Б.Нұр­мұхамедов, «Астана медицина университеті» КеАҚ кафедра меңгерушісі Р.Рақым­жанова, М. Ломоносов атындағы ММУ қазақ­­стандық филиалының директоры А.Сидорович, Қазақ­стан мұсыл­ман­дар діни басқар­масының төрағасы Н.Өтпенов бар. ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Татнефть» ААҚ бас директоры Наиль Маганов, «Астана» халық­аралық қаржы орталығы» АҚ ха­лық­аралық төрелік орта­лығының төрағасы Барбара Доманн, Моңғол ғылым ака­демиясы Археология инсти­тутының бөлім меңгерушісі Ал­тан­гэрэлийн Энхтор және бас­қалар ие болды. «Құрмет» орденімен марапат­талғандар қатарында «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» РММ бас сарапшысы Л.Ақтаева, «Республикалық қан орталығы» РМК директоры Д.Бекиров, «Казахстанская правда» газетінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі Л.Доброта, «Павлодар қаласының № 16 мектеп-лицейі» КММ мұға­лімі Ж.Жақсылықова, «Үржар ауданының № 2 аудандық ауру­ханасы» КМК бас дәрігері Н.Жақиянова, «Алатау» театрының директоры Р.Заитов, «Мирас» ШҚ басшысы Б.Қарабаев, Жетісу облысының олимпиадалық ре­зерв дайындау орталығының директоры М.Мамыров, «Ядро­лық физика институты» РМК бас инженері А.Мартюшов, еңбек ардагері М.Сү­лей­менов бар. Өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруа­шылығы және басқа материалдық өндіріс салалары­ның 76 жұмысшы­сы мен еңбек­кері, соның ішінде 2 еңбек динас­тиясының өкілдері «Еңбек Даң­қы» орденінің иегері атанды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің 28 көрнекті өкіліне берілді. Қазақстан Рес­публикасының Құрмет гра­мота­сымен 260 адам наградталды. Ал әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қыз­мет­шілер мен құқық қорғау органдары өкіл­дерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.