Жан-жақты ынтымақтастық – орнықты дамудың іргетасы
Жан-жақты ынтымақтастық – орнықты дамудың іргетасы
474
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ Парламент депутатымен бірге ТМД Парламентаралық Ассам­блеясының іс-шараларына және Қазақстан мен Өзбек­стан Парламенттері Сенат­тары арасындағы Ынтымақ­тастық жөніндегі комис­сияның жұмысына қатысу үшін Өзбекстанға келген болатын. М. Әшімбаев Ассамблея кеңе­сі­нің отырысында сөйлеген сөзінде биыл Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық ететініне тоқталды. Сондай-ақ ол өзара мүдделі сала­лардағы іс-қимылды нығайтуға және ынтымақтастықты арттыруға бағытталған жұмыстың негізгі басымдықтары мен нәтижелеріне назар аударды. Сенат Төрағасы ТМД Сам­митінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық аясындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар жаңа бастама ұсынғанын атап өтті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев әріптестерін Қазақстанның ұсы­ныс­тарын қолдауға шақырды. Одан бөлек, парламенттік дипло­матияны одан әрі ілгерілетудің және ТМД елдерінің заң шығару­шы органдары арасындағы ынты­мақ­тастықты нығайтудың маңы­зын тілге тиек етті.
«Прагматикалық және өзара сенімділік бағытында бірлескен жұмысымызды дәйекті түрде жалғастыру өте маңызды. Біздің елдеріміздің ұлттық мүдделерін өзара құрметтеуге негізделген жан-жақты ынтымақтастық Достастық кеңістігінде ұзақ­мерзімді орнықты дамудың ірге­тасы екені анық. Бұл экономика­ның өсуіне және барлық мүше елдер азаматтарының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Дәл осындай форматта ТМД Парла­мен­таралық Ассамблеясы алаңын­дағы өзара іс-қимыл және диалог қалыптасады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері жөніндегі республикалық рефе­рен­думға халықаралық байқау­шылар тобын жібергені үшін ТМД елдерінің Парламент­аралық Ассамблеясы мен Парламент­теріндегі әріптестеріне алғыс білдірді.
«Қазақстан үшін бұл референ­думның тарихи маңызы зор болды. Референдумның нәтижесі Мем­лекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқым­ды конституциялық реформаларды бекіте түсті. Қазақстандықтар жү­йелі өзгерістер мен эволюция­лық дамуды қолдап дауыс берді. Конституцияға енгізілген түзету­лердің қабылдануы еліміздің билік институттарын қалыптастыру мен өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшуге жол ашады», – деген Мәулен Әшімбаев Достастықтың парламентшілерін биылғы 20 қарашада өтетін Қазақстан Рес­публикасы Президентінің мерзі­мінен бұрын сайлауына дайындық пен оны өткізу барысын бақылауға белсенді қатысуға шақырды.
Қазақстан Парламенті Сена­ты­ның Спикері Мәулен Әшімбаев Самарқант сапары аясында Өзбек­стан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен бірге екі ел Сенаттары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комис­сияның үшінші отырысына қа­тысты. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың бірқатар маңызды басымдығын, оның ішінде өңір­аралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту мәсе­лелерін талқылады. Мәулен Әшімбаев Комиссияның жұмысын аш­қан Мәулен Әшімбаев қазір Қа­зақ­стан мен Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген байланыс сындарлы және сенімді диалог құруға мүм­кіндік бергенін атап өтті.
«Бүгінде біздің мемлекет­теріміздің басшылары ынтымақ­тастық пен өзара іс-қимылдың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапарын бауырлас Өзбекстан елінен бастауы зор мәнге ие. Сондай-ақ 2021 жылғы желтоқсан айында Өзбекстан Президенті Шавхат Мирзиёевтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде біздің серіктестігіміз одақтастық қарым-қатынас дең­гейіне көтерілді. Біздің палата­ларымыз арасындағы Ынтымақ­тастық жөніндегі комиссия да белсенді жұмыс істеп келеді. Осы ретте комиссияның екі тең төраға­сының нәтижелі қызметін ерекше атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Екі елдің Парламент Сенаты­ның төрағалары комиссия жұмы­сын оң бағалап, қол жеткізілген жоғары сапа палаталар арасындағы өзара іс-қимылдың маңызын одан әрі арттыра түсетінін атап өтті. Отырыс кезінде сенаторлар Арал проблемасына, оның сал­дарын жоюға қатысты бірлескен жұмысқа баса мән берді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы және барлық әлемдік қоғамдастық Арал­дың құрғауын қазіргі жаһан­дық экологиялық проблемалардың бірі ретінде атады. Қазақстан мен Өзбекстан Арал өңіріндегі жағ­дайды айтарлықтай тұрақтан­дыруға мүмкіндік беретін тиісті шараларды және жобаларды іске асыруда. Бүгінгі отырыс кезінде біздің депутат әріптестеріміз Арал проблемасын шешу жолында Парламенттеріміз тарапынан атқарылатын бірлескен жұмысқа қатысты тың идеялар мен ұсы­ныс­тарын ортаға салады деп үміттене­міз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар комиссия оты­рысында сенаторлар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңір­аралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту, екі ел қалаларының бауырластық байла­ныстарын нығайту мәселелерін талқылады. Өз кезегінде Танзила Нарбаева парламентаралық ынтымақ­тастықты қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс жүргізген Қазақ­станға алғысын білдірді. Отырыста сайлауды бақылау жөніндегі мониторинг миссиялары кезінде халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен жұмыс барысы да сөз болды. Одан бөлек, 2021-2022 жылдарға арналған Пар­ламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы қорытындыланды. Кездесу соңында екі ел Пар­ла­ментінің өкілдері Арал проблема­сының салдарын жоюға, туризмді дамыту, су ресурстарын басқару, Орталық Азия өңірінде қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету және өзара іс-қимылдың басқа да өзекті ба­ғыт­тары бойынша жұмыстарға пар­ламентшілердің одан әрі қа­тысуын көздейтін ұсыныстар кешенін әзірледі.