Астық өңдеушілердің ащы зары
Астық өңдеушілердің ащы зары
© коллаж: Әсел Балтақызы
630
оқылды
Солтүстікте күзгі егін науқаны аяқ­талып, қамбалар алтын ас­тыққа толғанымен, салы суға ке­тіп шырылдаған шаруалардың қарасы қалың. Өйткені көпші­лігінің ала жаздай күтіп-баптап маңдай тері мен миллиондаған қаржысын төккен егіні қып-қызыл шығынға батырғалы тұр. Би­дайдан ұн өндіретін диірмен­ші­лер де дабыл қақты... Жаз бойы жанармай мен қосалқы бөлшектердің қымбатшылығынан жапа шеккен шаруалар енді өнімін нарыққа шығара алмай қаламын ба деп қауіптенеді. Диқандар қауымының еңсесін езіп тұрған басты кедергі – астық таситын вагондар қазір қасқалдақтың қанынан қат. Әрі әп-сәтте-ақ бірнеше есеге қымбаттап кеткен. Жылдағы мәселе жайлы диқандар мен диірменшілер облыс әкімдігінен бастап жауапты министрліктер мен ведом­ство­лардың табалдырығын талай тоздырған. Алайда соңғы бес-алты жыл бойы ва­гондардың жеткіліксіздігі мен қым­батшылығы тұтас республика аумағындағы ауылшаруашылық серіктестіктер мен диірменшілердің бас ауруына айналыпты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректеріне сенсек, былтыр еліміз 5,8 миллион тонна астықты 1,4 миллиард АҚШ долларына экспорттаған. Сондай-ақ елден шетелге 1,4 миллион тонна ұн 434,2 миллион АҚШ долларына экспортталды. Ал биылғы 8 айда бидай экспорты 3,5 мил­лион тоннаны құрап, ел экономикасына 1 млрд 96,3 млн АҚШ долларын әкелсе, ұн экспортына 1 млн 081,4 мың тонна өнім шығарылып, Қазақстан қоржынына 424,5 миллион АҚШ доллары түскен. Шаруалардың айтуынша, осыған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компа­ниясына тиесілі болған жүк вагондары қазір жекеменшік бірнеше еншілес ком­панияның қолына өтіп кеткен. Ал олар қолдарындағы вагондардың бағасын жүгенсіз көтеріп, шаруалардың жағдайын одан сайын шатқаяқтатып жіберген.
«Міне, соңғы үш жыл бойы тұтас рес­публика бойынша диірмендердің басым бөлігі қаңтарылып тұр. Жүздеген диірмен жұмысын мүлде тоқтатқан. Мәселен, Ат­басар қаласындағы 9 диірменнің 3-4-і ғана жұмыс істеді. Оның ішінде менің диір­менім де бар. Басты себеп бидайдың ба­ғасы болып тұр. Биыл бір тонна бидайдың бағасы 115-126 мың теңге аралығында сатылуда. Дегенмен бидайдан ұн өндіру үшін бидай тасымалдайтын вагон жоқ. Мұнымен қоса, бағасы шарықтап шыға келді. Теміржол тарифтерінде вагондарға астықпен жөнелту құны 500 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін көтерілді. Жақында «ҚазТемірТранс» компаниясы мен «Астық Транс» компаниялары 16 қазаннан бастап бағаның тағы 15-16 пайызға дейін көте­рілетіні туралы хабарлама жолдады. Өткен жылдары бидай қымбат болған. Ал қазір теміржол вагоны тарифі 100, тіпті одан жоғары пайызға аспандап кетті. Бұл де­геніңіз теміржол тарифі жүк жөнелту­шілерді жүгімен бірге жеп отырғанын айғақтайды. Ал оны мемлекеттен бақылап жатқан ешкім жоқ сияқты. Қазір Атбасар­дағы екі элеваторда да бидай далада жатыр. Шамамен 12 мың тонна бидай буртта тұр. Екінші элеваторда бұдан да көбірек. Ал мәселені шешеді деген әкімдіктегілер мен министрліктерге өз басым екі жылдан бері тоғыз рет хат жаздым. Бірақ бірде-бірінен күні бүгінге дейін жөнді жауап ала алмадым», – дейді атбасарлық «Иман 777» ЖШС басшысы Дин-Магомед Асаев.
