«Мерейлі отбасы» мәреге жетті
«Мерейлі отбасы» мәреге жетті
878
оқылды
Республика күні қарсаңында «Қазақстан» орталық концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкур­сының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын игі дәстүрге айналған үлгілі от­­басылар байқауы – елімізде отбасы құндылық­та­рының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды жобалардың бірі. 2014 жылдан бері байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.
Қазақстан Президентінің жа­нындағы Әйелдер істері және от­басылық-демогра­фиялық саясат жөніндегі Ұлттық комис­сияның төрағасы Аида Балаева салтанатты шараның ашылу барысында бай­қау жеңімпаздарына Мемлекет басшы­сының құттықтауын оқып берді. «Жыл сайын өткізілетін бай­қау ша­ңырағы шаттыққа бөленіп, бе­рекелі бірлік пен татулыққа ұйыған өнегелі отбасыларды күллі елге танытты. Мұндай үлгілі әулет­тер елі­мізде өте көп. Халқымыз қай за­манда да отбасы дәстүрлерін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік бол­мысының қалыптасуына отба­сын­дағы ахуал айрықша ықпал етеді. Әке-шешесінің ата-әженің тәр­бие­сін көріп, үлкендерден тағ­лым алып өскен бала есейгенде отан­шыл, білімпаз, еңбекқор аза­матқа айналады» – делінген құттықтауда.
Биыл байқауға 2 542 отбасы қатысты. Олардың жартысынан астамы (63,4%) ауыл тұрғындары. Сондай-ақ 1 166 та­бысты көпба­лалы және ерлі-зайып­тының екеуі де 29 жасқа толмаған 501 жас от­басы қатысты. Түрлі кәсіп пен еңбек әулет­терінің, спорт және шығарма­шы­лық отбасы өкілдерінен құралған 20 отбасы – өңір жеңімпаздары атанды. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы үлкенге құрмет, кішіге ізет, рухани-адамгершілік қағи­дасына негізделген және оны ұр­пақтан-ұрпаққа жеткізуді көз­дейтін отбасы құндылығын дәріп­теп келеді. Мерейлі отбасылардың әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестері мен көрші-қолаңның құрме­тіне бө­ленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы. Марапаттау рәсіміне мемлекеттік органдардың өкілдері, Пар­ламент Сенаты мен Мәжілісінің депу­тат­тары, Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комис­сияның мүшелері қатысты. Лауреат отбасылар диплом­дармен және естелік сыйлықтар­мен марапатталды. Салтанатты іс-шара қазақ эс­трада жұлдыздарының қатысуы­мен мерекелік концертке ұласты.