Әйелдер боксы: Олимпиадаға лицензия үшін айқасатын боксшылар тізімі жарияланды
Әйелдер боксы: Олимпиадаға лицензия үшін айқасатын боксшылар тізімі жарияланды
© olympic.kz
377
оқылды
Әйелдер боксынан Қазақстан командасының бас бапкері Ерік Алғабек 28 ақпан күні Иорданияда өтетін Азия/Океания аймақтық Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысатын боксшылар тізімін атады деп хабарлайды Olympic.kz.  «51 келі салмақта Ангелина Лукас жолдамаға таласады. Ол өзі қатысқан соңғы халықаралық турнирлердің бәрінен алтын алды. Яғни, сыртта өтетін жарыстарға психологиялық түрде дайын екенін көрсетті. 57 келіде Дәметкен Келімбетке сенім артамыз. Бұл салмақта ең соңғы күнге дейін іріктеу өтіп, таңдау Дәметкенге түсті. Ол Голландияда өткен турнирде өзін жақсы жағынан көрсеткен еді. 60 келінің сөзсіз үздігі – Римма Волосенко. Ол әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Сол біріншілікте жеңілді деп айтуға аузымыз бармайды. Қарағандыдағы Ғалым Жарылғаповты еске алуға алған турнирде және Венгриядағы бәсекеде жеңімпаз атанды. 69 келіде Валентина Хальзова ел намысын қорғайды. Ол әлем чемпионы әрі Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Хальзова декреттік демалыстан ұлттық құрамаға жақында оралды. Мұндай тәжірибелі спортшының қатарға қосылғаны қуантады. Ол бабында. Нидерландта өткен халықаралық сында Олимпиада ойындарының жүлдегеріне қарсы жақсы кездесу өткізді. 75 келіде Надежда Рябец бақ сынайды. Надя жастар командасынан ересектер қатарына енді өтті. Жасөспірімдер Олимпиадасының қол ажүлдегері. Енді Токио Олимпиадасына қатысу үшін барын салады. Лицензия алатын мүмкіндік барлығында бар. Бұдан бөлек, Парижде өтетін әлемдік іріктеу сынына да дайындаламыз. Францияда екінші және үшінші құрам боксшыларын сынап көрмекпіз. Өйткені, бәсекелестік жоғары. Тіпті, мұндай бәсекелестік ерлер құрамасында да жоқ шығар. Команда қазір бабында», - дейді бас бапкер Ерік Алғабек.