Алаяқ шымкенттік әйелді 5 млн теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz. Қаратау ауданы Полиция басқармасына жергілікті 33 жастағы тұрғын арызданған. Оның айтуынша, 28 қыркүйекте қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде сатушы болып жұмыс жасайтын танысы көтерме бағада киім-кешек жеткізіп беремін деп 5 млн теңгесін алаяқтық жолмен иемденіп алған.
"Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматшаны қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын-соңды сотты болмаған", – деп жазды аймақтағы полиция департаментінен.Ұсталған азаматша заңсыз әрекетке қордаланып қалған қарыздарынан құтылу мақсатында барғанын мойындады. Алған ақшаны қарыздарына таратып жіберген. Қазіргі кезде күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.