Өзбекстан бидай алып, ұн шығарады Ал Астық өңдеушілер одағы төраға­сының орынбасары Таисия Колегова ва­гондардың қымбатшылығымен қоса отан­дық астық өндірушілер мен диірмен­ші­лердің Өзбекстанның кеденде бағаны бір қымбаттатып, бидайды арзан алуынан зардап шегіп отырғанын жеткізді. Ай­туынша, Өзбекстан қазақ бидайын тарта­тын диірмендерді өздерінде салып алып, оны одан әрі Тәжікстан мен Ауғанстан нарығына еркін саудалап жатыр. Бірақ мұны біздің Үкімет реттеуде еш амал-қа­рекет етпеген. Осыдан 10 жыл бұрын ұн шығаруда әлемнің көшбасшысы болған Қазақстанда енді диірмендер тоқтап, ұн өндірісі құлдырап кеткен. Осының сал­дарынан елде соңғы 4-5 жылдың ішінде ғана жүздеген диірмен жұмысын тоқтат­қан. Ал бидайға жұмсалған миллиардтаған субсидия көрші елдің астық өңдеуіне қызмет етіп отыр.
«2012 жылдары Қазақстан ұн шыға­рудан әлемде бірінші орында болды. 2015 жылы жағдай күрт құлдырай бастады. Сол жылдары Қазақстанда 1 300 диірмен болған. Ал қазір небәрі 170 диірмен ғана жұмыс істеп тұр. Осының өзі ұн өндірісінің мүлдем құлдырап кеткенін көрсетпей ме?! Өзбекстан Үкіметі жағдайды өз пайдасына оңтайлы пайдаланып кетті. Бұрын Қа­зақстаннан ұн алатын өзбектер енді тек бидай сатып алуды мақсат еткен. Қазір Өзбекстан жылына 3 миллион тоннадан астам қазақ бидайын импорттап отыр. Осылайша, жыл сайын бидай өсіруге миллиардтап субсидия салатын Қазақстан бидайды қайта өңдеуге Өзбекстан мен Тәжікстанға беріп, ал елдегі ұн өндірісі қысқарып кетті. Соңғы үш-төрт жылдан бері өзбектер біздің бидайды арнайы өз­дерінде тартатын диірмендер салып алған. Бидайды тартып, өзінің ішкі нарығымен қамтып қана қоймай, Ауғанстан мен Тә­жікстанға жөнелтіп жатыр. Осылайша, біз­дің соңғы сату нарығымызды да ием­деніп кетті. Қазақстандық астық пен ұн өндірушілер үшін Өзбекстан транзиті үшін тарифті бірнеше есе қымбаттатып жіберді. Ал бидайды арзанға сатып алады. Біз астықты елде өңдеудің тиімді екенін тү­сінеміз. Өйткені комбинаттар жұмыс іс­теп, адамдар жалақы алады. Инфрақұ­рылым дамып, салық төленеді. Ұн тартқан соң малға қалатын кебегі болады. Өңделген өнімнің құны да жоғары болады. Пре­зидент Жолдауда өңделген өнім экспортын ұлғайтуды тапсырған. Ал министрліктегілер керісінше істеп отыр. Ұн өндірушілерге көлік шығындары өтелетін, енді оны да алып тастады», – дейді Астық өңдеушілер одағы вице-президенті Таисия Колегова.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсыныспен шектелген Шаруалар вагон бағасының қымбат­шылығы мен Өзбекстан тарапынан шы­ғынға ұшырағанын айтып шырылда­ға­нымен, салаға жауапты Ауыл шаруашы­лығы министрлігі мәселені шешуде аса қауқар қыла қоймаған. Министрлік атал­ған мәселеде өзбектерге транзиттік та­сымалға тарифті төмендетуді ұсынған хатпен шектеліпті.
