Қызылжарлық хэндбайкер
Қызылжарлық хэндбайкер
533
оқылды
Петропавл қаласының тұрғыны Рустам Шариев аяқ астынан «вело­сипед ойлап тапты». Хэндбайк. Спорт саласындағы осы жаңа ұғым біздің қоғамға әлі сіңісіп кете қойған жоқ. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бұл – өмірдің дәмін қайтадан толық­қанды түрде сезінудің бір амалы. Бүгінде Рустам өз қолымен жасаған хэндбайкерін қолданып жүр. Ыңғай­лы әрі қолжетімді. Алдағы уақытта хэндбайкер жасайтын цех ашпақшы ойы бар. Хэндбайк – қолмен жүргізетін велосипед. Ол негізінен шетелде кеңінен танымал, алайда бағасы тым қымбат. Оған қолы жетпейтін бол­ған­дықтан, Рустам сондай велосипедті өзі жасауға кіріскен. Ол үшін мүгедектер қолар­басын қолданыпты.
«Себебі қоларбамен жүру ұзақ әрі ыңғайсыз. Әрі алысқа бара алмайсың. Жолда кездесетін кедергі көп», – дейді ол.
Велосипедтің хэндбайк деп аталатын түрі туралы ол интернеттен біліпті. Интернет-дүкендерде оның бағасы бірнеше миллион тең­ге екен. Қазақстанда мұндай көлік шы­ғарыл­майды. Сондықтан Рустам арнайы білімі болмаса да, хэндбайктың ұңғыл-шұңғылын зерттеп, сызбасын сызып, жетілдіріп, өз қолы­мен жасауға кіріскен. Ол үшін ұсталған екі доңғалақты балалар велосипедін сатып алған. Идеясын жүзеге асыруға досы көмектесіпті. Атап айтқанда, велосипедтің рамасының бір бөлігі мен алдыңғы доңғалағын қоларбаға бекі­тіп берген. Ал педальдарын қолмен айнал­дыруға болатындай етіп орнатқан. Рустам өзіне мемлекет берген кәдімгі қоларбаны қолдан­ғанын айтады. Екі жыл бойы осы көлікпен жүрген жанның пайымдауынша, хэндбай­кермен жүру әлдеқайда ыңғайлы.
«Мүгедектер қоларбасының доңғалағын қолмен айналдыру керек. Қолым талатын. Алысқа бара алмайтынмын. Әр он метр сайын демалып алған соң ғана сапарымды жалғас­тыруға тура келетін. Тым көп уақытымды шы­ғын­дайтынмын. Хэндбайкке отырғанда айыр­ма­шылығын бірден сездім. Оның да педалін қолмен айналдыру керек, бірақ жүктеме бар­лық денеге тең түсетіндіктен, қол аса шарша­майды. Сондықтан 40-60 шақырым қашық­тықты бағындыра аламын. Қаланың ең шалғай шағын аудандарына, кейде тасжолға да шыға­мын. Өз көлігімнің ыңғайлы екеніне көзім әбден жетті», – дейді Рустам Шариев.
Оның айтуынша, бұл көлік сондай-ақ денсаулықты оңалтуға септігін тигізеді. Кейбір оңалту орталықтарында осындай арнайы тренажерлар да бар. Спорттық жаттығулар жасауға да ыңғайлы. Осы арбамен жаттыққа­нының арқасында ол жуырда мүмкіндігі шек­теулі адамдардың арасында өткен жарысқа да қатысыпты. Спортқа жаны жақын ол келесі жылы да бағын сынап көрмек. «ПАЙДАМДЫ ТИГІЗГІМ КЕЛЕДІ» Рустам алдағы уақытта өзінің көлігін жетіл­діре түспек ниетте. Атап айтқанда, триммердің немесе шөп шабатын машинаның моторын орнатпақ ойы бар.
«Қоларбаға отырып, оталдырасың да жүре бересің. Тамаша емес пе?! Машинамен жүргенмен бірдей. Қажет кезінде моторды өшіріп, қолмен де жүргізуге болады. Келесі жылы өзіме сондай хэндбайк жасап аламын», – дейді ол.
Бір әттеген-айы, мұндай көлікпен қысты­гүні жүру қиын, себебі тайғанақ. Сондықтан Рустам қыста кәдімгі қоларбаға отырады. Алай­да көлігіне шаңғы орнатып алу туралы ойға кетіп жүр. Сондай-ақ кабриолет секілді қақ­пақ жасап, жаңбыр мен желден қорғану ойы да бар. Бұл жоспарларын ол хэндбайк шығаратын цех ашқан кезде жүзеге асырмақ. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың тапсырысы бойынша жұмыс істегісі келеді. Сонда әркімнің сұранысы бойынша түрлі-түрлі көлік шығар­мақшы. Әзірге оның құрал-жабдығы да, жұмыс орны да жоқ. Кем дегенде дәнекерлеу маши­насы қажет.
«Мемлекет тарапынан грант бөлінсе, қа­жет­ті құрал-жабдықтарды сатып алып, тапсы­рыс бойынша көлік жасар едім. Арнайы білімі бар досым екеуіміз бірлесіп жұмыс істеуімізге болады. Кейде күні бойы үйде отырамын, қолым бос. Цех ашсам, мүмкіндігі шектеулі адам­дарға пайдамды тигізер едім. Мұндай көліктерге Солтүстік Қазақстанда сұраныс бар. Кейде көшеде мүмкіндігі шектеулі адамдар мұны қалай жасауға болатынын сұрайды. Мен түсіндіріп бергеніммен, оны жасау әркімнің қолынан келе бермейді ғой», – дейді ол.
Өкінішке қарай, биыл оған грант бөлінген жоқ. Мақсатшыл Рустам келесі жылы тағы да бағын сынап көрмекші. Бес жыл бұрын қайғылы оқиға салдарынан екі аяғы мен қолындағы саусақтарынан айырылған ол жуырда протезге қол жеткізгенін айтып, қуанышын бөлісті. Бастапқыда ол протезді де өз қолымен жасаған екен. Дәрігер­лер арқылы протез орнату оңай емес болған­дықтан, ол уақытын зая кетірмеген. Атап айтқанда, саяжайдағы шлангты кесіп, резеңке етікке кигізген де, аяғына байлап қойған. Үйін­де тізерлеп жүретін оның өз қолымен жа­са­ған «жасанды аяғы» далаға шығып, маңай­дағы дүкендерге баруға жарапты. Өмірдің қиындығына мойымайтын Рустам Шариев адам өз алдына мақсат қойса, алын­байтын қамал жоқтығына сенімді.

Солтүстік Қазақстан облысы