«Қазақстанның азық-түлік жеткізу көлемін ұлғайту мақсатында Өзбекстанмен екіжақты тарапта қазақ ұнын Өзбекстан арқылы транзиттік тасымалдау кезінде тарифті және қосымша вагондарды рәсім­деу, тапсыру сияқты қосымша алымдарды 20 АҚШ долларына төмендету мәселесін қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар Өзбекстанның Қазақстан тауарларына талабын қайта қарап, яғни экспорттық және импорттық өнімдерге тең шартта қарау ұсынылды. Сондай-ақ Ауыл ша­руашылығы министрлігінің агроөнер­кә­сіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті тарапынан Еуразиялық эконо­микалық комиссияға Кеден одағы аума­ғында карантинге жатқызылған өсімдік өнімдерін енгізу кезінде Өзбекстанның фитосанитарлық қызметіне ұқсас импорт­тық карантиндік рұқсатты енгізу туралы мәселені қарастыру жөнінде хат жол­дан­ды», – делінген Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің берген ресми жауабында.
Ақмола облысындағы жағдай жайлы облыстық Ауыл шаруашылығы басқар­масынан білмек болдық. Шаруалардың жайы бақылауда екенін айтқан басқарма басшысы жақын арада мәселенің шешілуі тиіс екенін алға тартты.
«Облыста арнайы аталған бағытта жедел штаб жұмыс істейді. Жуырда ва­гон­дардың жеткіліксіздігі және қымбаттауы бойынша астық өңдеушілер, диірменшілер және «Астық Транс» компаниясы дирек­торының орынбасары, облыстық темір жол бөлімі бастығының қатысуымен ар­найы жиын өткіздік. Түйінді мәселе бо­йынша олар бағаны тұрақтандыруға уәде берді. Арнайы хаттама толтырылды. Бар­лығы дұрыс болуы тиіс», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Серік Балжанов.
Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы вагондардың қымбаттауы мен жеткілік­­сіздігіне байланысты осы уақытқа дейін еш­бір кәсіпкерден шағым түспегенін жеткізді.
«Облыстық Ауыл шаруашылығы бас­қармасы жедел штаб құрған. Негізінен, ҚТЖ мен вагон иеленген компаниялар элеваторларда вагондардың ұзақ уақыт тұрып қалатындықтан, вагондар кешеуіл­дейтінін жеткізеді. Дегенмен облыс кәсіп­керлерінен аталған мәселе бойынша осы уақытқа дейін кәсіпкерлер палатасына еш­бір шағым түскен жоқ», – дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы дирек­то­рының орынбасары Гүлден Темірғалиқызы.
Бағаның өсу себебін білу үшін «Қа­зақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен вагондарға ие еншілес компанияларға арнайы хат жөнелттік. Теміржол компа­ниясы вагондардың жеткілікті екенін, сондай-ақ сұраныстың да жоғары екенін мәлімдеді.
«2022 жылдың 9 айында астық тасы­малы былтырғы деңгейде, яғни 6,5 млн тонна болса, оның ішінде 2% өсіммен 5 млн тоннадан астамы экспортқа шыға­рылды. Экспорттың негізгі проблемасы кво­талау (сәуір-қыркүйек) болса, шек­теулер алынып тасталғаннан кейін, 15 қыр­күйектен бастап айдың екінші жар­тысында 500 мың тон­надан астам астық жөнелтіліп, осылайша «кейінге қалды­рылған сұраныс» тиеудің қоюлануына және парктің Қазақстапн шегінен тыс жерлерге шығарылуының күрт артуына әкеліп соқты. Вагондар ҚТЖ меншігінде емес бәсекелі ортаға түскен. Негізінен, «ҚазТеміртранс» акционерлік және «Ас­тық Транс» компанияларының меншігінде. Вагондарды жөнелтушілер мен меншік иелері арасындағы қатынастар теміржол­дың қатысуынсыз шарттармен реттеледі. Жүк жөнелтушілердің жүктерді біркелкі тиемеуі және бос меншікті жылжымалы құ­рамды жеткізуі әсер етсе, бұл жекелеген өңірлерге вагон ағынының қоюлана тү­суіне әкелді. Сондай-ақ Қазақстан аумағы бо­йынша вагон ағыны қозғалысының өзге­руіне әкеліп соққан көрші мемле­кет­тегі гео­­саяси жағдай ық­пал етті. Аталған мә­се­леде Ауыл шаруашы­лығы министрлігі, «Ата­мекен» ҰК, «Азық-түлік келісімшарт кор­порациясы» және «Қазақстанның ас­тық одағы» және Қаз­теміртранс» АҚ астық және ұн тасымал­дауды ұйымдастырудың штабы жұмыс істеп тұр», – дейді ҚТЖ ҰК және Қаз­те­міртранс АҚ берген ресми жауабында.
Ал астық вагондарының тағы бір ірі опе­раторы «Астық Транс» АҚ Ресей нары­ғындағы ұсыныстың жоғарылауы, ішкі тасымал құнының тиімсіздігі, қосалқы бөлшектердің қымбаттауы вагон құнының көтерілуіне әсер еткенін жеткізді.
«Вагон құнының өсуі жыл сайын желі­дегі вагондардың қозғалыс жылдамды­ғының төмендеуін өтемейді. Экспедитор клиенттен тек нормативтік мерзім құнын алса, іс жүзінде вагондар 20-40 пайыз ар­тық жүреді. Вагондардың құны Ресей нарығына қарағанда да 30 пайызға төмен. Жүк жө­нелтуші астық өндірушілер мен өңдеу­ші­лер вагон үшін емес, желі бойынша жүру мер­зімін көбірек ұзарту үшін көбірек тө­лейді», – дейді «Астық Транс» АҚ пре­зи­дентінің міндетін атқарушы С.Мосолкин.
Монополияларды реттеу комитеті вагон бағасына араласпайды Ал біз ресми хат жолдаған Антимо­но­полиялық комитет қазір вагондар опе­ра­торларының бәсекелестік нарыққа өткен­діктен, бағасының реттелмейтінін мәлім­деді. Тиісті органның мәліметінше, 2017 жылдан бері отандық жүк вагондарының саны жөнінен жіліктің майлы басына ие «ҚазТемірТранс» АҚ, сонымен қатар «Астық Транс» компаниялары бағаны мем­лекеттік реттеуден тоқтатылған.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» 2015 жылғы 29 қа­зандағы № 376-V ҚРЗ Қазақстан Респуб­ликасының заңына сәйкес, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап теміржол жүк жылжы­малы құрамын жалға беру жөніндегі қызметтерге және жабық вагондар опе­раторы мен платформалар операторының қызметтеріне бағаларды мемлекеттік реттеу жойылды. Сонымен бірге «Астық Транс» АҚ табиғи монополия және қоғам­дық маңызы бар нарықта қызмет көрсе­тетін субъектісі болып табылмайды, осы­ған байланысты бағаларды мемлекеттік реттеу аталған кәсіпорынға қолданыл­майды», – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Мирас Зеріпбаев.
 

P.S.

Сонымен, кезінде астық өндіруде сапасымен қоса көлемі жөнінен әлемде көшбасшы болған Қазақстанда бидайды өңдеу құлдырап барады. Бидайды миллион­даған гектарға егіп, миллиардтаған субсидия төленгенімен, ол көрші елдің экономикасын өрлетуге жұмыс істеп тұр. Мұнымен қоса, диқан қауымы мен диірменшілерге бидайы мен ұнын ішкі-сыртқы нарыққа шығаратын вагондардың қымбатшылығы мен жеткі­ліксіздігі жығылған үстіне жұдырық болған. Бағаны реттейді-ау деген тиісті құзыретті органдардың да теміржол компанияларына қауқары жетпейтін сияқты. Кәсіпкерлер саланы жемқорлық жайлағаны жайлы да әңгіме айтып қалды. Шырылдаған шаруа­лардың ащы зары жылдар бойы айтыл­ға­нымен, ушыққан жағдайдың қашан ретте­летіні белгісіз...

Ақмола облысы